Шілде түскелі Шымкенттегі ауа райы +40 градусқа дейін көтеріліп, тіпті одан асып кетті. Жергілікті халық үшін аптап ыстықтан сақтанудың бірден бір жолы – суға түсу, шомылу.
Шомылу маусымының қызуына байланысты Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті судағы кешенді алдын алу іс-шараларын да белсенді түрде жалғастыруда.
Таяуда қаладағы адам көп жиналатын демалыс орындары – «Акварай» аквасаябағында және «Рахат-Бадам» демалыс аймағында қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Іс-шараға Шымкент қалалық ТЖД басшысының орынбасары, полковник Ерғали Бахаев жетекшілік етті.
Жедел-құтқару жасағы демалушыларға суда құтқарудың, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін жаттығу арқылы көрсетіп, түсіндірді. Ата-аналардың өтінішімен жас балаларға суда жүзудің қарапайым әдістерін үйретті.
Құтқарушылар Бадам су қоймасында күнделікті кезекшілікте болады. Биылғы шомылу маусымы басталғаннан мұнда қайғылы оқиға тіркелмеген.
– Қауіпті және шомылуға арналып жабдықталмаған су қоймаларында 200-ден аса тыйым салу белгісі орнатылған.
Сондай-ақ, біздің сала мамандары тыйым салынған аймақтарда полиция қызметкерлермен бірлескен рейдтерді жоспарлы түрде өткізіп отырады, – деді полковник Е.Бахаев.
Шымкенттегі жеке аквасаябақ иелері қалалық ТЖД және қала әкімдігімен 9 меморандумға қол қойған болатын. Сол келісім аясында бүгінде аз қамтылған отбасылардың 300-ден астам баласы бассейндер мен аквасаябақтарда тегін шомылып, демалуға мүмкіндік алған. Балаларға бұл бағытта демалыс ұйымдастыру жұмыстары шомылу маусымының соңына дейін жалғасады.