Версия для печати

Тәшенов пен Айбергеновке арналған тақтаны неге алып тастаған? Избранное

Пятница, 22 Январь 2021 04:48 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3794 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақ елінің тұтастығы мен келешегі үшін кеудесімен құм сызған тау тұлға Жұмабек Тәшеновті білмейтін, ол хақында естімеген жан кемде-кем шығар. Жұмабек Ахметұлы жайлы айтқанда, ең алдымен Қазақстанның бес бірдей облысын (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған КОКП-ның Бас хатшысы Хрущевтен еш қаймықпай, батыл түрде қарсы шыққан ұлтжанды тұлға ойға оралады.

652

 

Ол уақытта Ж.Тәшенов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде еді. Бірақ, елім деп туған ер үшін ешқандай қызмет те, лауазым да халқының тағдырынан биік емес-тін. «Орталық Комитет басшысы Хрущев Тәшеновтің пікірін сұрағанда, ол өз қарсылығын ашық білдірген: «Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені шешу түгілі, көтерудің өзіне қарсымын...» деген екен. Бұған шамданып қалған Хрущев «КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден, Тәшенов, сұрамай-ақ шеше аламыз!» дегенде, Тәшенов оған қарсы: «Олай болса бұл КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біз Халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар!» дейді тайсалмастан. Оның бұл сөздерін естіп, қатарлас отырған Д.Қонаев өзі Жұмекеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай,
қонақүйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деген екен» деген естеліктерді оқығанда ерен ердің жанқиярлық тірлігіне тәнті боласың.
Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес империясының кезінде Жұмабек Тәшеновтің ұлты мен елі үшін еткен еңбегі, ерен ерлігі жетерлік. Соның бірі – «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерін жабылудан аман алып қалғаны. Соның тағы бірі – 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін жоғары деңгейде өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына (Қ.Қуанышбаев, Р.Жаманова, Е.Серкебаев, Ш.Айманов, М.Төлебаев) ең жоғары атақ – КСРО Халық артисі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенов үлкен табандылық көрсеткен. Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлі үлкен заманауи үлгімен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізгені. Осы Қонаев көшесіндегі №135 үйді бүгінге дейін жұрт мақтаныш ретінде «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеновтің үйі» деп атайды. Руханият әлемінің адамдарына әрдайым қолдау көрсетіп, қолтығынан демеген Жұмабек Ахметұлы, Б.Момышұлының алғашқы кітаптарының жарыққа шығуына да мұрындық болыпты.

653


Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің туғанына, биыл міне, 106 жыл толмақ. Ұлт үшін өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның ерен істері 100 жылдық мерейтойында да мемлекеттік деңгейде елене қоймағаны есімізде.
2011 жылы Тәшенов пен Бекет батыр көшелерінің қиылысындағы гүлзарда тұғырлы тұлғаға арналған ескерткіш бюст ашылды. Ал ұлттық деңгейдегі қаһарманымыздың Шымкентте тұрған үйіндегі мемориалды тақтасының алынып тасталғанына 4 жылдың жүзі болыпты.
Апта басында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Сонда кеңес мүшесі, Жұмабек Тәшеновтің немере інісі Ұлықпан Бәшен халқымыздың осынау тұғырлы тұлғасына арналған мемориалды тақтаның алынып тасталғанын айтса, «Жебе» баспа үйінің директоры Жарқынбек Төлтебай өмірі қысқа, бірақ баршаға нұсқа ақын
Төлеген Айбергеновке арналған мемориалды тақтаның да алынып, орнына қайта қойылмағанына қынжылыс білдірді.
Қазіргі Ә. Диваев көшесі мен Тәуке хан даңғылының қиылысында, «Кең баба» этносаябағына қарсы тұстағы үйде кезінде Жұмабек Тәшенов тұрған. Онда Адвокат кеңсесі, «Кәмшат» кафесі, «Эдельвейс» кіші маркеті мемориалды тақта тұрған қабырғаға жапсарлас салынған. Сөйтіп, 1995 жылы 80 жылдығының қарсаңында найзағай болмысты нар тұлғаға арнап жазылған мемориалды тақта елеусіз қалған көрінеді. «Енді сол тақтаны үйдің сыртқы қабырғасына қоюға болады ғой», - дейді Ұлықпан атамыз.
Дәл осындай өкінішті жағдай отыз-ақ жыл ғұмыр кешіп, қазақ поэзиясының сағынышына айналған шайыр Төлеген Айбергеновтің мемориалды тақтасына да қатысты. «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» деген сұрапыл өлең жолы жазылған естелік тақтада Төлеген Айбергенов қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1937-1967) екендігі де айшықталыпты. Айбергеновтей аңыз ақынның атындағы көшенің бас жағындағы көпқабатты үйдің қабырғасына ілінген тақта бүгінде «Жебе» баспа үйі кеңсесінің бір бұрышында шаң басып, елеусіз жатқаны көңіл құлазытады екен.
– 2001 жылы «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен Т.Айбергеновке мемориалды тақта орнату туралы қала әкімінің шешімі шықты. Сол кезде «Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр, Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр» деп жырлаған иықтас досы Мұхтар Шаханов, ақынның әйелі Үрниса, қызы Салтанат Айбергеновалар келіп, мемориалды тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Бекен Төлешов деген құдамыз осы Айбергенов көшесінде тұрады. Ол Шымкентке Қарақалпақстаннан көшіп келген қазақ. «Төлеген сендердің туыстарың ғой, өзің кәсіпкерсің, мен газет-журнал жағында болғандықтан, қағазы мен рұқсатын алайын, сен материалдық жағынан көмек бер!» деп базына айттым. Содан ұсыныс-тілегімнің бәрі де қабыл болып, мемориалды тақта жасалып, орнатылды.
ОҚМПУ-да конференция ұйымдастырылып, арқалы ақынның шығармашылығы насихатталып, өскелең ұрпақ өлеңдерін оқып, соңында әлгі тақтаның ашылу рәсімі өткен болатын. Содан бері 19 жыл бойына ол тақта орнынан қозғалмады. Тек былтыр «ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылына орай шаһар орталығындағы көпқабатты үйлердің біразының қасбеті жөнделіп, жаңарды. Сол кезде мемориалды тақтаны далаға тастап кеткен жерінен кеңсеге әкеліп қойып едім. Кейіннен қайта ілінер деген үмітпен жүргенмін. Бірақ, әлі ешкім ол туралы жақ ашпады, - дейді Ж.Төлтебай.
Еліміздің өзге өңірлеріне сапар шеккенде «Мына үйде Сәкен Сейфуллин тұрған», «Мына үйде Жүсіпбек Аймауытов өмір сүрген», «Сұлтанмахмұт Торайғыров тұрған үй» деген тақталарды көргенде, қасынан тек өтпейсің. Ойға шомасың. Тарихтан сыр шертетін мемориалды тақталардың бетіндегі бейнелердің ұлт үшін еткен өлшеусіз істері, өнегелі өмірі ұрпақ үшін тәрбиелік те, танымдық та ғибрат екенін сезінесің. Алайда, Шымқаланың көпқабатты үйлерінің қабырғасынан біз жоғарыда атап өткен тау тұлғалардың мемориалды тақтасын ілетін алақандай бұрыштың табылмай тұрғаны өкінішті. Билік басындағы ағаларымыз ұлы тұлғаларға деген құрмет осындай қарапайым ізеттен басталатынын ескерсе деген ойды айтқымыз келеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.