ЖЕҢІС ДӘСТҮРІ ҚАЛЫПТАСҚАН МЕКТЕП Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 04:58 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3966 раз

Биылғы Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда рет қатысты. Көркем гимнастикадан жерлестеріміз жекелей сында күміс және қола жүлделерді иеленіп, тарихтың жаңа бетін ашты. Бұл кездейсоқтық емес. Жоспарлы, жүйелі атқарылған жұмыстың нәтижесі. Көркем гимнастикадан қалалық №9 спорт мектебінің 10 жылдан астам тарихында жеңісті дәстүрі қалыптасып, білікті кадрлар даярланды.

522

 

Мектептің алғашқы қарлығаштары

Тарихтан сыр тартсақ, көркем гимнастикадан Азия ойындарында Шымкент қаласы споршыларының жеңісті дәстүрі бар. Еліміздің тарихында Әлия Юсупова бастаған көркем гимнасшылар алғаш рет 2002 жылы Пусан ойындарында жүлдегер атанды. Қазақ елі арулары Қытай құрамасынан кейін екінші орынға жайғасқан. Бұл – тарихтағы алғашқы жүлде. Жекелей сында Әлия Юсупова күміс жүлдеге иелік еткен.
Ал 2006 жылы Доха ойындарында еліміздің арулары командалық сайыста да, жекелей сында да топ жарды. Әлия Юсупова жекелей сында Жапония, Қытай спортшыларын артта қалдырып, үздік шықты. Осылайша көркем гимнастикада жеңісті жолды бастап берген Әлия Юсупованың ізбасарлары жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.
2010 және 2018 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы командалық сайыста да, жекелей сайыста да алтын жүлдені ешкімге берген жоқ. 2018 жылы Джакартада шымкенттік спортшылар Алина Әділханова мен Даяна Әбдірбекова командалық сайыста елге алтын жүлде сыйлады. Ал жекелей көпсайыс бәсекесінде де Алина Әділханова жеңімпаз атанды.
Қытайда өткен кезекті Азия ойындарында жерлестеріміз Эльжана Таниева мен Милана Парфилова командалық есепте күміс, жекелей сында 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алды. Соңғы екі Олимпиадалық циклде осы мектептің түлектері Рио-де-Жанейро және Токио олимпиадасына қатысты.
2014 жылы Инчхондағы бәсекеде командалық сайыста қола жүлдеге қол жеткізген Сабина Әшірбаева, 2018 жылы Азия ойындарының жеңімпазы Алина Әділханова мен Даяна Әбдірбекова, 2022 Жазғы Азия ойындарының күміс, қола жүлдегерлері Эльжана Таниева мен Милана Парфилова осы мектептің алғашқы қарлығаштары. 2016 жылғы Олимпиада ойындарында Сабина Әшірбаева, 2020 жылғы Олимпиада ойындарында Алина Әділханова бақ сынады.
Көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова енді Париж олимпиадасына жолдама алу қажет екенін, осы мақсатта дайындық жүргізілетінін атап өткен-тін.

Олимпиада ойындарына жолдама алу мақсаты тұр

Шымкент қаласының көркем гимнастикадан №9 спорт мектебінің шәкірттері биыл оң нәтижелерге қол жеткізді. 2023 жылы мектеп спортшылары Қазақстан Республикасының Чемпионаттарында 11 алтын, 21 күміс, 36 қола жүлде иеленді. Қазақстан Республикасының VI Жазғы Спартакиадасында 11 алтын, 5 күміс, 1 қола жүлдеге иелік етті. Атап айтар болсақ, Эльжана Таниева 5 рет жеңімпаз атанса, Милана Парфилова 1 алтын, 4 күміс жүлдені олжалады. Баян Қойбағар 1 алтын, 1 қола, Мария Трегубова, Аружан Қалсаева 1 алтын және топтық жаттығудан 2 алтын медальды қоржынға салды.
Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Эльжана Таниева мен Милана Парфилова күміс, қола медальға ие болды. Алда Олимпиада ойындары тұр.

521


– Биыл Азия ойындарында спортшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, тапсырмаларды толығымен орындап шықты. Жекелей сайыстың финалында екі спортшының жүлдегер атануы тарихи жағдай болды. Қазіргі уақытта Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы лицензиялық Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп аламыз деген үмітіміз бар. Азия чемпионатына елімізден екі қыз қатысады. Сол екі қыздың біреуі жолдаманы жеңіп алады деп сенеміз, – дейді мектеп директорының орынбасары Рүстем Жаңбырбаев.
Биыл мектептің ашылғанына 13 жыл болды. Қазіргі таңда шәкірттерді цифрландыру жүйесі бойынша қабылдау жүргізілуде. Жаңадан келген барлық спортшылардың құжаттары Egov мемлекеттік қызмет арқылы тіркеледі. Биыл 50-ден аса шәкірт қабылданды.
Мектепте бүгінгі таңда 396 спортшы тәлім алуда. Атап айтқанда, 14 ХДСШ, 14 спорт шебері, 85 спорт шеберлігіне кандидат шәкірт бар. Сондай-ақ, 40 жаттықтырушы шәкірттерді көркем гимнастикаға баулып жүр. Олардың арасында ҚР Еңбек сіңген жаттықтырушысы, жоғары санатты 2 жаттықтырушы, I санатты 12 жаттықтырушы бар.

Белестерді бағындырудан талмаймыз

Әлия Юсупова Афинада төртінші, Бейжіңде бесінші орын алып, көркем гимнастикада да тыңнан түрен салуға боларын ұғындырды. 2007 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатының жекелей сынында алтыншы орын алған. Дохадағы Азия ойындарында дара шықты.
Бүгінде көркем гимнасшыларымыз жеңісті жолды жалғастырып келеді. Олимпиада медалі бұйырмады демесеңіз, Азия ойындарында жалпы есепте алдыңғы қатарда келеді. Бейжің ойындарынан кейін спорттық ғұмырын аяқтаған Әлия Юсупованың лайықты ізбасарлары бар екеніне көңіл тоғаяды, әрине.
Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан көркем гимнастика спорт кешенінде жыл бойы жаттығу қайнап жатады. Әлия Юсупованың арманы да осы еді. Қазіргі таңда көркем гимнастика орталығы жарыс ордасына айналды. Әлия Мақсұтқызының «Шымкентте көркем гимнастика мектебін ашсақ» деген ұсынысы өңір басшыларынан қолдау тапты. Мінекей, 2010 жылы ашылып, жұмысын бастаған орталықтың жеңісті дәстүрі қалыптасып үлгерді.
Түрлі деңгейдегі жарыстар өтіп жатыр. Мұнда дарынды қыздарды Әлия Юсупова, Лола Әділбекова бастаған елге белгілі мамандар жаттықтырады. Еліміздің барлық аймағынан спортшылар келіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.
Шымкенттің көркем гимнастика мектебінің аты осылайша, шартарапқа жайылды. Ұлттық құраманың бас бапкері Ә.Юсупова шәкірттерін әлі талай жарыстарға үкілеп қоспақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.