Шымкент қаласындағы Дінмұхаммед Қонаев атындағы мектептің ашылғанына тура бір жыл болды. Осы уақыт аралығында мектеп оқушылары аудандық, қалалық және республикалық пән олимпиадаларында көзге түсіп, білім ұясының атын елімізге таныта бастады. Осынау жан жадыратар жаңалықты естіп, аталмыш мектепке арнайы барған едік.
«Озық һәм озат болуға ұмтылатын оқушыларымыз көп»
Заманауи үлгіде жаңаша жобамен бой көтерген еңселі ғимараттың табалдырығын аттағаннан-ақ жайлылық сезіледі. Көлденең жатқан кең фойенің ортасына қойылған жұмсақ жиһаздар жоғары сынып оқушыларының сабақтан тыс уақытта, үзіліс кезінде тынығып, бір-бірімен әңгімелесуіне өте ыңғайлы. Үш қабаттан тұратын зәулім мектеп құрылтайшының қаражатына салынған, жекеменшік болғанымен, мұнда оқушылар мемлекеттік білім беру стандартына сай тегін білім алады. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жасалып, жабдықталған бірнеше блок бар. Айталық, бастауыш сынып оқушылары түске дейін бірінші қабатта сабақ оқыса, түстен кейінгі уақыттарын төменгі қабатта орналасқан арнайы аймақта өткізеді. Бізді қызықтырғаны, сол жердің еденіне балалардың жүгіруіне қауіпсіз материал төселген. Ойын баласы қанша дегенмен жүгірмей, секірмей тұра алмайды ғой. Осы жағынан алғанда бұл да өте дұрыс ойластырылған дүние екен дедік.
Айтпақшы, білім ошағында төрт қабырғасына тұз жабыстырылған тұзды бөлме де бар. Онда суық тиген балалар медбикеге барып, журналға тіркеліп, бірнеше күн ем қабылдай алады. Қысқасы, бұл мектепте оқушылардың білім алып қана қоймай, үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін де дамытуына барынша жағдай жасалған.
– Оқу ғимаратының балалардың көңілінен шығатындай дәрежеде болуы олардың білімге деген құштарлығын арттыра түсетіні сөзсіз. Біз басқа мектептерден осы және өзге де бастамаларымызбен ерекшеленеміз, – дейді мектеп директоры Қазыбек Қашқабаев.
Қазыбек Қашқабаев білім саласында 22 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. «Білім-инновация» мектептерінде жұмыс істеген. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған. Қазіргі таңда ол өзінің бар күш-жігерін мектеп оқушыларының білімді әрі саналы азамат болып өсуіне жұмсап жатқан басшы. Айта кетейік, Д. Қонев мектебі 3400 оқушыға арналған. Аумағы 3 гектар жерді құрайды. 28 мың шаршы метрге құрылыс жүргізілген.
– Бұл мектепті ашудағы мақсат өңірдегі үш ауысымдағы білім ұяларының мәселесін шешу болатын. Өзімізге көршілес орналасқан №132, 130, 80, 70, 72 мектептерден 200-400 оқушыны ала отырып, ондағы үш ауысымды білім беру мәселесін түбегейлі шештік. Былтырғы жылдың қаңтар айында сабақты 1 111 оқушымен бастаған болсақ, бүгінде олардың саны 2600-ден асып жығылады.
Мектепте бір мезгілде 600 бала тамақтанатындай үлкен асханамыз, 600 орынды АКТ залымыз бар. 2 футбол алаңы мен 1 жылы спорт зал қарастырылған. Алты гимнастикалық залы жұмыс істейді. Химия, биология және физика пәні лабораторияларымыз мемлекеттік стандарттарға сай жабдықталған. 3 компьютер сыныбының әрқайсысында 24 бала компьютерді еркін пайдалана алады.
Біз ұзартылған білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары таңғы сағат 8-де келіп, таңғы ас ішеді. Сағат 9-да сабақ басталады. Одан кейін сағат 14.00-ге дейін мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша білім алады. Тамақтанып болғаннан соң оқушылар өздерінің қалауы бойынша қосымша сабақтарға, үйірмелерге қатысады. Сөйтіп, сағат 16.00-де үйлеріне қайтады.
Мектебімізде озық һәм озат болуға ұмтылатын оқушыларымыздың қатары артып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. «Алтын ұямыздың» ашылып, жұмыс істей бастағанына көп уақыт бола қоймаса да үздіктеріміз өздерінің білімдерін білім сайыстарында дәлелдей бастады. Биыл мектеп оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасы қашықтықтан өткізілді. Шымкент қаласындағы «Дарын» орталығының базасында ұйымдастырылған білім бәйгесіне аудандық, қалалық кезеңдерден іріктелген 47 оқушы қатысты. Солардың ішінен екі оқушы жүлделі орындарды иеленіп, қаламыздың абыройын асқақтатты. Оның бірі – біздің мектебіміздің 10 сынып оқушысы Ару Өмірбек. Ол лингвистика бағытында ағылшын тілі пәні бойынша бақ сынап, жүлделі 2 орынды жеңіп алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік, – дейді мектеп директоры.
«Бізде креативті жобалар жетерлік»
Білім ұясындағы 2600 оқушыға 180 ұстаз дәріс береді. Олардың 80 пайызын жастар құрайды. Одан бөлек әртүрлі қызмет атқаратын
60 қызметкер бар. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Фатима Ешназарова жаңа мектептің оқушыларға беретін мүмкіндігі мол екенін айтады.
– Құрылтайшымыз Лазизхан Сүлейменовтің «мектеп біліммен ғана шектелмеуі керек» деген сөзін басшылыққа алып отырып, тәрбие жұмыстарына да көбірек көңіл бөлудеміз. Мәселен, бірінші және жетінші сынып оқушылары күнделікті бір сағат уақыттарын кітап оқуға арнайды. Мектеп директорынан бастап, орынбасарлар мен ұстаздар да сол уақытта кітап оқимыз. Өткен жыл қорытындысы бойынша біз 1 миллион бет кітап оқыған екенбіз. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табуда.
Балалардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында баспаханаларға ұдайы тапсырыс беріп, қажетті кітаптарды алдырудамыз. Сонымен қатар, қаладағы Әл-Фараби кітапханасымен келісімшартқа отырдық. Соның негізінде балалар QR арқылы өздерін қызықтырған кітаптардың электронды нұсқасын көшіріп алып, онлайн түрде оқитындай жағдай жасадық.
Өзіңіз де байқаған боларсыз, мұндағы мұғалімдердің басым бөлігі жастардан тұрады. Жастар бар жерде креативті ойлар, жобалар көп болады. Мен де ұстаздық жолды таңдағаннан кейін осы салаға бар күш-жігерімді салып, тәжірибемді шыңдаудамын. Мектепте әр аптада әртүрлі іс-шараларды өткіземіз. Ол үшін алдын ала ұлттық құндылықтарға негізделген тақырыптарға таңдау жасаймыз. Атап өтер болсақ, өткен аптаны біз ризашылық білдіруге арнадық. Мектепте еңбек ететін барлық қызметкерлер, ұстаздар және оқушылар бір мезгілде фойеге жиналып, өздері жылулығын сезінген, қолдауын көрген адамдарға алғыстарын айтып, жұлдызша тақты. Былай қарап отырсаңыз, мұндай іс-шара тараптардың бір-біріне деген ықыластарын арттырады.
Осы аптада «Кел, дос болайық!» деген тақырыпқа таңдау білдірдік. Оқушыларға қызыл жіп таратып бердік. Олар өздері жақын достық қарым-қатынас орнатқысы келетін сыныптастарының, жоғары сыныптарда оқитын аға-әпкелерінің, іні-қарындастарының қолдарына сол қызыл жіпті байлап, «Мен сенімен дос болғым келеді, кел, менімен дос бол» дейді. Бұл да оқушыларды жақындастырып, бір-біріне қамқор, жанашыр дос болуға шақырады.
Тәрбие жұмысына жаңа серпін беретін осындай бастамаларды іске асырудың нәтижесінде мектебімізде ұстаздар мен оқушыларға жайлы орта қалыптастыруға тырысудамыз. Біз ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олар балаларының заман талабына сай келетін білім ұясында оқып, білікті ұстаздардан тәлім алып жатқанына қуанышты екендіктерін жиі айтады. Әкелер мен аналар академиясының әр жиынында психологтар мен педагогтар «Өз балаңды танып біл» тақырыбында өтпелі кезеңдегі балалармен сөйлесудің, олардың мінез-құлқында туындаған қиындықтарды шешудің жолдарын айтып, кеңес береді, – дейді Фатима Ешназарова.
Мақаланы жазу барысында тұзды бөлмеге жауапты медбике Ділдара Артықбаеваны да әңгімеге тарттық. Ол мұнда салқын тиіп, тұмаурата бастаған балалар сабақтан тыс уақытта келіп, арнайы журналға тіркеліп, бірнеше күн ем қабылдай алатынын айтады.
Мектептегі мұражай – тарих шежіресі
Аса көрнекті мемлекет қайраткерінің атын арқалаған мектепте биылғы ең үлкен жаңалық – мұражайдың ашылуы болды. Оны Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Әлтеев Бауыржан Ілімшаұлы ашып беріп, мектеп ұжымының бастамасына ризашылығын білдірді. Аталмыш іс-шараға «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, мәслихат депутаты, «Мирас» БПҰ төрағасы, мектеп құрылтайшысы Лазизхан Низамханұлы бастамашыл болып, қолдау көрсетті. Сонымен қатар, мұражайдың ашылу салтанатына Алматы қаласынан арнайы «Дінмұхамед Қонаев» ұлттық қорының мүшелері мен қоғам қайраткерінің жеке медбикесі және бірге жұмыс істеген азаматтар келіп, мемлекет қайраткерінің өмірінен сыр шертті.
– Музейдің ашылуына Д.Қонаевтың жеке медбикесі болып жұмыс істеген Белгібаева Әлия Қуандыққызы түрткі болды. Әлия Қуандыққызы бізге осыдан бір жыл бұрын білім ұясы жаңадан ашылған уақытта келген болатын. Сол кезде мұражай ашу туралы ұсыныс жасап, оған өзінің қолындағы жәдігерлерді беретінін айтқан-ды.
Міне, содан бері осы мақсатта тарих және еңбек пәнінің мұғалімдерімен және кітапханашымен бірге жұмыс істедік. Жәдігерлерді, тарихи-танымдық дүниелерді бірнеше бөлімге бөлдік. Әлия Қуандыққызы Димаш атаның календарындағы суреттерді берді. Біз олардың көшірмесін жасап, өзімізге алып қалдық. Сонымен қатар, бірнеше кітабы мен атаның көзі тірісінде тұтынған заттарын жеткізді.
Қазіргі таңда тарихтан берер тағылымы мол мұражайда Димаш атаның көзілдірігі мен қол сағаты, иығына жамылған шапаны сақтаулы тұр. Қазақ ертеден ырымшыл халық қой, ата-әжелер немерелерін әкеліп, атаның көзілдірігін кизігіп, сағатын таққызып жатады. Мұражайдағы әрбір экспонат оқушыларға Дінмұхаммед Қонаевты жақыннан тануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта олардың қатарын толықтырып, мұражайдың мазмұнын байытуды мақсат етіп отырмыз, – дейді мұражай экспонаттарын жинақтаушы Ботакөз Мамытбекова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі аса маңызды мемлекеттік жобалаларға бизнес өкілдерін тартуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бизнес өкілдері мектеп ашу туралы келісімге қол жеткізген-ді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірнеше мектеп пайдалануға берілді. Ал, біз арнайы барған Дінмұхаммед Қонаев атындағы жалпы орта мектеп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» деген қағидасын негізге ала отырып, балаларды ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды етіп тәрбиелеуге басымдық беруде.
Жаңа мектептің жарқын жетістіктері әлі алда деп сенеміз.
Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ