Жүрекке жеткен қойылым Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1252 раз

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 41 маусымның шымылдығын «Кейкінің кегі» қойылымымен ашты. Премьераға қойылымның авторы Абылай Мауданов Қостанайдан арнайы қонақ ретінде шақырылды. Қойылым 1916 жылы Торғай өңірінде ұлт-азаттық көтерілісінің алғашқы күндерінен белсене араласқан, көтерілісшілердің негізгі күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі Кәкімбайұлы жайында.

270

 

Кейкі жастайынан аңшы, мергендігі және өжеттігімен танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің – көзі мерген, Кейкінің қолы – мерген» деген сөз қалған. Пьесада халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батырдың қуғынға ұшыраған кезеңі бейнеленеді.
Қойылым үшін жасақталған сахна декорациясы, жас актерлердің өз рөлдерін шебер сомдауы, бәрі-бәрі өз үйлесімімен көрерменді бір сәтке ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы Торғайға саяхаттау әсеріне бөледі.
–Қазақ жастарының рухын оятатын туындылардың көбейгені қуантады. Бүгін «Кейкінің кегі» қойылымын тамашалап отырып көптеген идеялар ойға оралды. Спектакль ұзақтығы 45 минут болғанымен, осы қысқа уақытта көрерменге ой сала білді. Жас актерлар де өзіне жүктелген образды жан-тәнімен сомдағаны және режиссердің шеберлігінің арқасында біз қойылым барысында Торғай даласында отырғандай сезіндік, – дейді премьераны тамашалауға келген ҚР еңбек сіңірген әртісі, қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы.
Кейкі тек Торғай өңірінің ғана емес, күллі қазақтың батыры.
–Бұл жасөспірімдерге арналған қойылым болғасын батырдың жанкештілігі, қандай қауіп болмасын ұлтым деген мақсаты оған медет болғаны, осы жолдағы жан күйзелісі баяндалады. Актерлер де кейіпкерлердің рөлін өте жоғары деңгейде ойнап шықты. Кез келген автор өзінің туындысын қорғайды. Қойылымды көріп отырып кей жерлеріне қатысты өз пікірімді айтып, әлі де жетілдіру қажеттігін түсіндірдім,– деді автор Абылай Мауданов.
Айта кетсек, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына биыл – 40 жыл. Осы уақыт ішінде өнер ұжымы 160 спектакль саханалаған. Мерейлі мереке аясында өнер ордасы өз көрермендеріне жаңа қойылымдарын ұсынбақ.

Последнее изменение Пятница, 08 Сентябрь 2023 04:28