Редакция таңдауы

ҚОС ТЕМІРЖОЛ ӨТКЕЛІ САЛЫНАДЫ

Биыл Шымкент қаласында Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдерінің құрылысы жоспарланған. Бұл жобалар көлік қозғалысын жеңілдетіп, кептелістерді азайтуға бағытталған. Екі теміржол өткелін салу үшін 26 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне қайтарылады екен. Қазір нысанның құрылыс белдеуіне түсетін бірнеше жеке меншік жер телімін мемлекет мұқтажына алу мәселелері шешілуде, ал, қалған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

– Қазір Тіленшин көшесіндегі темір жол өткелінің құрылысын салу үшін 18 жер учаскесіне мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы қабылданған қаулы бойынша жер учаскелері кезегімен мемлекет меншігіне қайтарылуда. Әрине, тұрғындардың бірі келіссе, бірі келіспейдіктерін білдіруде. Мысалы, Ұлағат шағын ауданы, Жүргенов көшесі №1/1 мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен онда орналасқан тұрғын үйді нарық құнымен 50 185 000 теңгеге бағалап, өтемақы ұсынылды. Жер иелері өтемақымен келіспейтіндіктерін білдіріп, жоғарыдағы құнынан үш есе құн талап етіп отыр. Осыған байланысты ҚР Жер кодексінің 88 бабына сәйкес, сотқа мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз беріледі, – дейді Шымкент қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмас Қамбаров.

Дегенмен, тұрғындар көлік қатынасын сағаттап тежейтін мәселенің дұрыс шешімін табатын болғанына дән риза.

Жоба аясында теміржолдың үстінен аспалы көпір салынып, бұл жол өткелі төрт жолақты және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолмен жабдықталады. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарықшамдар орнатылмақ. Екі жолақты жолдың жиегі бірнеше метрге кеңейтіледі. Бұл өткелдер облыс аумағынан қалаға қатынайтын көлік қозғалысын реттеп, тұрғындардың жолда өткізетін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар