Еске салсақ, 2019 жылдың 9 қазаны күні жоғарыда аталған зертханада аурухана қызметкерлері құтылардың жарамдылық мерзімі өткен жапсырмасын алып, оны жаңасымен ауыстырып отырғаны туралы айтып, түсірілген видео əлеуметтік желілерге тарады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев бұл істі басты назарға алып, 10 қазанда тексеруді бастауға бұйрық берді.
Басқарма бастығының орынбасары Тимур Варзиловтың жетекшілігімен комиссия құрамында 9 білікті маман бактериологиялық зертханада бірқатар жайтты анықтады. Комиссия құрамына денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен бөлек құзырлы орган өкілдері де тартылды.
Комиссия тексеру қорытындысын шығарып, қалалық денсаулық сақтау басқармасы оны құзырлы мекемелерге ұсынды.
– Бұл препараттар науқасты емдеу үшін қолданылмайды. Ол тек бактерияларға зерттеу жүргізуге қолданылатын қоректік заттар. Дегенмен, саладағы мәселенің анық-қанығына жету барысына бей-жай қарамай, жан-жақты ойлап, ондағы қызметкерлерге де жанашырлық танытуды ескерткен азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Қандай шара қолданылатыны туралы алдағы уақытта хабарлаймыз, – деді басқарма басшысы.
Асхан Мархабайұлы бұл бағыттағы жұмыстар ашық өтетініне және ешқандай қызметкерге қысым жасалмайтынына уәде берді.