Версия для печати

«ТЕКТҰРМАС» – түркілерге ортақ қазына Избранное

Пятница, 27 Декабрь 2019 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3916 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жыр алыбының есімімен аталатын Жамбыл облысының тұрғындары өңірдің 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға еліміздің үшінші мегаполисінен де арнайы делегация құттықтап барды. Шымкенттік делегация құрамында мәслихат депутаттары, зиялы қауым, еңбек ардагерлері және БАҚ өкілдері болды.

DSC 6142

Айтулы датаны жамбылдықтар жаңа форматта өткізуді жөн көріпті. Аста-төк той-думанмен емес, өңірдің 80 жылдығына орай 80-нен астам нысанның ел игілігіне берілуі соның көрінісі. Атап айтқанда, Тараз қаласынан қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов пен танымал ақын К. Әзірбаевтың ескерткіші, сондай-ақ «Әуендер әлемі» мен «Даңқты спортшылар» алаңдары, жаңа Арбат ашылды. Шығыс стилінде салынған Арбат алаңында елімізде алғаш рет алып «Сағат» стеласы бой көтерген. Стеланың биіктігі – 40 метр. Ол шаһардың кез келген бөлігінен көзге шалынады.

Ел игілігіне берілген жаңа нысандардың ішінде шоқтығы биігі, тағлымы бөлек «Тектұрмас» этно-тарихи кешені. Талас өзенінің жағалауында орын тепкен кешенде Қарахан мемлекетін 40 жылдай билеген, Тараз өңірінің өркендеуіне үлес қосқан абыз тұлға Әулиеатаның еңселі ескерткіші алыстан менмұндалайды.

Тұғыртастың биіктігі - 8, ескерткіштің биіктігі - 13 метр. Ол Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің тарихынан сыр шертеді. Бұл кешеннің ашылуына 800-ге жуық адам қатысты. Облыс жұртшылығы атынан аймақ басшысы Асқар Мырзахметов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң бабалар рухына құран бағышталып, тағзым етілді.

Түстен кейін Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр жəне белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт сөз алып, облыстың мерейтойымен барша жамбылдықтарды құттықтады. Е. Садыр Жамбыл жұртшылығына Шымкент қаласының әкімі Eрлан Айтахановтың жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

Мерекелік шара соңында аймақ басшысы А. Мырзахметов қонақтарға алғысын білдірді, бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырып, марапаттады. Олардың қатарында жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде үздік жетістіктерге жеткен Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Дария Қожамжарова да бар.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.