Сағұлова Назгүл Алдабергенқызы – ұстаз. Шымкенттегі М.Мәметова атындағы №35 мектеп директорының оқу тәрбиесі жөніндегі орынбасары қызметінен зейнетке шықты. Жолдасы Өскен Сағұлов — Ауған соғысының ардагері, екі «Қызыл жұлдыз» орденінің иесі. Жақында Назгүл Алдабергенқызы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Ерен еңбек иесі» «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Жас ұрпаққа білім нәрін сепкен мұғалімді 8-наурыз мерекесімен құттықтай отырып, ұстаз қаламынан өрілген жыр жолдарын назарларыңызға ұсындық.

ҰСТАЗ
Ұстаз болу жасымнан болған арман,
Ұстаздардан жаралғандай мына жалған.
Ұстаздар ғой білікті білім берер,
Ұстаздарда болады биік талғам.
Ұстаз деген ұлы есім, біле білсең,
Ұстазым, ақылшымсың, тірегім сен.
«Мектеп» атты білімнің ордасының,
Жарқырап жанып тұрған жүрегі сен.
Ұстаздың қымбат айтқан әрбір сөзі,
Бәрімізге қамқор болған жалғыз өзі.
Ұстаз деген-теңдесі
жоқ дара тұлға,
Ұстаз деген-білімнің қайнар көзі.
Ізденіп, талмай еңбек еткен жасынан,
Ұстаз деген білімді жан басынан.
Мен бүгін алғыс айтып, бас иемін,
Ұстаздарға шәкірттері атынан.