Редакция таңдауы

Жаңа қоныс – жайлы өмірдің бастауы

Шымкентте реновация бағдарламасы аясында тұрғындарға пәтер кілттері табысталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін тозығы жеткен 1 500 тұрғын үйді бұзып, орнына көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын салу және үй иелеріне жаңа пәтерлерді табыстау тапсырылған. Осыған орай Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы енгізілген.

Реновация – тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу бағдарламасы. Қала бойынша 100-ге жуық тұрғын үй ұсынылған. Тұрғын үйді бұзбас бұрын алдымен міндетті түрде тұрғындардың келісімі алынады. Тұрғындардың толық келісімін алған жағдайда ғана тұрғын үй сүріледі.
Жуырда Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасымен өткен жылы Көксай шағын ауданындағы тозығы жеткен үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге аса бастаған болатын. Бүгін осы ауданның тағы бір көп қабатты үйінде көптен күткен қуаныш. Дәл осы реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына жаңа пәтердің кілттері табысталды. Бұл жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.
Көксай шағын ауданы Жолдыбай Нұрлыбаев көшесіндегі №7 үйдің тұрғындарына Shymkent City шағын ауданындағы Green City тұрғын үй кешенінен замануи үлгіде салынған пәтер кілттері табысталды.
– Бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бүгінгі жаңа пәтерлер – тек баспана ғана емес, бұл – әрбір отбасының бақыты мен болашағына салынған инвестиция. Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Қаламызда мұндай жобаларды одан әрі жалғастырамыз, — деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Рәсім барысында жаңа пәтер иелері өздерінің қуанышымен бөлісіп, әкімдікке және бағдарлама ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізді.
– Көксай шағын ауданындағы бірнеше үй сүрілуге жататын нысандар тізіміне енгізілген. Бұл ғимараттар 65 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейді. Бүгін 7 пәтер иелері көшіріліп жатыр. Бағдарлама аясында бұзылған үйдің иесіне заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған жаңа абаттандырылған тұрғын үй кешенінен пәтер беріледі. Бұл бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың құжаттары 100 пайыз дайын болуы керек, — дейді Шымкент қаласы тұрғын-үй басқармасының басшысы Азат Исламов
Бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі кеңдеу, бөлмелері бірдей пәтер алады. Жаңа тұрғын үй кешеніне мердігер компания 7 жылға дейін кепілдік берген.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар