Версия для печати

Әкімдердің есебі басталды Избранное

Среда, 16 Январь 2019 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2799 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Абай ауданы: тұрғындарды коммуналды мәселелер мазалайды

Шымкентте аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері басталды. Аудан басшылары өткен жылы атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндауда. 2018 жылға алғашқылардың бірі болып Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов есеп берді. Әкімнің халық алдындағы бірінші есептік кездесуі Қазығұрт шағынауданындағы №66 мектепте өтті.

DSC 7059

Есепті жиынға ауданға қарасты Қазығұрт, Құрсай, Айкөл тұрғын алабтарының тұрғындары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, әкімдікке қарасты дербес бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш жүргізіп отырды.
Бұхарбай Парманов күн тәртібі бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен аудандағы өзекті мәселелерге тоқталды. Аудан басшысы алдымен Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау бойынша 132 жиналыс пен іс-шаралар өткізіліп, 22500 адам қамтылғанын айтты.

– Санитарлық тазалық және көріктендіру жұмыстарына тоқталып өтсем, 2017 жылы 406 көшенің тазалығына 230 млн теңге бөлінсе, өткен жылы аудан аумағындағы 685 көшенің санитарлық тазалау жұмыстарына 255 млн 229 мың теңге жұмсалды. Бұл жұмысты 4 мердігер мемеме («Арнаулы автокөлік» ЖШС, «Бадам Тас» ЖШС, «Ақсемсер» ЖШС, «Айдынбек» ЖШС) атқарды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлер мен ішкі орамдық көшелердегі қураған талдарды бұтау, аулалардағы шөптерді ору жұмыстарына 55 млн 878 мың теңге бөлініп, 3 мердігер тиісті жұмысты орындады, - деді Б.Парманов.
Аудан әкімі инфрақұрылымды дамытуда электр энергиясы, ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша атқарылған нақты жұмыстарды баяндады. Аудан аумағында орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алабтарда ауыз сумен қамту көрсеткіші 84% құрайды. Қалған тұрғындар тасымалды және ұңғыма суын пайдалануда.
Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке үйлердің 82 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бүгінгі таңда аудан аумағын электр жарығымен қамтамасыз етуге 150 трансформатор орнатылған. Оның ішінде 113-і мемлекеттік болса, қалған 37 трансформатор жеке меншік еншісінде.

DSC 7125

Әкімнің баяндамасынан соң жергілікті тұрғындар жарыссөзге шығып, шешімін таппай келе жатқан мәселелеріне қатысты аудан әкімі мен жауапты мамандарға сұрақтарын қойды. Мысалы, Құрсай елдімекеніндегі бірнеше өзекті жағдайға аталған елдімекеннің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шерхан Бейсенбаев тоқталды.
– Құрсай тұрғындары көп жылдан бері электр жарығын жекеменшік трансформаторлардан алып келді. Біріншіден, электр жарығының сапасы төмен болса, кейінгі мәселе - тарифтің жоғары болуы. Қыста жарық жиі сөніп, қиналып қалып жатырмыз. Шағынауданда халық санының өсуіне байланысты мектеп, емхана және балабақша қажеттілігі туындап отыр. Спорт кешендері және балалар ойын алаңшаларын көбейтуді қолға алып, қоғамдық көліктердің жұмыс уақытысын қадағалап, олардың санын арттыруға ықпал етуіңізді сұранамын. Осы мәселелерді шешуде жәрдем берсеңіздер, - дейді Шерхан қария.
Тағы бір тұрғын Төлеген Доланов аудан әкімдігінің атқарып жатқан жұмыстарға оң бағасын берсе, Нұртөбе мешітінің бас имамы Жәміш Бердалы мектеп жасындағы жасөспірімдер арасындағы тәрбие мәселесіне көңіл аударуын сұрап, жалпы білім беретін мектептерде насихаттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып беруін сұрады. Дін саласының өкілі жастармен жасалатын қылмыстардың тыйылмай отырғанын айтты.
Ал Шәкір Аббасов есімді тұрғын Құрсайдағы Жаңақұрылыс көшесіне шағал тас төселгенін, жаңа электр жүйесі тартылып, қоқыс тазалау жүйесі өте жақсы жұмыс істеп тұрғанын айтты.
– Жұмыстар атқарылып жатыр. Кемшіліктер де жоқ емес, мәселен, спорт кешені ауыл тұрғындарына қажет-ақ, балабақша аумағында оған жер телімі бар. Екінші мәселе – №49 мектеп пен үлкен жолдың арасына асфальт төселсе. Сонымен қатар ауылымызда мүлдем құжатсыз жүргендер жеткілікті. Соған көмектесуіңізді сұрар едім, - деді тұрғын.
Ал ақжарлықтарды 10 жылдан бері шешімі табылмаған ауыз су мәселесі алаңдатса, құрсайлықтар «қоғамдық көлік, мемлекеттік трансформатор» қажет деген өтініш-тілектерін жеткізді. Әкімдік өкілдері бұл өтініштердің барлығы ескерілетінін және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған шаралар алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асатынын мәлімдеді.
Айта кетсек, қазіргі таңда Абай ауданында 322 911 адам тұрады. Бала туу көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға өскен.
Жиынға қатысушылар аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмысына оң бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тілеп тарқасты.