Шымкент қаласындағы 88 жыл тарихы бар Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін білімді мамандар даярлайтын «Киелі білім ордасы» деп бағалауға болады. Оқу ордасы сонау 1937 жылдан бастап шәкірт тәрбиелеп келеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылғы 3 қазандағы бұйрығымен оқу орнына мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілді. Жоғарғы оқу орны көп жылдық тәжірибе мен заманауи білім беру технологияларын сабақтастыра отырып, білім алушыларға өзекті әрі қажетті білім беру бағдарламаларын ұсынады. Қазіргі таңда оқу орнымыздың түлектері Қазақстан мен шет елдерде қызмет атқарып, еліміздің білім жүйесінің дамуына өз үлесін қосып жүр. Олар университетіміздің қоғамдық іс-шараларына да белсене араласады.
Оқу орнында шәкірттер бакалавр, магистратура, доктарантура бойынша білім алады. Университеттің барлық оқу процесі білім алушыларға қажетті ақпараттық ресурстармен толық қамтамасыз етілген. Университеттің білім беру ортасы: материалдық-техникалық ресурстар, қаржыландыру, оқу-зертханалық база, кітапхана қоры, ақпараттық қамтамасыз ету – білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асыруға бағытталған. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың арқасында білім алушылар университеттен шықпай-ақ, барлық қажетті қызметтерді, соның ішінде медициналық қызметтерді пайдалануға бірегей мүмкіндіктерге ие.
Президентіміз Қ.Тоқаев «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» дегендей, бүгінгі күні жас ұрпақты тәрбиелеу айрықша маңызды, сондай-ақ, күрделі жұмыс. Бұл міндет педагогтердің ғана емес, жалпы, отбасы мен білім ошақтарына да жүктеліп отыр. Бала тәрбиелеу дегеніміз – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз қажет. Алдағы уақытта жарқын өмір сүруге, дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарына енуге құлшынысы бар, күрделі мәселелерді ойлай алатын және шеше білетін жаңа ұрпақ тәрбиелеу талап етіледі. Осы мақсатта
2024-2025 оқу жылындағы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы білім беру жүйесіндегі педагогтердің оқу-тәрбие құжаттарының негізі болуы қажет. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 3 блоктан тұрады. Кіріспе бөлімінде педагогтерге кеңес, ата-аналармен, қоғаммен қарым-қатынас барысы жазылған. Бірінші блокта Білім беру мазмұны мен сынып сағаттары арқылы құндылықтарды (отаншылдық, бірлік, әділдік, жауапкершілік,, заң-тәртіп, еңбекқорлық, жасампаздық, жаңашылдық) енгізу және дарыту процесі; екінші блокта әлеуметтік жобалар («ҚАМҚОР», «ЕҢБЕГІ АДАЛ – ЖАС ӨРЕН», «SMART BALA», «ШАБЫТ», «ҰШҚЫР ОЙ АЛАҢЫ», «БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ») мен іс-шаралар арқылы құндылықтарды енгізу мен тақырыптық күнтізбесі; үшінші блокта іске асыру жоспары, ақпараттық қолдау мен бренділеу қамтылған.
Оқу орнымыздағы білім беру бағдарламаларының оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстары нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес жүргізіледі. Жоғарыдағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы болашақ педагогтерді даярлау барысында күнделікті дәрістерде, тәрбиелік іс-шараларда кеңінен пайдаланылады. Білім алушылар оқу жұмыс жоспарына сәйкес 1-курстан бастап 4-курсқа дейін кәсіби педагогикалық практика (оқу практикасы, психологиялық-педагогикалық, педагогикалық өндірістік практика 1, педагогикалық өндірістік практика 2.) барысында бағдарламаның мазмұны бойынша алған білімін кеңінен пайдаланады.
Халқымыз бала тәрбиесі бесіктен бастау алады деп бекер айтпаған. Осы орайда оқу орнымызда «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогика» кафедрасы 6В01201-7М01201 «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы» білім беру бағдарламалары бойынша студенттерді даярлайды. Кафедрада бакалавр бойынша
167 студент және 10 магистрант бойынша гранттық негізде білім алушылар оқуда. Кафедрада білікті профессор-оқытушылар құрамы (1 доцент, 5 ғылым кандидаты, 1 Phd докторы,
3 аға оқытушы мен 2 магистр-оқытушы) дәріс беруде.
Жалпы мемлекетіміздің дамуында бүгінгі жас ұрпаққа берілер тәлім-тәрбиенің сапалы болуы маңызды. Бала тәрбиесі, оның саналы да отансүйгіш азамат ретінде қалыптасуы, қоғамда алар орны тек ата-анаға ғана емес, біздің университетті бітіріп шыққан жас мамандарға да тікелей байланысты екені анық. Қарыштап алға дамыған төрткүл дүниедегі өркениет төрінен табылу үшін біздің болашағымыз, яғни жастарымыз осы заманның талабына сәйкес берік біліммен қаруланулары керек. Тек қана біліммен ғана емес, сонымен бірге, адамгершілік, рухани құндылықтарды да бойларына сіңірулері де шарт. Сонда ғана қазақстандық қоғамның берік нығаюына даңғыл жол ашылады. Алайда, уақыттың бір орнында тұрмайтыны сияқты, еліміздің болашағы болып табылатын жастарға білім беру үдерісі де үнемі дамып, заман көшінің басынан табылып отыруға тиісті. Оқу орнымызда бакалаврда 40 ББ бойынша, магистратурада 20 ББ бойынша, доктарантурада 12 ББ бойынша білім беруде.
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп өте дұрыс баға берген халқымыз. Бұл да мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы ББ-сының маңызы зор екенін білдіреді. Бүгінгі талапкерлерді осындай жауапты да абыройлы маман иесі атануға шақырамыз. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан да болашақты кемел етуге бірге атсалысайық.
Г.ТАНАБАЕВА,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты
Ж.БАЛАЖАНОВА,
аға оқытушы