2024-2025 эпидемиологиялық маусымында Шымкент қаласында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 инфекцияларының алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Қала билігі мен денсаулық сақтау мекемелері эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында жан-жақты жұмыстарды қолға алған.
Атап айтсақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен эпидемиялық маусымда халықты тұмаудан қорғау үшін 150 000 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Бұл вакциналар тәуекел тобына жататын тұрғындарға тегін егілді. Осылайша, қала халқының 12,36 пайызы иммундаудан өтті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Эпидемиялық кезеңге дайындық аясында медициналық мекемелер қосымша ресурстармен де қамтамасыз етілген. Жедел жәрдем қызметі үшін 93 жаңа телефон нөмірі қосылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Қосымша 69 автокөлік жұмылдырылып, ЖРВИ және тұмауға шалдыққан науқастарға 417 төсек-орын дайындалды, оның ішінде 360 орын жұқпалы аурулар ауруханасында.
– 2024-2025 жылдың эпидемиологиялық кезеңінде тұмаудың нақтыланған 151 жағдайы тіркелсе, өткен 2023 жылдың эпидемиялық маусымында тұмаудың нақтыланған 124 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық 1,2 есеге жоғарылаған. Тұмау емес вирустарды зерттеу нәтижесінде анықталған 46 жағдайдың 21-і оң нәтиже көрсетті. Анықталған вирустар арасында парагрипп, риновирус, аденовирус және респираторлық синцитиалдық вирус сияқты инфекциялар бар. Сонымен қатар, COVID-19-дың 2 жаңа жағдайы тіркелген. Қазіргі елді алаңдатып отырған метапневмовирус анықталмады. Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы бірқатар инфекциялық және паразитарлық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы тұрақтылығымен сипатталады. Дегенмен, кейбір аурушаңдықтар жоғарылаған, ЖІЖА 35,7%, ботулизм 5 жағдайға., бруцеллез 4, көкжөтел 10, менингит 6 жағдайға өссе, іріңді менингит 3,6 есеге, ҚҚГҚ 1, жіті вирусты гепатиттер 43,96, ВГА 42,6, созылмалы вирусты гепатиттер 10,8 пайызға, тері лейшманиозы 3,11 есеге, эхинококкоз 19,94, тұмау 42,91 пайызға өсіп отыр, – дейді Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айгүл Тұрымбетова.
Тұмаудан эпидемиологиялық кезеңіне дайындық барысында 2024 жылғы 27 тамызда «Шымкент қаласында 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымда жедел респираторлық вирустық инфекциялар және коронавирустық инфекцияға қарсы санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы» мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасарымен бекітілген кешенді жұмыс жоспары жасалған болатын. Жоспарға сәйкес, қала дәрігерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында медицина қызметкерлерімен 4 семинар өткізіліп, оған 368 дәрігер қатысты. Олардың барлығы эпидемиологиялық ахуал кезінде инфекцияларды анықтау, алдын алу және емдеу бойынша арнайы дайындықтан өтті. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдарда бетперде режимі енгізіліп, кіреберісте ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастар үшін медициналық ұйымдардың аумағында және ғимаратында тиісті көрсеткіштері бар «сүзгілерді» ұйымдастыру және жабдықтау, медициналық ұйымдарда температуралық режимді қамтамасыз ету, тұмау, ЖРВИ және COVID-19 көріністері, олардың асқынулары (пневмония) бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларды күнделікті патронажды, уақтылы емдеуге жатқызуды қамтамасыз ету, үйде шақыруларға бірінші кезекте қызмет көрсету, медициналық ұйымдарда дезинфекциялық режимді күшейту шаралары да іске қосылған.
2024 жылы Шымкентте кейбір инфекциялық аурулар бойынша өсім байқалды. Жедел ішек инфекциялары 35,7 пайызға, вирусты гепатиттер 43,96 пайызға артқан. Тұмау жағдайлары да 42,91 пайызға көбейіп, әсіресе жүкті әйелдер мен балалар арасында ауырғандар саны артқаны байқалады. Жалпы алғанда, 2024 жылдың эпидемиологиялық маусымында ЖРВИ бойынша 32 893 жағдай тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға төмендегені байқалды. Ауырғандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік» дей келе мамандар, тұмаумен ауыратын адамдармен қарым-қатынастан аулақ болуды, сондай-ақ жеке гигиена ережелерін сақтауды, қолды мұқият жуу, салауатты өмір салты ережелерін сақтау, көп сұйықтық ішу, үй-жайларды желдету, бөлмелерде жиі ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу, кездескен кезде құшақтаудан, сүйісуден, кір қолмен бетті ұстаудан аулақ болуды ескертеді.
Денсаулық сақтау саласының мамандары алдағы уақытта да халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарды жалғастырады. Халықты вакцинациялау, ақпараттық түсіндіру және медициналық қызметтің сапасын арттыру арқылы эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету негізгі міндет болып қала береді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА