Шымкент әкімдігінің мәжіліс залында қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері ІІІ шақырылымның үш жылда атқарған жұмысын қорытындылап, есеп берді.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев, сондай-ақ, кеңес мүшелері қатысып, 2022 жылдан бастап осы күнге дейін атқарылған жұмыстарын саралады.
Жалпы, үш жылда қоғамдық кеңестің 43 жиыны өткен. Соның ішінде бір көшпелі отырыс, «Жастар арасындағы деструктивті діни ағымдар мен нашақорлықтың алдын-алу» тақырыбындағы бір «дөңгелек үстел», 3 рет Сенат депутаттарымен кездесу және 20 кеңесішілік жиын ұйымдастырылған екен. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты 28 басқарманың, жергілікті 5 құқық қорғау органы басшылығының жұмыс нәтижесі туралы ақпараттары тұрақты тыңдалған. Бұл кезеңде кеңес мүшелері 90 мәселе қарап, 33 хаттама түзсе, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 350-ге жуық хаттамалық ұсыным мемлекеттік органдарға жолданған. Соның ішінде 100-ге жуық нормативтік құқықтық акт жобасы қаралып, ұсынымдар мен қорытындылар ұсынылған. Ал, кеңес жанынан құрылған 5 тұрақты комиссия осы уақыт аралығында 24 жиын өткізіп, хаттамалық ұсынымдар жолдапты.
Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, қала әкімінің өзі де жыл басынан бері 2 рет қоғамдық кеңес отырысына қатысып, кеңес мүшелерімен кездесу өткізген.
– Қоғамдық кеңестің атқарған нәтижелі жұмысы көп. Мысалы, «Қызылжар» тұрғын үй алабындағы 148 тұрғынның өтініші негізінде, яғни қаланың бас жоспарына сәйкес жасалған елді мекен магистральды жолдың бағытын өзгертуді сұрауына байланысты кеңес мүшелері тиісті мемлекеттік орган мамандарын шақыртып, тұрғындармен кездесіп, бақылау жұмыстарын жүргізді. Оның қорытындысымен тиісті салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасарына хат жолданды. Нәтижесінде кеңес мүшелерінің ұсынылған қорытындысы ескеріліп, бас жоспарға өзгеріс енгізілді. Бұдан кейін қала тұрғынының тұрғын үй кезегінен заңсыз әрі негізсіз шығарып тастаған өтініші соңына дейін жеткізілді. Бұған қатысты Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасына ресми хат жолданды. Басшысына жеке хабар берілді. Сонымен қатар, кеңеспен меморандумға тұрған Шымкент қаласының «ЕуроАзиялық медиация орталығына» тұрғынға заң аясында көмек беруді сұрап хат жолданды. Мәселе оң шешіліп, тұрғынды қайта кезекке тұрғызып, үйлі болды, — дейді Қоғамдық кеңес төрағасы.
Кеңес мүшелерінің жеке ұсынысымен жүзеге асқан шаруалар да бар. Мәселен Назарбеков көшесінде соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары жиілеп кетуіне байланысты жол белгілерінің дұрыс орналастырылуына Жол басқармасы, ІІ департаменті өкілдерімен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілген. Тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданған. Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты сенімгерлік басқаруға берілген 3 мекемеге, яғни қалалық №2 емхана, №12 қалалық емхана және залалсыздандыру орталығына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Зерделеу нәтижесінде сенімгерлікке алған кәсіпкер тарапынан көптеген заңбұзушылықтар байқалып, қоғамдық кеңесте қаралған. Қала әкімінің атына ұсыныс хат жолданып, қалалық №2 емхана мемлекетке қайтарылыпты.
Ал осы кезеңде қоғамдық кеңес отырысына тұңғыш рет министрлік өкілдері онлайн қатысып, соның негізінде Үкіметтен бастап заң шығарушы органға ұсыныс хат жолданған. Жолданған ұсыныстарға түсіндірме жауап хаттар келіп, қазір кеңес мүшелері көтерген түйткілді мәселенің шешімі тарқатылып жатқан көрінеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қаладағы кездейсоқ қоқыс және санитарлық жұмыстар жүргізілетін орындарға кеңес мүшелері тарапынан қоғамдық эко-бақылау жүргізілген. Қоғамдық кеңес атқарған жұмыстары туралы есепті БАҚ беттері мен әлеуметтік желідегі парақшаларында да үзбей жариялауды әдетке айналдырғаны да айтылды.
Кеңес мүшесі Шалатай Мырзахметов Қоғамдық кеңес тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарын уақытында қарап, өздері де халық ішінде жүріп естіген, көрген мәселелерін тиісті орындарға жеткізіп жүргенін айтты.
Бұдан кейін шаһардағы мәселелердің шешімін табуға атсалысқан кеңес мүшелері әкімнің алғыс хатымен марапатталды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып, жұрттың мүддесіне жұмыс істеп жатқан Қоғамдық кеңестің жұмысына алғысын білдірді. Алдағы уақытта да қоян-қолтық жұмыс істеп, ел игілігі жолында азаматтық танытуға шақырды.