Редакция таңдауы

Жаңа өмірге ақ жол

Кішкентай алақандар. Анасының мейірімі. Сәбидің исі…
Шымкент қаласындағы №2 перинаталдық орталықта ерекше жылулық пен қуанышқа толы сәттер орын алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шара аясында қалалық ҚХА мүшелері жаңа туған сәбилерді перзентханадан салтанатты түрде шығарып, жас аналарға естелік сыйлықтарын табыстады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы әрдайым этносаралық татулық пен достықты нығайту жолында қызмет етіп келеді. Бүгінгі шара да – сол ізгі ниеттің көрінісі.

Перинатальдық орталыққа жиналған ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері жас аналарға қуаныш сыйлап, сәбилерге көрімдік беруді. Оларды үлкен өмірге ақ тілектермен шығарып салу.

Іс-шара барысында Наталья Романова, Тахирбек Нишанбаев, Гаухар Төлепова, Наира Мовсисян, Елена Папуциди бастаған этномәдени бірлестік жетекшілері сөз алып, жаңа туған нәрестелердің амандығын, олардың бақытты болашағын тіледі. Денсаулық сақтау саласының өкілдері де мұндай рухани қолдаудың жас аналарға қаншалықты маңызды екенін атап өтті.Шынында мейірбикелер де аналармен бірге қуанып жүр.

Сәбидің дүниеге келуі – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қуанышы. Өйткені әр жаңа туған бала – елдің болашағы, мемлекеттің ертеңгі тірегі. Көпұлтты халқымыз үшін осындай игі бастамалар қоғамдағы ынтымақ пен татулықты одан әрі күшейтеді.

Бүгін перзентханадан шыққан әрбір сәби өзімен бірге тек ана махаббатын ғана емес, тұтас елдің мейірімін де сезінді. Олардың өмір жолы нұрлы, болашағы жарқын болсын!

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар