Баспасөз туры барысында журналистер әкімдік өкілдерімен су тартқан үйлерге кіріп, халықтың пікірін біліп шықты. Батыс және Ынтымақ-2 елді мекендеріндегі тұрғындар талай жылдан бері тіршілік нәрінен тапшылық көріп келгенін айтады. Өткен жылы қос елді мекенге мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-мен ұзындығы 151 шақырымды құрайтын ауыз су құбыры тартылып, бүгінде 10 мыңға жуық тұрғын таза сумен қамтылып отыр. Мұндағы халық бұған дейін ауладағы құдық және тасымалды суды пайдаланып келген.
– Батыс шағынауданында тұрып жатқанымызға алты жылдан асты. Бастапқы жылдары тұрғындардың ең басты қажеттілігі су болатын. Кейін суды тасымал арқылы тасып іштік. Шағынауданымызға 2020 жылы су құбырын тарту жұмыстары басталған. Өткен жылдың соңына қарай ауыз су толық келді. Енді бұл қиындық артта қалды. Мемлекеттік бағдарлама аясында тәулік бойы таза ауыз сумен қамтылдық. Ендігі өтінішіміз жекеменшік иелігіндегі көгілдір отыннан орталықтандырылған жүйеге көшсек, - дейді тұрғын Саттар Әшіров.
Ал салаға жауапты маман Әбілқайыр Бақытқалиұлы ауданда өткен жылы 8 елді мекендегі мыңдаған тұрғын тіршілік нәрімен қамтылғанын айтты. Қазіргі таңда құбырлар толық тартылып, тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Биыл Құрсай шағынауданында ауыз су құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осылайша, Абай ауданында биыл тасымалды су тоқтатылып, ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға жеткен. Сапалы ауыз суға қол жеткізген аудан азаматтарын бұдан бөлек, биыл сапалы қуат көзімен қамту мақсатында электр желісін тарту, көшені жарықтандыру және көшелерге асфальт төсеу, аялдамалар орналастыру жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
– Қазіргі таңда аталған елді мекендерде ауыз су құрылысы толық жүргізіліп, абоненттерге ауыз суды үйлеріне қосу жұмыстары аяқталды. Ал Игілік, Көкбұлақ және Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ шағынаудандарында электр жарығын тарту жұмыстары аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Аталған шағынаудандардың тұрғындары «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінен техникалық шарттарын алып, абоненттер электр қуатына қосылды.
Шалғайдағы шағынауданға ауыз сумен қоса көгілдір отын және жарық жүйесі де тартылуда. Бұл инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Қазіргі таңда Солтүстік Саяжай, Ынтымақ шағынаудандарына көгілдір отынның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. АГРС-3 станциясы алдағы ақпан және сәуір айларында іске қосылып, аудан тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етіледі, - дейді бөлім басшысы.