Жыл мезгілінің өзгеруіне тікелей байланысты пайда болып отар, ферма, тіпті шаруашылық қойына, әсіресе биязы жүнді қойға таралатын, экономикалық зияны орасан зор паразитті ауру.
Қоздырғышы. Қой немесе ешкінің екі бүйіріне, сүбесі мен арқасына қоныстанып өніп-өсетін Псороптес овис кенесі. Кененің жалпы кескіні тасбақа тәріздес, түсі сары күрең, еркектері кішілеу, ұзындығы 0,4-0,6 мм, ені — 0,3-0,4 мм. 1, 2, 3-інші жұп аяқтары үш бөлікке бөлінген (сяжка) сорғыш табанмен аяқталады. Денесінің төменгі сыртында зәр шығару және жыныс мүшелері орналасқан. Ұрғашы кенелер үлкендеу, ұзындығы 0,5-0,82 мм, ені — 0,3-0,5 мм. Үшінші жұп аяғы сорғыш табанның орнына ұзын қылшықпен аяқталады. Личинкалары үш жұп аяқты, ұзындығы 0,19-0,81 мм, ені — 0,16-0,21 мм. Протонимфасы 4 жұп аяқты, ұзындығы 0,33-0,42 мм, ені — 0,22-0,33 мм. Ал телеонимфа сатысы 4 жұп аяқты, дене құрылысы, үлкендігі сақа кенелермен пара-пар.
Өсіп-өнуі. Кенелер тек қой мен ешкінің терісінде ғана тіршілік ете алады. Тері қызуы 31-34°С болса кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туады. Олардың жұмыртқадан сақа кенеге дейінгі өсу мерзімі 16-20 тәулік, ал қолайсыздау жағдайда бұл мерзімнің 50 күнге дейін созылуы мүмкін. Еркек кенелер ұрғашыларынан 2-3 күн бұрын толысып жетіледі де, олармен телеонимфа сатысында шағылысқаннан кейін 3-4 күн өткенде сақа кенелерге айналып жұмыртқалай бастайды.
Жұмыртқалар мал терісіне сумен, тіпті сілті ерітіндісімен де жуылмайтын ерекше желімдік затпен жабыстырылады. Осылайша 3-4 ретте бір кене 60-қа дейін жұмыртқа салады. Жұмыртқалар 3,5-6,5 тәулікте личинкаға, 4-6 тәулікте протонимфаға және 4-6 күннен соң телеонимфаға ауысып, 3-5 тәуліктен кейін сақаяды.
Сақа кенелер және оның сатылары қой денесінің күн сәулесі еркін түспейтін, ылғалды жерлерінде (тері қатпалары, көз үсті ойығы, шабы) ұзақ сақталады. Қоздырушы кенелер денеге дарымаса, олардың тіршілігі сыртқы ортаның жылуы мен ылғалдығына тікелей байланысты болады. Мәселен жылылығы 5-9°С, ылғалдылығы 79-80% қорада телеонимфалар 17 күн тіршілік етсе, жағдайы дәл осындай күресіндерде 36 тәулік сақталады. Сыртқы ортаның ауасы 5°С болған жағдайда кенелер қорада, жайылымда 7 тәулік тіршілік етіп, жазда 3 жетіге дейін сақталады.
Қыста немесе жаз айларында қотырмен ауырған мал тұрған қораларда 2 айдан соң тіршілікке бейім кенелер қалмайды.
Эпизоотологиясы. Қотыр ауруы мал ұстаудың санитарлық-гигиеналық ережелері сақталмаған шаруашылықтарда пайда болады. Ауру барлық қойды түгел қамтиды, дегенмен биязы, биязылау жүнді тоқтылар, тұсақтар тез шалдыққыш келеді. Ауру көбінесе күз, қыс айларында өршиді, оның өрістеуі мен етек алуының негізгі себептері ауа райының жылылығына, ылғалдылығына, қой жүнінің біркелкі өсуіне, мал терісінің физиологиялық жағдайына байланысты. Солтүстік аймақтарда (Солтүстік Қазақстан, Қөкшетау, Қостанай, Орал облыстары) — қотыр ауруы август-сентябрь айларында байқалады да, күздің аяғы мен қыстыкүні бүкіл малды қамтиды. Егер қой арық, авитаминоз болып, ауруға қарсы тұру күші төмендесе, онда қотыр ауруы асқынып, ушығады.
Көктемгі қырқымнан соң аурудың өршуі бәсеңдеп, мал сақаяды да терінің қалың қатпарларында ғана некен-саяқ қарақотырланған орындар қалады. Бұл қотыр ауруы түгел жазылмаған, бірақ кенелердің уақытша өсіп-жетілуін тоқтату кезеңі. Қотырмен 2-3 айлық қозылар да ауырады. Қой қотырының басқа малға залалы болмайды, дегенмен қоздырушы кене көпке дейін иттің, аттың, өгіздің, түйенің немесе қорада кездесетін әр түрлі кемірушілердің денесінде сақталып, қайтадан қойға ауысуы мүмкін.
Жаздыкүні мал өрісін ұзақ уақыт ауыстырмай, шөп тұяқкесті болса, қайталанба суықтар, жауын-шашындар болып тұрса таулы немесе тау етектеріндегі шаруашылық малының жаппай ауыруы мүмкін.
Аурудың көзі — ауырған немесе деңесінде Р. овис кенесі бар қойлар. Ауру сау малға қотыр қойды оқшауламағанда немесе шопан мен басқа да мал күтушілер арқылы жұғады. Кейде бұрын ауру мал ұсталған қораларға 2 ай толмай қой кіргізгенде немесе бір ай болмай ауру мал жайылған өріске қой жайғанда шығады. Сондай-ақ кененің жұмыс көліктері, иттер денесінен де ауысуы мүмкін.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Ұрғашы кенелер ұрықтанған соң қоректенуі жоғарылайды да тері эпидермисіне жұмыртқалай бастайды. Ол үшін тұмсығымен теріні сөл бөлу қабатына дейін тесіп, аққан лимфаны сорады. Кененің тері үстінде жорғалауы, тесуі терінің сезгіш рецепторларын тітіркендіріп, қышытады. Бұл — ең бірінші қышыма ретінде байқалуы. Одан әрі қышыған жерлерін мал қатты заттарға үйкелейді, тұяғымен қасиды немесе тісімен тістелейді. Тері жарақаттанып, суланады да ылғалдылығы артып кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туады. Кененің сілекейі немесе денесінен бөлінген заттары жараға түсіп мал денесіне сіңеді де тітіркендіріп, аллергия пайда болуына әкеп соғады.
Кененің мал терісін жарақаттауы басқа да залалды микробтардың қоныстануына мүмкіншілік жасайды. Тері жарақаты күннен күнге көбейеді, ұлғаяды, малдың дамылсыз қышынуы, қасына беруі, кене қалдықтары немесе түскен микробтардың денеге тарауы, терінің қатпарланып ісінуі малдың бүкіл денесінің физиологиялық табиғи тіршілігін бұзады. Мал ұйықтаудан қалып, жеген азығы қорытылмайды. Қаси бергендіктен мал денесінің жүні түсіп, қызылшақаланады да көбінесе суық тию, өкпе қабыну салдарынан өледі.
Сақа қой арасында қотыр кенесі түскен соң ауру 2-4 жетіден, қозыларда 1,5-2 айдан кейін байқалады. Ауру жіті, созылмалы, жасырын түрде кездеседі.
Қотырдың жіті түрінде — ең басты белгі терінің қатты қышуы. Осыған орай ауырған мал діңгек, қашаларға сүйкеніп, жарақаттанған жерлерін тістелеп немесе аяқ, мүйіздерімен қасып мазасызданады. Қасынған жерді қарағанда тері үстінде суға толы ұсақ бүртіктер мен бөртпелерден сарғыштау сұйық бөлініп кеуіп, шетінен қайызғақтанып үгітілгені көрінеді. Мұндай жерде мал жүнінің ұйысып қалғаны, қайызғақ қатпарларымен қоса оңай жұлынатыны байқалады. Кейіннен осындай жарақаттанған жерлер біріне-бірі ұштасып, мал денесі жалаңаштана бастайды. Ауырған мал әлсірейді, тез арықтайды, кейде өліп те қалады.
Аурудың созылмалы түрімен көбінесе қозы ауырады. Терінің алғаш жарақаттанған орнының жүні ұйпалақтанады. Бірақ қышуы саябырлайды. Қайызғақ қатпар болмайды.
Күз түсе күн суытып, ауаның дымқылдығы молайғанда жас малдың жүні қалыңдайды. Кене де емін-еркің өсіп-өніп қыс кезінде кәдімгі сақа мал қотыры етек алады.
Аурудың жасырын түрінде малдың көз үсті ойығында, шабында немесе күн сәулесі жақсы түспейтін тұстарында терінің сәл қалыңдап қайызғақтанғаны байқалады. Мал көп мазасызданбайды.
Қотыр иммунитеті — жете зерттелмеген.
Өлекседегі өзгерістер. Қой өлексесі өте арық, боп-боз, бас, мойын, аяқтарында ғана жүн сақталып, басқа жағы қызыл шақа. Сойып қарағанда ішкі дене мүшелеріндегі өзгерістер арықтап өлген малда болатын өзгерістер сияқты.
Ауруды анықтау. Ауруды қотырдьщ өзіне тән клиникалық өзгерістері мен лабораториялық тексерудің қорытындысы (әсіресе жасырын түрінде) арқылы анықтайды.
Ол үшін дүдәмал малды ұстап жотасын, қос бүйірін, арқасын, басын көреді. Егер терінің жарақаттанғаны байқалса, онда скальпельмен 2-3 жерден қырынды алады. Қырындыны (әр қойдан бөлек) пробиркаға салып, резина тығынмен мықтап жауып, жолдама қағазға шаруашылықтың, ферманың, отардың, қойдың номері, қырынды алынған күнді көрсетіп лабораторияға жөнелтеді. Әкелінген тері қырындысын лаборатория жағдайында төменде көрсетілген әдістердің бірімен зерттейді.
Тері қырындысын қара қағаздың үстіне салып астынан (электр плитасы, электр шамы, стаканға құйылған ыстық су) 25-30 градусқа дейін жылытады. Ыстыққа шыдамаған кенелер қимылдай бастайды. Оны қара қағаз үстіндегі ұсақ ақ нүктешелердің қозғалысынан байқауға болады.
Қырындыны Петри табақшасына салып, қақпағын жабады да аударып, 10-15 минут жылу көзіне қояды. Осы уақыттан соң Петри табақшасын қайта аударып қақпағын алады да микроскоппен қарайды. Табақшаны басқа қақпақпен жауып, қайтадан жылу көзіне қояды. Осылайша 2-3 рет қайталайды.
Егер қырындыда қатты қатпарлар болса онда оны инемен ажыратып, 10 проценттік натрий сілтісі немесе ҚОН бар пробиркаға 20-40 минут салып қояды. Содан соң бір тамшыдан алып жапқыш әйнекпен жабады да микроскоп жарығын қараңғылап тексереді.
Қырынды бар сілті ерітіндісін центрифугамен айналдырып, тұнба тамшысын микроскоппен қарайды.
Қырындыны әйнекке салады, үстіне керосин тамызып, екінші сондай әйнекпен жабады да, саусақпен қысып, микроскоппен қарайды.
Кенелерді, олардың личинкасын немесе нимфаларын байқаған жағдайда ауру түбегейлі анықталады. Егер табылмаса тері қырындысын сол ауырған малдан жетісіне бір рет алып бір ай бойы тексереді.
Егер кене, оның личинкасы немесе нимфасы бір қойдың тек бір қырындысынан табылса онда отар түгел ауру деп есептелініп, емделеді.
Емі. Ауырған мал араға 10-15 күн салып қой тоғыту ванналарында гамма-изомері бар гексахлоран эмульсиясында тоғытылады. Эмульсия жасауға: 50 проценттік гамма-изомері бар гексахлоран, 96-100 проценттік гамма-изомерлі линдан, 6 проценттік гамма-изомерлі гексанин немесе гексатал, 16 проценттік минерал майлы эмульсия, 6 проценттік гамма-изомерлі ТАП-85 және фенолсыз таскөмір креолині қолданылады. Жазда қой жылы, ашық күндері, ал қыста жылы қораларда тоғытылады. Жұмысқа қолданылатын эмульсияларды сол жерде, боғытар алдында ғана дайындайды. Оны мол жасап келесі күнге қалдыруға болмайды. Өйткені ол жарамайды. Бұл эмульсияда гексахлоранның гамма-изомері 0,03% болуы шарт.
Препарат суға ерітіледі (жұмсақ). Ақырындап араластырыла отырып ванна толтырылады. Ваннадағы эмульсия ерітіндісі 18-20°С жылы болуы керек.
Тоғыту кезінде қолданылатын судың сапасы анықталынады. Ол үшін қолданылатын гексахлоран препаратынан 0,03% ерітінді жасайды да, мөлдір әйнек ыдысқа құйып үй температурасында, қозғалмайтындай етіп 10 сағатқа қалдырады. Осы уақыт өткен соң ерітінді сүт түстес қалпын жоймай, ыдыс түбінде болар-болмас жұқа сұрғылт майлы тұнба түссе онда судын таза болғаны. Егер эмульсияның түсі өзгерсе, ыдыс түбіне түйір-түйір едәуір тұнба түссе, мұндай эмульсияға қой тоғытуға болмайды. Бұл жағдайда эмульсияның не себептен жарамсыз болғанын анықтау керек. Ол үшін эмульсияны дистилденген немесе жауын не қар суына жасап 10 сағатқа қалдырады. Егер осы уақыттан соң эмульсия бәрібір өзгеріске түссе онда қолданылатын препараттың жарамсыз болғаны.
Шаруашылықтарда қойды жаппай тоғыту басталар алдында жасалынған эмульсияның улылығын тексерген жөн. Ол үшін отардан үш арық, үш орташа, үш семіз қойды (барлығы он) кішігірім тоғытпаға тоғытады да, бір тәулік бойы байқайды. Ешқандай улану белгілері білінбесе жаппай қой тоғытуға рұқсат етіледі. Егер арық қойлар уланса, онда мал тоғытуға рұқсат етілмейді.
Гексахлоран ерітіндісіне 3 айға дейінгі қозы, ауру және арық мал тоғытуға тыйым салынады. Мұндай малды жеке-жеке емдейді.
Қой қырқымы өткеннен кейін 3-5 күн өткен соң тоғыта беруге болады. Өте ыстық немесе жауын-шашынды күндері қой тоғытуға тыйым салынады. Егер тоғытылған мал жаңбырға ұрынса, онда 10-15 күннен соң қайта тоғытылуға тиіс. Саулық қойларды ұрықтандыруға 15 күн қалғанда немесе ұрықтандырудан 15 күн өткен соң ғана тоғытуға рұқсат етіледі.
Етке өткізілетін малды гексахлоран ванналарында тоғытуға, оны союға 2 ай қалғанда ғана рұқсат берілсе, сауылатын саулықтарды тоғытуға тыйым салынады. Ондай саулықтарды 2,5 проценттік фенолсыз креолин ерітіндісіне (35-38°С) араға 7-10 күн салып 2 рет тоғытады.
Малды тоғытар алдында 10-12 сағат тынықтырады. Тоғытуға 4-5 сағат қалғанда иіріп тастайды, жемшөп бермейді, ал 1-2 сағат қалғанда міндетті түрде суарады (тоғытқан кезде дәрі ерітіндісін жұтпас үшін). Тоғытпа ваннада әр мал 60 секундтан артық болмауға тиіс. Ерітіндіге түскенде және шығар кезде әр қойдың басын эмульсияға 1-2 сек батыру керек. Тоғытылған қой үстінен эмульсия түгел ағып кеткенше, яғни 10-15 минут ваннаның шыға беріс алаңында ұсталынады да өріске шығарылады.
Ерітіндінің бастапқы көлемін әрбір қырқылмаған 200-400, ал қырқылған 300-500 мал өткен соң 0,06 проценттіқ гексахлоран-креолин эмульсиясын қосып, толықтырып отырады.
Тоғыту аяқталған соң қалған ерітінділерді арнайы шұңқырпарға немесе сіңіру құдықтарына ағызып жібереді.
Суық кездерде ауырған, әлсіреген және буаз саулықтарды акродекс немесе циодрин (аэрозольмен) тұманымен, 6-12 проценттік гексахлоран дустымен жел ызғарынан қалқаланған, еденіне тақтай төселінген жылы қора, лапастарда емдейді. Қойды еденге жығып, терісінің жарақаттанған жерлеріне аэрозоль шашады, немесе РХЦГ-ның эмульсиясын шеткаменен жағады да сыртынан дуст себеді. Мал денесінің басқа жерлерін аталған препараттармен арасына 10 күн салып 2 рет әр 10 см сайын жүнін ашып емдейді. Дустпен емделген малды 2-3 сағат таза ауада ұстаған соң кең, жақсы желдетілетін қораларға ауыстырады.
Дустпен, гексахлоранмен жұмыс істеуші адамдарға көзәйнек, қолғап, дәкеден жасалған ауа сүзгіш, арнаулы киім беріледі. Жұмыс аяқталғаннан соң арнайы қиімдерді қағып-сілкіп, сабынды суға қайнатады. Еденге түскен дустты мұқият тазалап, арнайы шұңқырларға төгеді.
Тұмандатқыш аэрозольді баллондар қолданғанда олардын 50 градустан артық қызып кетпеуін, күн көзінде немесе отқа жақын қалмауын қадағалап, әсіресе ауыз, мұрын, көз кілегей қабықтарына шашылуынан сақтаған дұрыс.
Ауру малды қыс кезінде циодринді аэрозольмен емдесе дустпен емдеуге қарағанда ыңғайлы, тиімді және емдік мүмкіншілігі жоғары.
Неоцидол — құрамында әсер етуші 60% диазион бар кенелерді улау мүмкіншілігі жоғары препарат. Ол түссіз немесе қызылдау майлы сұйық, сумен қосылғанда ақ түсті сұйық ерітіндіге айналады. Ерітінді ашық ауада немесе есік-терезесі еркін ашылатын қораларда жасалынады. Қотырдың алдын алу үшін малды күзде және көктемде бір реттен, ал емдеу үшін арасына 10 күн салып 2 рет тоғытады. Сауын малын емдеуге болмайды. Әр 300 қой тоғытылған сайын ваннада қалған әрбір тонна ерітіндіге 60 проценттік неоцидолдың 150 мл ерітіндісін құяды.
Мал тоғытылған соң алғашқы бір тәулік бойы қой бақылауда болады. Егер уланғандай белгі білінетін болса онда әрқайсысының тері астына 100 кг тірілей салмағына 5 мл есебімен 1 проценттік атропин ерітіндісін жібереді.
Неоцидол эмульсиясына тоғытылған малды тек 20 күн өткен соң ғана союға болады.
Неоцидолмен жұмыс істегенде арнаулы киімдер: халат, көз, әйнек, резинка етік, қолғап, А маркалы противогаз қолданылады да, тамақ ішуге, темекі тартуға тыйым салынады, жұмыс біткен соң арнаулы киімдерді шешіп, бас-көзді сабындап жуады. Эмульсия даярлауға қолданылатын ыдыстарды сода араластырылған сабын ерітіндісімен шайған дұрыс.
Неоцидолды жабық ыдысқа салып құрғақ, адам тұрмайтын үйлерде сақтайды. Әр ыдыстағы неоцидолдың қанша әсерлі күші бар екенін көрсету керек. Препаратты тағамдармен, жем-шөппен бірге сақтауға, тасымалдауға болмайды.
Аурудан сақтандыру шаралары. Мал дәрігерінің рұқсатынсыз қораға немесе өріске малды топтап, иіре беруге тыйым салынады. Қотыр ауруы байқалған отарлардан қой немесе күш көлік малын ауыстыруға болмайды. Қойды жазғы жайылымға шығарған соң, комплекстер, базалар, қоралар, қой қамайтын алаңдар, т. б. тазаланып кенелерге қарсы қолданылатын акарицидтермен зарарсыздандырылады. Мал тезегі, қи кептірілген соң арнаулы орындарда сақталынады. Карантин уақтысы біткен соң жоғарыда көрсетілген акарицидтердің бірінің эмульсиясымен бір рет тоғытылады.
Қой жайлауға шығарда немесе жайлаудан қайтқан соң бір рет тоғытылғаны дұрыс. Қотырдан ең соңғы қой жазылғаннан кейін бір жылдан соң ғана басқа отарға, шаруашылыққа мал ауыстыруға болады, немесе басқа шаруашылықтарға міндетті түрде беретін қой болса, онда оларды 2 ай оқшаулап бағып, мал дәрігерінің байқауынан өткізіледі.
Қотыр ауруы байқалса немесе күмән туса ондай қойды де реу оқшаулайды да, барлық малды мұқият тексереді. Дұдамал қойлардың денесіндегі жарақаттан қырынды алып, лабораторияға жібереді. Ауырған немесе күмән туғызған малды екі рет емдейді. Алдын алу шаралары толық жүргізілу үшін жұмыс, көлік малын және иттерді де дәрілейді. Ауырған малға жеке өріс, суат бөлінеді. Ауру мал мен сау малды бірге жаюға, бірге суаруға немесе басқа отармен араластыруға болмайды.
Қотыр ауруы байқалған қораларға бейсауат адамдардың келуіне тыйым салынады.
Қотырмен ауырған немесе одан айыққан отар қойын жеке қырқады. Қой қораларын, қашар, алаңдар тазартылып, зарарсыздандырылады. Қотыр шыққан отардан қырқылған жүнді де жеке үйлерде сақтап, қос қабат кенеппен буып, белгі салынады.
Келесі жылдары қыс мезгілінде қотыр байқалмаса, бұл отар қотыр ауруынан түбегейлі жазылды деп саналады.
Б.Лесов, ОҚҒЗВС-ның меңгерушісі
Г.Қалыбай, ОҚҒЗВС-ның кіші ғылыми қызметкері