Редакция таңдауы

ЗАҢСЫЗ САЛЫНҒАН НЫСАНДАР БҰЗЫЛЫП ЖАТЫР

Шымкент қаласында заңсыз нысандарды сот шешімімен бұзу жұмыстары жүргізілуде. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан тексерудің нәтижесінде Ж.Адырбеков көшесі, 166/2 мекен-жайындағы 2 қабатты құрылыс заңсыз деп танылған. Сот шешіміне сәйкес, жер телімінің құрылыс салуға рұқсат құжаттары жоқ екені анықталған. Қазіргі уақытта меншік иесі бұзу жұмыстарын өз еріктерімен атқарып жатыр.

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжановтың айтуынша, жеке кәсіпкердің заңды құжаттары жоқ. Басқарма қызметкерлері зерделеу жұмыстарын жүргізіп, сотқа талап-арыз жолдаған.
– 2024 жылдың шілде-тамыз айларында осы нысанға тексеру жүргізіліп, айыппұл салынған болатын. Қыркүйек айында нысанды бұзу жөнінде сот шешімі шыққан. Жеке кәсіпкер Егембердиеваның жер теліміне құрылыс салуға рұқсат құжаттары жоқ. Тұрғындарды қамтитын кез келген жер телімінің құрылыс салуға сараптаманың оң қорытындысы болу керек. Жалпы айтқанда, кәсіпкерлік нысаны тұрғындардың өміріне қауіп-қатер төндірмеу керек, – дейді басқарма басшысы.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда қала бойынша 15 нысанға заңсыз деген қорытынды берілген. Оның бес нысанында демонтаж жұмыстары жүргізілді. Оның арасында Бас жоспарға сәйкес емесі, «қызыл сызыққа» енген нысандар бар. Сол себепті де, басқарма басшысы азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар