Редакция таңдауы

Балалар денсаулығының бағбаны

Балаларға арналған «Балбөбек» газетіне татымды тақырып іздеп, кітапханаға жиі кіріп тұрамын. Сосын осы кітапханаға жиі келетін тағы бір кісі бар. Неге екенін, ол алғаш сырттай көрінгеннен-ақ жылы ұшырай берген. Бірде, кітап үлестіретін қыздың алдында қатар тұрып қалдық. Қарасам, оның қолында да балаларға арналған кітаптар бар екен. Содан оқырмандар залына өттік. Басқа жақта бос орындар болса да сол кісінің қасына қатар жайғастым. Бір жағы бала жүрегін ұғатын адам кездестіргеніме деген қуанышым да жоқ емес. Біз тез тіл табысып кеттік.

Манап Мұстафаұлы Досанов Алматыдағы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітірген екен.
– Апырай, мамандығыңыз кітап оқудан алшақтау екен дә?
Сұрағымның сипатын сезе қойған Манап бір күліп алды да:
– Жо-жоқ, бауырым, мен үшін балалардан қымбат ешкім жоқ! Өйткені, мен олармен күн сайын кездесемін. Олардың әрқайсысының жүзіне қарап тұрып, көңілдегісін табуым керек. Бұл үшін бала психологиясына арналған кітаптар көп көмек береді. Міне қараңыз, Қ.Платоновтың «Ойын-сауық психологиясы», Н.Кедрованың «Эмоциялар әліппесі», И.Чеснованың «Қалай есеюге болады?» деген кітабы бар. О, біз мұны «кітап» деп отырмыз. Шынына келгенде бұл – нағыз еңбек.
– Олардың жазғанын сіздің оқуыңыз да, одан алған әсерді тоқуыңыз да еңбек емес қой? Балаларға жақындаудың ең төте жолын тапқан-ақ екенсіз.
– «Жақындауды» айтасыз, мен еңбектің көкесін балалармен қоянқолтық араласып бастағанмын, – деген Манап бұл ортаға қалай келгенін әңгімелеп берді.
Өзбекстанның Жызақ облысына қатасты Фарш ауданындағы Қызылқұм совхозында өскен ол кәмелеттік жасқа толғанда білім іздіп Алматыға келеді. Жолы болып, Алматы медициналық институтына қабылданады.
… Осынау алғашқы әңгімеден кейін де қырық жылдай уақыт өтіпті.
Жуырда Манаппен тағы кездесіп қалдық. Күле амандасқан ол:
– Қазір де балалармен жұмыс жасап жатырмын, – деді.
Иә, алғашында Алматыдан диплом алып, Шымкентке берілген жолдама бойынша осындағы Балалар медициналық бірлестігінің №2 емханасына қатардағы педиатор болып орналасады. Содан 5-6 жыл өткенде дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында оқып, хирург мамандығын меңгереді.
– Өміріме әкем Мұстафаның: «Дарақ бір жерде көгереді» деген сөзін қағидат етіп ұстандым. Әйтпесе, білім жетілдіру институтында жүргенде айналамдағылар өз қасына тартпақ та болды. «Титтей балалардың ортасында не бар? Өзің дәрігер ғана емес, тым талантты жігітсің. Әншілігің де, қызыл тілге жүйріктігің де бар екен. Бізбен бірге жүр», – дегендердің ішінде Алматыдағы студент кезімде институттың «Медик» газетіне жариялаған өлеңдерімді оқығандар да табыла кетті. Десе де беріле қоймадым.
– Мен үшін жас буынның денсаулығын сақтаудан артық міндет жоқ! – дедім.
– Сол баяғыша кітаптармен сырласатын шығарсың?
– Әрине, онсыз бола ма? Жастау кезде тек оқулық, әдістемеліктерге жүгінетін едік. Қазір егде тартқан шақта әдеби шығармаларға ойыстым. Көңілің қатайып, іштей қартайып кетпеу үшін жасөспірімдерге, жастарға арналған шығармаларды жастанып жатып оқу керек болады екен.
– Қазір жастығыңыздың астында қандай кітаптар бар?
– Б.Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион», М.Мағауинның «Тазының өлімі», С.Мұратбековтің «Жабайы алма» деген кітаптарын қайталап жатырмын. Кейбір тұстары, шынымен-ақ, балғын шаққа алып кетеді. Ара-тұра шеттілді жазушыларды қараймын. М.Суркованың «14 жастан жоғары: кеңестер мен лайфхактар», А.Зотовтың «Ұлдарға қыздар туралы» секілді кітаптары маман ретінде аса пайдалы. Осылардың бәрі таңертең жұмысқа жап-жас көңіл күймен қатысуға көп әсерін тигізеді.
– Сонда…, сіз зейнетке шыққан жоқсыз ба?
– Әрине, әрине, зейнетке шықтық. Әйтсе де, Шымкент қаласында жаңадан ашылған «Сымбат-Нұр» ЖШС медициналық орталығына: «Жұмысын бастап беріңіз», – деп шақырған. Содан осында қалып кеттік қой. Оның үстіне, кезінде облыс, Шымкент қаласы әкімінің қолынан алған Алғыс хаттар бар. Астана қаласының 10 жылдығына орай төсбелгімен марапаттаған. Денсаулық сақтау саласының «Алтын дәрігер» белгісі бар. Осының бәрі үлкен міндет жүктегендей болып тұрды. Содан қазір орталықтың бас дәрігері ретінде жұмысты жалғастырып келемін.
– Мәке, міндет туралы жақсы айттыңыз. Биылғы жылды ел Президенті «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Жуырда республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында осыған арнайы тоқталып: «Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек», – деді.
– Өте орынды айтылған сөз. Жас ұлғайғанымен есептеспей, ел игілігіне еңбек етіп келеміз. Жұмыспен қатар шәкірт те тәрбиелеп жүрмін. Олардың алғашқысы өз қызым – Айдана. Ол елімізде медициналық мамандық алып, жуырда АҚШ-тың іргелі оқу орнынан білімін жетілдіріп қайтты. Бұл ретте халықаралық компанияда информатика бойынша жұмыс істейтін жұбайы Азаматтың, дәрігер мамандығымен зейнетке шыққан анасы Уайда Рахматуллақызының тигізген зор ықпалын айта кету керек шығар. Сондай-ақ, бүгінде Манкент ауылдық емханасында бөлім меңгерушісі болып жүрген Маржан Әбдікамалованы, «Сымбат-Нұр» медициналық орталығындағы Махмуд Сералиев, Ақбота Әлекеш, Ақтолқын Серікбаева, Рабиға Нұрбекова сынды жас дәрігерлерді өз істерінің білгірі ретінде мақтан тұтамын.
Осы сәт Манап Мұстафаұлының телефонына хабарлама келді де:
– Бізге егіз балалары бар ата-ана келіп тұр екен. Дәрігерлік көмек көрсетіп жіберейік, – деп орнынан тұрды.
Өзі айтқандай, ел игілігі, жас ұрпақтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтың, сергек көңілі мен әлі де тың қимылына қызыға қарап қалдық.

Атанбек НАУРЫЗ

Соңғы жаңалықтар