Әл-Фараби ауданының тұрғындары әз-Наурыз мерекесін атап өтті. Орталық саябақтағы мерекелік іс-шараға екі мыңға жуық тұрғын қатысты.
Наурыз-думан ардагерлердің бата-тілегімен, аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың құттықтауымен басталып, өнерпаздардың көңілге шуақ сыйлайтын концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Қала тұрғындары үшін Ж.Шанин атындағы драма театры әдет-ғұрыпты дәріптеген «Қыдыр ата», «Тұсау кесер» сахналық көрінісін ұсынды. «Наурыз», «Туған жер», «Айналдым елім», «Құсни Қорлан», «Ақбақай» сынды ән мен тыңдағанда тұла бойыңды шымырлататын «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлері мерекенің сәнін арттырды.
Балалар «Эльф» театрының ойын-сауығында көңіл көтеріп жүргенде, жастар жағы күш сынасты.
Мәдени іс-шараға аудан әкім аппаратынан бөлек, Халық банкі, Қамар қоры киіз үй тігіп, аудандағы 10 мектеп, 10 балабақша және 5 колледж қолөнер көрмесін тамашалауға келген көрермендерге ұлттық тағамнан дәм ұсынды.
Наурыз-көже, бауырсақ, палаудан ауыз тиген жергілікті халық мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, құттықтау тілегін арнады.