Қазақ даласы – небір ержүрек баһадүрлерді дүниеге әкелген қасиетті мекен. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жанын шүберекке түйіп, туған жердің бір уыс топырағы үшін жан аямай шайқасқан ерлердің арасында Кеңес Одағының Батыры, Түркістанның топырағынан түлеп ұшқан Сейітқасым Әшіровтың есімі ерекше аталады. Өйткені, ел ішінде «Арбакеш бала» атанып кеткен ол отанына деген сүйіспеншілігін ерлікпен дәлелдеген азаматтардың бірі болды.
Сейітқасым Әшіров 1924 жылдың 6 шілдесінде Түркістан облысы Отырар ауданы, Арыстанбаб кесенесінің жанындағы Қоғам ауылында дүниеге келген. Бұл – ашаршылықтың азабын тартқан, елдің еңсесі түскен ауыр кезең еді. Балалық шақтың бал дәмін тата алмаған Сейітқасым ерте еңбекке араласып, елдің тұрмыс тауқыметіне кішкентайынан мойынсұнды. Жасөспірім шағында-ақ колхоздың арбасын айдады. Ел басына күн туғанда от кешуге дайын ерлердің сапынан табылуға ұмтылды. Ол кезде мұның жасы небәрі 17-де еді. Содан ба, майданған шақырылғандардың тізімінде оның аты-жөні кездеспеді. Өзінен үлкен екі ағасы Мұратбек пен Сейітбек алғашқылардың бірі болып Отан қорғауға аттанды. Бауырларын Темір бекетіне дейін барып, шығарып салды. Өкініштісі сол, олар қан майданнан қайта оралмады…
Елде қалған еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін жұмысқа жегілді. Сейітқасым да күн – түн демей Қоғам ауылы мен Темір бекетінің арасында арбасын айдап, ауыл шаруашылығының жұмысына белсене араласты. Бірде тылдағы тракторларға жанармай жеткізуге бара жатса, енді бірде қора-қопсыдағы малға жем-шөп тасыды. Осындай елгезек мінезі мен табандылығы үшін оны ауыл жұрты еркелете «Арбакеш бала» атап кеткен еді.
1942 жылы Қоғам ауылындағы қолына қару ұстар азаматтардың соңғы легіне Арыс әскери комиссариатынан шақырту қағазы келді. Сейітқасым Әшіров 18 жасқа толған күні Самарқанд аймағына қарасты Қаттақорған қаласындағы жаяу әскери училишенің әртүрлі мамандар даярлайтын бөліміне жіберілді. Жас сарбаз ондағы барлаушылар бөлімінде үш ай оқып, Беларусь майданының 96 атқыштар дивизиясындағы 331 полктың құрамында жауынгерлік жолын бастады. Кейіннен Смоленск бағытында барлаушы болады. Оның табандылығы көптеген әскери тапсырмаларды сәтті орындауға мүмкіндік берді. Жауға қарсы ұрыста ерлігімен көзге түсіп, аз ғана уақыттың ішінде взвод командирі қызметіне дейін көтерілді.
Полтава қаласын азат ету шайқасында көрсеткен батылдығы үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған Сейітқасым Әшіров кейіннен Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ ордендеріне де ие болады. 1944 жылы Белоруссияның Заболотье ауылында жау тылына жасалған барлау кезінде көрсеткен ерлігі аға сержанттың батырлық шежіресіндегі ең жарқын сәттердің бірі болды. Тек үш жауынгерден құралған топ 20-дан астам фашисті жойып, бірнеше техника мен тұтқындарды қолға түсіріп, тапсырманы мүлтіксіз орындады. Осы ерлігі үшін 1945 жылы 24 наурызда Сейітқасым Әшіровке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді. Бұл марапат – қазақ жауынгерлерінің қайсарлығын, батылдығын әлемге әйгілеген бірден-бір белгі еді.
Сейітқасым Әшіров соғысты 1945 жылдың 3 мамырында Бірінші Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауында аяқтады.
Соғыстан келген соң Сейітқасым Әшіров бейбіт өмірдің берекесін кіргізуге бел шеше кірісті. Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. Жұмыс істеп жүріп Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, заңгерлік мамандықты меңгеріп шығады. 1951-1957 жылдар аралығында Қызылқұм аудандық сотында халық судьясы болды. Әрі сол жылдары Самарқанд қаласындағы ауыл-шаруашылық институтының Ветеринар және зоотехник мамандығын сырттай оқып бітіреді. 1958 жылдан бастап Шардара ауданына қарасты «Шардара», «Қаракөл», «Көксу», «Қой» кеңшарларында бас зоотехник, кеңшар басшыларының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті арқасында көптеген кеңшарлар дамудың жаңа белесіне көтерілді.
Әрине, Сейітқасым Әшіровтың осынау еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Жиырмадан астам орден-медальмен марапатталды. Сейітқасым Әшіров жұбайы Жәмиламен 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, 2004 жылдың 1 шілдесінде 80-ге келгенінде дүниеден өтті.
Сейітқасым Әшіров Ұлы Отан соғысындағы және тылдағы ерліктері үшін жалпы саны 20-дан астам орден және басқа да түрлі медальдармен марапатталған. Беларуссия мемлекетінің астанасында және Милитоиль, Гомель қалаларында Сейітқасым Әшіровке арнап қойылған Құрмет тақтасы өткен күннен сыр шертіп тұр. 1980 жылы неміс фашистерінің Беларуссиядан азат етілуіне 35 жыл толуына орай Сейітқасым Әшіров сол кездегі Беларуссия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Машеровтан шақырту алып, сол елге арнайы барып қайтқан болатын. 1985 жылы соғыстың аяқталуына 40 жыл толуына орай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевтың қабылдауында болып, оған Шымкент қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйға тартылған-ды. Ал, соғыстың аяқталуына 50 жыл толғанда Мәскеу қаласында өткен салтанатты шеруге қатысып қайтты.
Бүгінде Сейітқасым Әшіровтың есімі Қоғам ауылындағы Қоғам орта мектебіне берілген. Шардара, Отырар аудандарының орталық көшелерінің бірі де Сейітқасым Әшіровтың есімімен аталады. Сонымен қатар, Шымкент қаласы Еңбек ауданы Леңгір тас жолы бойындағы үлкен көшеге де батырдың есімі берілген.
Айта кетейік, былтыр Сейітқасым Әшіровтың 100 жылдығы Түркістан облысы көлемінде кеңінен аталып өтті. Мерейтой қарсаңында батырдың ерлігі мен өмір жолы насихатталатын «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты кітап жарық көрді. Сонымен қатар, туған жерінде «Ер есімі ел есінде» деген ғылыми-практикалық конференция, ақындар айтысы өткізілді.
Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Сұрапыл соғыстың қаһарлы жылдарында ел үшін, кейінгі ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жан аямай шайқасқан батырларымыздың есімі халқымыздың жады мен жүрегінде мәңгі сақталады.
Дилара БИМЕНОВА