Шымкент – инвесторлар үшін тартымды қала Избранное

Пятница, 27 Декабрь 2019 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1370 раз

Еліміздің бас шаһары – Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов баспасөз конференциясын өткізді. Онда шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 11 айда атқарылған жұмыстарды баяндап, мегаполисті дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

DSC 3349

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДА ӨРЛЕУ БАР

Ерлан Қуанышұлының айтуынша, 2019 жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімі - 16,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі - 5,5 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі - 15,3 пайыз, бөлшек сауда көлемі - 7,1 пайызға артқан.

– Шымкент – республикалық қала статусын алған соң қаланың іскерлік белсенділігі өсіп, халықтың санымен ғана емес, экономикалық қуатымен де қарқынды дамып келеді. Қала экономикасының орнықты дамуында өнеркәсіп саласының маңызы зор. Салада биыл 26 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 389 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлік санмен ғана емес, жаңа технологиямен жабдықталған сапалы өніммен де толығуда. Мәселен, «Рахат Шымкент» ЖШС-і Оңтүстік Кореялық компаниясының қаржысы есебінен құны 1,8 млрд теңгеге мармелад өндіру желісін іске қосты, – деді қала басшысы.

Шымкенттің экономикасына тартылған инвестиция туралы мәлімдеген Ерлан Қуанышұлы қалада жұмыс істейтін 2 индустриялық аймақтың жері 100% игерілгенін атап өтті. Яғни, аталған аймақтарда бүгінде құны 42 млрд теңгеге 67 жоба іске қосылып, 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 16 млрд теңге көлемінде салық түскен. Сонымен қатар, қала бойынша шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Қалаға инвестиция тарту мақсатында Сингапур, Түркия, Қытай, БАӘ, Ресей, Корея және Өзбекстанның әлеуетті инвесторларымен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде өзбек инвесторларының қатысуымен ағымдағы жылдың 5-желтоқсанында қаламызда бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Альянс» ЖШС (бұрынғы «Ютекс» АҚ) жіп иіру фабрикасы іске қосылды.

Осы жылдың соңына дейін 60 тонна, ал келесі жылы 6 мың тонна мақта-талшығы өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Екінші кезеңде бұрынғы «Меланж» АҚ-ы іске қосылады. Нәтижесінде жоғары сапалы тоқыма өнімдері Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей елдеріне экспортқа шығарылады. Бұл өз кезегінде елімізде өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттырады, – деп атап өтті Е.Айтаханов.

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АРТУДА

Баспасөз мәслихатында Шымкентте келер жылы аумағы 306 гектарды құрайтын үшінші жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы мен ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін аумағы 136 гектар болатын «Агроиндустриалды аймақ» құрылатыны мәлім болды.

Шымкент қаласында жаңа оқу жылынан бастап жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл жаңа мектеп құрылыстарын салуға инвесторларды тартуға мүмкіндік берді. Биылдың өзінде 5 мың орындық 11 жекеменшік мектеп ашылса, бюджет есебінен, 5 700 орынға арналған 9 мектеп құрылысы жүргізіліп, 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды 4 мектептің мәселесі шешілді. Ал алдағы үш жылда жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы 10 мектеп құрылысы жеке инвесторлармен бірлесе жүргізілмек.

Шымкентте ағымдағы жылы 14 га жерге жылыжай іске қосылған. Шаһар басшысының айтуынша, ағымдағы жылы қаладағы жылыжайлардың жалпы көлемі 183,5 га құраған. Сондай-ақ, 145 га жерге қарқынды бау егіліп, жалпы көлемі 708 га жеткен.

– Ауылшаруашылығы кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 2,9 млрд теңгеге субсидиялар берілді. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Агроиндустриалды аймақ» ашу жұмыстары басталды. Аумағы 136 га құрайды. Аталған аймақта құны 109 млрд теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылып, 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Маусымдық кезде 3 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде, - деді Ерлан Айтаханов.

Қала әкімінің сөзінше, келесі жылы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын аумағы 152 га жерге қарқынды алма бағы отырғызылады. Және құны 7 млрд теңгеге 30 га жерге өндірістік жылыжай салынады деп жоспарланып отыр.

«ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛАДА» ҚАЙЫРЛЫ ІСТЕР КӨБЕЙДІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бастамасын іске асыру мақсатында Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты еңбегіне сүйене отырып, Шымкент шаһарына қала әкімі «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынған болатын. Оны қала тұрғындары ерекше ықыласпен қолдады.

Шымқалада пилоттық режимде «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық электронды порталы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда портал арқылы 1246 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік заттарымен көмек көрсетілді. Демеушілердің есебінен жалғызбасты және көпбалалы аналарға 45 пәтер берілді. Игі іске «Сити Строй», «КазМедеоГранд», «Атамакен» корпорациясы, «А.Р.Т құрылыс», «Отау строй», «Канфар-Бюлдинг» ЖШС, «Ізгілік», «Василия», «Сайман» қорлары атсалысты.

Сонымен қатар, қалада 244 қайырымдылық іс-шара өткізіліп, 5519 жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар мен көмір тағы басқа да қаржылай көмектер көрсетілді. Әлеуметтік салада нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырылуда. Есепті кезеңде 35 мыңға жуық азамат (2018 ж. – 29 341) әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.

БИЛІК ПЕН БҰҚАРА АРАСЫНДА ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС ОРНАҒАН

Халықтың үніне құлақ асқан биліктің ұтары көп. Бұл ретте Шымкентте жергілікті билік пен қала тұрғындары арасында жүйелі байланыс бар. Мәселен, қала әкімі Ерлан Айтаханов халықпен кері байланысты күшейту үшін 32 рет жеке қабылдау өткізіп, 354 азаматтың арыз-шағымына жауап берген.

Шаһар басшысының айтуынша, жеке қабылдауда болған азаматтардың көтерген 338 мәселесіне түсіндірме берілген. Сондай-ақ, 16 шағым қанағаттандырылған.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Ашық әкімдік» құрылды. Осы жоба аясында әрі халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында орынбасарларым 1 мың 111 азаматты қабылдады. Сонымен қатар, қаладағы аудан әкімдері жеке қабылдауды күнделікті жүргізеді. Мәселен, 11 айда 298 рет жеке қабылдау өткізіліп, 883 азамат жеке қабылдауда болды, - деді қала әкімі.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» 100 ЖАҢА КӨЛІК БЕРІЛДІ

 DSC0745

Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерге тоқталған Шымкент қаласының әкімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда салада оңды динамика қалыптасқанын айтып, осы салада жүзеге асырылатын жобаларымен бөлісті. Қала басшысының айтуынша, ана өлім-жітімі 63,6 пайызға, қатерлі ісіктерден 4,6 пайызға, туберкулезден – 6,6 пайызға төмендеген.

– Денсаулық сақтау нысандарын дамытудың 3 жылдық жоспары қабылданды. Осының аясында жедел жердем қызметінің сапасын жақсарту үшін тозығы жеткен автокөлік паркіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 100 жаңа арнайы автокөлік берілді. Ол жерде бірыңғай «Колл-центр» іске қосылып, қызмет сапасы және бригаданың қысқа мерзімде жетуіне ықпал етеді, – деді Е.Айтаханов.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2 ірі жоба іске асырылды.

– Олардың бірі – «Медикер» заманауи медициналық орталығы. Бұл – қаладағы екі мемлекеттік емханалардағы жүктемені 20-30 мың адамға жеңілдетеді. Екіншісі - Қайтпас-1 шағынауданындағы 500 орындық емхана. Ол нысан келер жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, жеке инвестор есебінен 1000 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы басталады, – деді қала әкімі.

«DISNEYLAND» ҚАЙ ЖЕРДЕ САЛЫНАДЫ?

Шымкент қаласының әкімі «Disneyland» ойын-сауық бағының қай жерде салынатынын айтты.

– Диснейленд бойынша орын белгіленді. Балаларға арналған ойын-сауық бағы Бадам өзенінің жағасында салынады. Жоба құны – 20 млрд теңге. Сингапурдан келген инвесторлармен кездестік. Олар қазір істі бірлесе жүзеге асыратын инвесторларды іздестіріп жатыр. Келесі жылы мәселені толық шешеміз деген ойдамыз, - деді қала әкімі.

ЭЛЕКТР СТАНСАЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қалаға жаңадан қосылған 41 елдімекеннің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жұмыс жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 2020 жылы 8 тасымалмен су ішіп отырған 72 мың, жартылай қамтылған 9 елдімекендегі 38 мыңнан астам халық ауызсумен қамтылады.

Қала әкімінің айтуынша, 3 қосалқы стансаның және 13 елді мекенде электр желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңға қала аумағындағы 35 елді мекенде электр сапасы төмен. Келесі жылы аталған жобаларды іске асыру арқылы 40 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы электрмен қамтылады деп күтілуде.

– Газбен қамтуға келетін болсақ, қолданыстағы 2 АРГС-тің қуаттылығы жетіспейді. Қосымша 250,0 мың м3 сағатына құрайтын №3 АГРС салу қажет. Бүгінгі таңда, №3 АГРС құрылысының жұмыстары басталды. Табиғи газ қысымын көтерудің баламалы жолдары қарастырылып, келесі жылы «Сапақ Датқа» ауылынан ұзындығы 13,5 км, қуаттылығы сағатына 25,0 мың м3 құрайтын магистралды газ құбырын салу жоспарлануда. Бұл қаланың 2-3 жылдық қажеттілігін толық жабады, - деді әкім.

Ағымдағы жылы 43 көше күрделі, 39 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 90 км топырақ жолдарға тас төселді. 2020 жылы шалғайда орналасқан 40 елдімекеннің 80 негізгі көшелерін асфальттау жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық көлік жүргізу мәселесі қаралады. Елді мекендердегі 48 көше күрделі, 73 көше орташа жөндеуден өтеді және топырақ жолдарға толығымен тас төселетін болады. Қаланың 7 магистралды көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

590 ЖАҢА АВТОБУС САТЫП АЛЫНАДЫ

Брифингте шаһар басшысы мегаполистегі қоғамдық көлік мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы айтты.

– Біздің қалада қоғамдық көлікті күніне 650 мыңға жуық адам пайдаланады. 25 тасымалдаушы мекемеде 1 621 автобус бар. Олардың 60 пайызы ескірген. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл 300 жаңа автобус алынды, - деді қала әкімі.

Шаһар басшысы қаланың қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі қолданылатынын, арнайы мамандармен бірлесе жұмыс тобы құрылып, жол картасы бекітілгенін айтып өтті.

– Жоспарға сәйкес, қаланың көлік саласын дамыту схемасы әзірленеді. 2020 жылы 590 жаңа автобус алынады. Одан бөлек, келесі жылы қоғамдық көлік бағыттарын жаңа форматқа көшіру, заманауи диспетчерлік орталық құру, электрондық билеттендіруді енгізу жұмыстары жүргізіледі, - деді қала әкімі.

ЖАСТАРҒА – ЖАҢА БАСПАНА

DSC 3683

Сондай-ақ 2019 жылы қалада 2 847 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде жұмысшы жастарға - 904, көпбалалары отбасыларға - 450, халықтың әлсіз топтарына - 252 пәтер. Келесі жылы «Тұран» шағынауданында 4 496 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сондай-ақ, «Шымкент» ӘКК арқылы 5 493 пәтерлі 75 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 2020 жылы 1 016 пәтерлі 24 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында осы жылы 350 және 200 орындық екі студенттер жатақханасының құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орындық жатақхана салу жоспарлануда.

Елбасының тапсырмасымен жеке инвесторлардың есебінен Шымкентте жаңа әуежай терминалының құрылысы басталды, 2020 жылы аяқталады. Сонымен қатар, келесі жылы Темір жол вокзалының ғимараты қайта құрудан өтетін болады.

P.S.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында қала әкімі Ерлан Айтаханов Шымкенттің бүгіні мен келешегі жөніндегі қадау-қадау мәселелерді осылай жіліктеп берді. Қазақстандағы қуатты қалалардың біріне айналған Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік қарқыны мықты. Баспасөз конференциясында журналистер өздерін қызықтырған сауалдар бойынша толыққанды жауап алды.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.