Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев пен қалалық мәслихаттың депутаттары бірлесіп тұрғындарға есеп беру кездесуін өткізіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар баяндалды. Бұл жиын халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының нақты көрінісі болды.
Рашид Мыңбаев өз баяндамасында жол жөндеу, абаттандыру, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жетілдіру және әлеуметтік нысандарды дамыту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтты. Әкімнің мәліметінше, соңғы жылда аудан көлемінде бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандар пайдалануға берілген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қала тұрғындарының өтінішін қанағаттандыру мақсатында 2024 жылы жалпы 58 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына аяқ жол салынған. Сондай-ақ, қаланың көркін аша түсіп, жаңаша келбет қалыптастыру мақсатында тұрғын үй басқармасы тарапынан бірнеше көпқабатты үйлердің қасбеттерін реттеу және әрлеу жұмыстары жүргізілген.
Кездесу барысында тұрғындар көше жарығы, қоғамдық көлік қозғалысы, су және кәріз жүйесінің сапасы, сондай-ақ тұрғын үй мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Әкім әрбір мәселені мұқият тыңдап, оның шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.
Рашид Мыңбаев халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, осындай кездесулер тұрақты түрде өтетінін айтты. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары ескеріліп, алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Бұл кездесудің нәтижесінде аудан тұрғындары өзекті мәселелерін тікелей әкімге жеткізіп, олардың шешілу барысы туралы толық ақпарат алды. Ал жергілікті билік өкілдері халықтың талап-тілектерін назарға алып, оларды кезең-кезеңімен орындауға уәде берді.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ