Версия для печати

«Камера 29 жылдан бергі серігім»

Пятница, 28 Июнь 2019 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2611 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Журналистің қаруы қалам болса, оператор Талғат ағаның камера деген «қаруын» қолына алғалы биыл 29 жыл толыпты.

IMG-20190627-WA0376

Еліміз егемендік алған жылдардың жаршысы, керегеміз кеңейіп, уығымыз нығая түскен шақтың жарқын куәгері, ширек ғасыр бойы телевизия саласында ақпаратпен біте қайнасып, бірігіп жатқан ағаның түсірген кадрлары «Оңтүстік» телеарнасының алтын қорында сақтаулы. Өз ісіне шын берілген шығармашыл жан бір мүлт кеткен кадр үшін уайымға түсетінін айтады.

Бұл журналистен кейінгі жаңалық жаршысына айналған телеоператор мамандығына тән қасиет болса керек. Бала жастан болашаққа даңғыл жол салып берген әкесінің себепкерлігімен бүгінде облысқа белгілі телеоператор болып қызмет етіп жүр.

– Камера – оператордың көзі һәм құлағы, - деп бастады әңгімесін Талғат Үркімбекұлы. – Түркістанда туып, Шымкентте өстім. Әкем Үркімбек Елеубеков сол жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетіне фототілші болып істеді. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет фотоаппарат ұстап, сыныптастарымды суретке түсірдім.

Мұны байқаған әкем ақ батасын беріп, осы салада маман атануыма тілеулес болды. Байділдә Қонысбек ағамыз 1990 жылы қыркүйек айында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасына телеоператор қызметіне қабылдаса, қараша айында телеарна ашылды.

Ол жылы облтелерадио комитеті еді. Келесі жылы Алматыға тәжірибе шыңдауға барып, онда жүзге жуық телеопреатордың арасынан Сарымса Қожагелді, Абай Омаров үшеуміз Мәскеудегі Бүкілодақтық телерадиохабарларын тарату қызметкерлерінің дәрежесін жоғарылату институтының корреспондент және телеоператорлардың бір жылдық толық курсынан өттік.

Сол кездері ұжымдағы ең жас оператор мен едім. Әкеммен қатар Сарымса Қожагелді, Абай Омаров, Құсан Азизов, марқұм Абай Заизов сынды аға буын жетелеп жүріп, маған ұстаздық етті. Солардан үйреніп жүріп, маман атандық.
Жастайынан тауда туып, таста өскен аға үшін бұл саланың орны ерекше. Мамандыққа деген махаббаты риясыз, еңбекке адал қасиетімен де көпке үлгі болып жүр.

Оның еңбегі бағалы, жұмысы құнды. Өзі айтпақшы, ең үлкен құрмет – телеарнаның 25 жылдығы тұсында алған ҚР журналистер одағы ОҚО филиалы Қарауылбек Қазиев атындағы сыйлық.

– Маған қайнаған өмірдің шынайы көрінісін көзбен көріп, кадрға алған ұнайды. Әр кез қоғамдағы болып жатқан әртүрлі оқиғаладың ортасында жүреміз. Түсірілімге барсаң, өзіңнен бір елі аттамай жаныңа серік болып жүретін әріптес журналистер болады. Түсірген кадрың тілшілердің жазған мәтінімен үйлесіп, көрерменің көңілінен орын тауып жатса, мен үшін қуаныш. Осы жылдар арасында жасаған жұмыстарым, телеарнаның алтын қорында сақтаулы, - дейді таспагер.

Білікті оператор бүгінде бір ұл, екі қызын өмірлік қосағымен бірге тәрбиелеп отыр. Телемаманның көрген қызықтары мен айтар әңгімесі де аз емес. Мамандықтың қызығы мен шыжығы мол. Осы саладан нәпақа тауып жүрген әріптестерін мерекемен құттықтайды.

– Ең алдымен өңіріміздегі қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге көңіл айтамын. Бұл күндер де өтіп, алда жақсылықтар күтеді деп сенемін. Ал ұжымдастарым мен БАҚ өкілдерін, барша әріптестерімді 28 маусым – бұқаралық ақпарат қызметкерлері мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде тыныштық болсын!