Дана КЕНЖЕҒҰЛОВА, заңгер, медиатор: «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУ ҮШІН ӨЗІМІЗ АДАЛ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК»

Пятница, 03 Май 2024 06:03 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2359 раз

Дамыған ғасырда өмір сүріп жатсақ та, айналамыздағылардың көбінің құқықтық және қаржылық сауаты әлі де төмен. Күн сайын алаяқтарға алданып жатқан халыққа нені біліп, нені ескергендері жөн? Осыған байланысты заңгер, медиатор, сарапшы Дана КЕНЖЕҒҰЛОВАҒА бірнеше сауал қойған едік.

SUlu

 

ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАУДАН ҚОРЫҚПАЙМЫН

– Дана Ақәділқызы, әр адамның өмірінде заңгерлік көмекке жүгінуге тура келетін сәттер болады. Бірақ, заңгер мен қорғаушының қызметін алу үшін едәуір қаражат керек. Қызмет ақыңызға қанша сұрайсыз? Қай бағытта көмек көрсетесіз?

– Заң саласы өте ауқымды, барлығын меңгеру мүмкін емес деп жатады. Әдетте заңгерлер нақты салада бір бағытты ұстанып дамиды. Менің бірінші мақсатым медиация институтын дамыту болғандықтан, барлық салада тәжірибе жинақтаудан қорықпаймын. Әр іс мен үшін тәжірибе. Көп ізденемін, сол себепті бір бағытта қалып қоймаймын. Азаматтық істердің барлық түрлері (неке қатынастары, еңбек, сақтандыру, жер дауы, кәсіпкерлер арасындағы түрлі даулар, материалдық шығындар өндіру және т.б.), қылмыстық істер, әкімшілік істерде тәжірибе жинақтағанмын. Одан басқа, менде заң саласының ең өзекті салаларын меңгерген, білікті, тәжірибелі мамандардан тұратын үлкен командам бар. Ақылдасатын, біліктілігі жоғары мамандарым бар. Ал қызмет ақыға келетін болсақ, істің күрделілігіне байланысты.
Маған көбінде әділдікке қол жеткізе алмай, үміттері үзілген, істері барлық этаптан өтіп нәтиже шығара алмаған, адвокаттарға алданғандар келеді. Осы ретте қаншама істер бойынша сот шешімдерін бұзып, баспаналарын, автокөліктерін, жерін қайтарып беріп, құқықтарын қалпына келтіруде орасан қызмет атқарып келеміз.

– Сіз курстар сатасыз, осы туралы да айта кетсеңіз.
– Қазір инфобизнесте заңгерлер көп қой, алайда кішігірім курстарды оқып алып, шаблонмен жазып, өздерін заңгер деп жариялап отырғандар да бар. Алайда, істер бір-біріне ұқсас болғанымен, оның ішінде өзіне тән ерекшелігі болады. Сол сәттерді өткізіп алса, істен ұтылып қалуы мүмкін. Сондықтан заң саласында «ойнап отырып ақша табамын» дегендер қателеседі, оның зияны соған тағдырын сеніп тапсырған клиентке тиеді. Ол қызмет ақысы арзан деп бір шығынға ұшыраса, екіншіден, ұтатын істен ұтылып, тағы зардап шегеді. Осы орайда заңгерлерді өздерін дамытуға, үнемі тәжірибе алмасуға шақырамын.
Заң саласында 13 жылдан бері еңбек етіп келемін. Оның ішінде 9 жыл медиация саласында кәсіби медиатор, кейіннен жаттықтырушы медиатор атандым. 100-ден астам кәсіби медиатор дайындап шығардым. Қазіргі таңда шәкірттерім Қазақстаннның барлық аумағында халыққа қызмет көрсетуде. Сондықтан бұл курстарымда өзімнің және әріптестерімнің тәжірибелерінен алынған, заңгердің ісін жеңілдететін лайфхактармен бөлісемін. Сонымен қатар, кәсіби медиаторларды даярлайтын курсым бар. Бұл авторлық курста да өзім қиналған жағдайлардың бәрін ескеріп, жеңілдетілген түрде дайындап шығардым.
Менің мақсатым – қазіргі таңда инфобизнестегі заңгерлерді қаралау не жамандау емес, олардың мықты потенциалын ескере отырып, керісінше, өздерін дамытуға, білікті маман болуына жол көрсету.

– Сізге Шымкент қаласының тұрғындары көбіне қандай өтінішпен, арыз-шағыммен келеді? Алдыңызға келген клиенттерге қарап, қандай ортақ проблеманы байқадыңыз?
– Тек өзімдегі істер бойынша ғана айтсам, алаяқтарға алданғандар, жер даулары бойынша көп мәселелер болып жатады. Мемлекеттік органдар тарапынан құқықтары бұзылған, сақтандыру компанияларына қатысты келіспеушіліктер, банктердегі төленбей қалған несиелер, еңбек даулары, оның ішінде жұмыс орнын қайта қалпына келтіру, жұмыс кезінде келтірілген зиянды компаниялардан өндіру сияқты мәселелер көп.
Ал, қазір бәріне ортақ мәселе – несие мәселесі. Несие төлей алмаған жағдайда өсімпұлды асыра есептеу, коллекторлар мен сот орындаушылардың азаматтардың құқықтарын бұзуы, қорқыту жағдайлары өте көп.

ОҢАЙ ОЛЖА ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ

– Біз жұртты алдап жүрген алаяқты емес, құқықтық және қаржылық сауаты жоқ деп соларға алданған азаматтардың өзін кінәлаймыз. Алаяқтарға алданбау үшін нені білуіміз керек?

– Мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы болып отыр. Ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісін қайта қарау керектігі анық сезіледі. Ал, ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады. Қаржылық сауаттылықтың көрсетілген құрауыштарын ескерсек, қаржылық тұрғыдан сауатты азаматтың мынадай қасиеттері болуға тиіс:
1) өзінің кірістері мен шығыстарын жоспарлай білу;
2) ұзақ мерзімді жинақтар және күтпеген мән-жайларға қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыру;
3) қаржылық жаңалықтардан хабардар болу және қажетті қаржылық ақпаратты пайдалана білу;
4) қаржылық көрсетілетін қызметтер мен өнімдерді ұтымды таңдай білу;
5) несиелеуге байланысты мәселелерге жауапкершілікпен қарау;
6) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы ретінде өзінің заңды құқықтарын білу және мүдделерін қорғай алу;
7) қаржылық алаяқтық белгілерін танып, білу;
8) қаржылық қызметтер нарығындағы тәуекелдерді білу;
9) қаржы өнімдері мен құралдарының ерекшеліктерін білу және өзі үшін ең үздігін таңдай білу;
10) қаржылық көрсетілетін қызметтер шарттарын жасаған кезде назар аудару қажет, шарттық қарым-қатынастардың негізгі аспектілерін және түйінді тармақтарын білу. Ал, нақты бұл сұраққа Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы № 338 қаулысымен бекітілген «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасында айтылған.

– Алаяқтар неге көбейіп кетті деп ойлайсыз?
– Өйткені халық арасында оңай жолмен пайда табуға, қиындықсыз қандай бір материалдық құндылықтарға қол жеткізуге ниетті адамдар көбейіп кетті. Бірі алдайды, құқықтық және қаржылық сауаты төмендері осындайларға алданады.

– Коллекторлардың «үйіңді тартып аламыз» деуі заңды ма?
– Жоқ, бұлай қорқытуға мүлдем болмайды. Сәйкесінше «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес, коллекторлық агенттіктің борышкермен және оның өкілімен немесе үшінші тұлғамен өзара іс-қимылы кезінде бірқатар жосықсыз әрекеттерді жүзеге асыруына тыйым салынады.
Коллекторлық агенттікке өзара іс-қимыл жасататын тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға не осы тұлғалардың мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария етуге болмайды. Тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғатын, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, борышкерге, оның өкіліне, үшінші тұлғаларға күш қолдану не олардың мүлкін жою немесе бүлдіру қатері, қорлау, алаяқтық, жалған құжаттар жасау, бопсалау арқылы борышкерді банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін қысым көрсетуге, берешекті ақшадан басқа, өзге мүлікпен өтеуді талап етуге т.б. тыйым салынады.

– Онлайн несие алудың қандай қаупі бар?
– Қазір шұғыл ақша қажет болса, онлайн несие рәсімдеп, мәселені оңай шешуге болады. 21 жастан асқан адамдарға несиені оңды-солды үлестіретін қызметтің бұл түрі клиенттен жеке басты куәландыратын құжатты ғана талап етеді. Жұмыс орнынан табыс жөнінде анықтама, зейнетақы жарнасының аударымын растайтын құжат, несие тарихы қажет емес. 15 минуттың ішінде әмиянды толтырып алуға болады. Бірақ оңай олжаның соңы опық жегізетінін жұртшылық ескере бермейтіні өкінішті. Мәселе қарызды қайтарған кезде басталады. Онлайн несиені алу оңай болғанымен, оны өтеу пайызы тым жоғары. Одан бөлек, біреудің атынан несие рәсімдейтін алаяқтар қатары да артуда. Сондықтан онлайн несие алар алдында ойлану қажет деп кеңес берер едік.

– Жақындарына несие әперіп, өзі төлеп жүретіндер болады. Оларға қандай кеңес бересіз?
– Бұл мәселе енді әркімнің өз еркінде, бірақ, тәжірибе көрсеткендей, басында төлеп жүріп, әртүрлі жағдайларға байланысты төлемей қалғандар да жеткілікті. Осылай сенім арқылы туыстарына өз атына несие рәсімдеп жүріп мүліктерінен айырылған тұлғалар да аз емес. Сондықтан мүмкіндігінше үшінші тұлғаның пайдасына өз атынан несие рәсімдемеген жөн.

ПИҒЫЛ ТҮЗЕЛМЕЙІНШЕ, ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРМЕЙДІ

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев «Декретке миллионмен» деп, жұмыс істемейтін әйелдердің де миллион теңгеден артық жәрдемқы алу жолдарын үйретіп жүр. Бұл өз мемлекетімізді тонау емес пе?

– Жалпы, декретке шығу және төленуге тиіс төлемдер туралы толық мағлұмат 2023 жылдың 20 сәуірінде қабылданған ҚР Әлеуметтік Кодексінде балалы адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік қорғау туралы 9-тарауында көрсетілген. Алайда, Дәулет Мұқаевтың сабақтары халықты жалған құжат жасауға үйретеді. Себебі, үйде жұмыссыз отырған әйелдердің көпшілігі жеке кәсіпкер, бірақ өмірінде жұмыс істеп көрмеген. Қызығы аяғы ауыр болған сәттен басталады. Өткен күндері үшін де ақша құйып, декретке миллионмен шығуға талпынады. Бұл курсты да Д.Мұқаев «Декретке миллионмен» деп көрсеткен. Осындай жалған кәсіпкерлердің саны статисткаға әсер етеді. Себебі ол әйелдердің жалақылары базада кемі миллион теңге болып көрініп тұрады.
Енді қараңыз, Шымкенттің өзінде әрбір үйде отырған әйел миллион табыс тапса, онда орташа айлық есептік көрсеткіш көбейіп кетті деп мемлекетті кінәлаудың қажеті жоқ. Депутаттармен бірдей айлық алып жатыр деп ойлайды. Бұл қарапайым арифметика, айлық көрсеткіш жалпы халықтың алатын жалақысының қосындысының орта есебі. Орташа айлық көбейген соң, халықтың жағдайы күшті болып көрінеді. Салдарынан коммуналдық төлем, азық-түлік өседі. Жалпы, қымбатшылық қайдан туады деген сұраққа қарапайым жауап осы деп ойлаймын. Ал, біз отыра қалып билікті кінәлаймыз. Сондықтан, бірақ біздің пиғыл түзелмейінше, ештеңе өзгермейді. Біз билікті жемқор дейміз, сол жемқорлыққа жол беретін кімдер? Әрине, заңды жолмен шешуге қиналамыз, ұзақ уақыт күткіміз келмейді немесе төтесінен шешкіміз келеді, сөйтіп сол жемқорларды халық өзі дайындайды. Бұл жерде айта берсең сұрақ көбейіп кетеді.
Айталық, Д.Мұқаев «Декретке миллионмен» деген курсты таратып, жалған құжат жасауға ашық үгіттеп жатса, қалай депутаттық мандатқа ие болды? Депутат болу үшін де өзінің тәртібі бар, сол талаптан қалай өтті екен? Ал, Әділетті Қазақстанды құру үшін биліктен ғана талап етпей, өзіміз де сол үшін еңбек етуіміз керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың реформаларын толық қолдаймын. Бірақ біз өзіміз сол өзгерістерді қабылдай алмай, әбден бойымызға сіңіп қалған жүйеден арыла алмай жатырмыз. Маған да клиенттер келгенде көбі «таныстарыңыз көп қой, шешіп алуға мүмкіндік бар ма?» деп жатады, ешкім әділетті күрескісі келмейді, оңай жолмен жүргісі келеді. Заңды жолмен күресу де оңай емес, ол жүйе тас болып қатып қалған, оны сындырып шығып, әділеттілікке қол жеткізу оңай емес. Оған жоғары біліктілік пен табандылық қажет. Қанша осындай жүйеден әділетсіздік көргендер әлеуметтік желіде жазып, жарасымен бөлісіп жатады. Бірақ соңында күресуден шаршап, пара беріп шешетін адамға барады, ешкім соңына дейін күреспейді. Ал, мен асықпаймын. Нәтижеге жұмыс істейтін, сол процестен ләззат алатын адаммын.

– Микронесие алып, оны төлей алмай жүрген адамдарға қандай кеңес бересіз?
– Әрине, ең басты кеңес – өзіне алған міндеттемені орындау және алынған микронесиені төлеу. Ал, егер нақты төлей алмай жүрген азаматтар болса «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының талаптарына сәйкес банкроттыққа жүгіну.

– Бізде Қазақстан заңдары қарапайым адамдарға түсінікті емес. Заң тілі қандай болуы керек? Бізде өзгерістер пен түзетулер енгізудің қажеті жоқ заңдар бар ма?
– Оған нақты жауап бере алмаймын. Заңгер ретінде маған барлық заңнамалық актілер түсінікті болғанымен, қарапайым халыққа кейбір нормалар түсініксіз болуы мүмкін. Бұл ретте мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет деп ойлаймын. Әрине, өзгеріс енгізетін заңдар да, басқа да нормативті құқықтық актілер де бар. Дегенмен, өзіңіз ойланып көріңіз, Қазақстан Республикасында қазіргі таңда қолданыста 30 мыңға жуық заң бар, олардың қайсысы туралы айтайын?

– Қазақстанда жемқорлық болмау үшін заңгер ретінде азаматтарға не айтар едіңіз?
– Бұл өте күрделі сұрақ, оған бір-екі сөзбен жауап бере алмайсың. Дегенмен азматтарға айтарым, ең бастысы сыбайлас жемқорлықты өзіміздің күнделікті өмірімізден жоюымыз қажет, мұндай теріс ойлар туралы ұмытуымыз керек. Егер күнделікті өмірімізде мұндай негативті үрдіс туралы ойларымыз болмаса, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп жатқан органдарға үлкен көмек болар еді.

– Қазақстанда зорлық көрген әйелге өзінің жәбірленуші екенін дәлелдеу неге қиын?
– Отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі таңда қоғам арасында қызу талқылауға түскен тақырыптардың бірі. Бұл туралы ресми мемлекеттік органдардың және БАҚ-қа да берген сұхбаттар мен кеңестер өте көп. Бірақ айта кететін жағдай, отбасылық зорлық-зомбылық бұл көбінесе латентті қылмыстар (яғни жасырын қылмыстар) қатарына жататын құқық бұзушылықтар. Жәбірленушілер «қоғам пікірінен» қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Уақыт жоғалтып алған соң мұндай қылмыстарды дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан отбасы ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

– Дана Ақәділқызы, осындай пайдалы сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.