IKOMEK109 көмекке тез жетеді. Хабарласыңыз! Избранное

Среда, 28 Октябрь 2020 03:56 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 565 раз

Шымкенттік тұрғындардың тұрмыстық, әлеуметтік мәселелеріне тиісті сала мамандарының назарын дер кезінде аудартып, оның шешілу жолдарын тездету мақсатында «Шымкент қаласының cитуациялық Ikomek109 орталығы» КММ-і құрылғаны белгілі. Жұмыс істей бастағанына төрт айға жуық уақыт енді толған орталыққа түсіп жатқан өтініштер де аз емес. Десек те, орталыққа көбіне тұрғындар қандай мәселемен хабарласады? Оның қаншасы шешімін тапты? Осы сұрақтар төңірегінде біз аталған мекеме директоры Азат ӘМІРТАЙМЕН сұхбаттасқан едік.

608

 

– Азат Ермекбайұлы, ситуациялық орталықтың атқаратын қызметі туралы шымкенттіктер түгел біле бермейтін сияқты. Әйтпесе, көпшілігі көкейдегі проблемасын айтып, түрлі мекемелердің есігін қағып, сандалмас еді. Оқырмандарымыз біле жүрсін, бұл мекеменің атқаратын негізгі жұмыстарына тоқтала кетсеңіз...

– Дұрыс айтасыз, қала әкімінің тікелей қолдауымен құрылған біздің орталық тұрғындардың мәселесін мейлінше оң шешуді көздеп отыр. Ол үшін бұрынғыдай мекемелерді аралап, түрлі деңгейдегі қызметкерлердің есігін қағып әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ, осы орталыққа хабарласса болғаны. Мамандарымыз өтінішті тиісті мекеме басшыларына жеткізіп, оның шешімін өтініш иесіне дер кезінде хабарлап отырады.
Қала басшысының бізге берген ең басты тапсырмасы да осы. Тұрғындардан келіп түскен кез келген шағым, өтінішті қабылдап, шешу жолдарын табуға көмектесу. IKomek Shymkent 109 тегін байланыс қызметі маусым айының 26-сы күні іске қосылды. Осы уақыт аралығында орталыққа тұрғындар тарапынан 18118 шағым түскен. Оның 96% пайызы өз шешімін тапты. Сонымен бірге тұрғындар түрлі тақырыпта 13963 кеңес алды. Бұл бүгінге дейін жасалған нақты жұмыстың нәтижесі.
Бізде тек коммуналдық, әлеуметтік салаға ғана қатысты емес, салық жүйесі, құқықтық кеңес, медицина саласына қатысты да өтініштерге жауап берілуде. Арнайы психологтар, сарапшылар өз құзЫреті аясында түрлі кеңестер ұсына алады.

609

– Сонда тұрғындардың талап-тілегі тәулік бойына қабылдана ма?

– Дәл солай. 24 сағат бойына, аптаның 7 күнінде жауапты мамандарымыз, операторлар қала тұрғындарының өтініш-тілектерін қабылдауға дайын.
Жасыратыны жоқ, жұмыс болған соң кемшілік те болатыны ақиқат. Тұрғындардың талап-тілегіне дер кезінде жауап бермейтін мекемелер де жоқ емес. Сол саланың жауапсыз бір маманының кесірінен жұрт билікті, әкімдікті орынсыз сынап, тілдеп жататыны бар. Біздің мақсатымыз осындай келеңсіздікті болдырмау.

– Азат Ермекбайұлы, орталыққа келген арыз-шағымдарды сараптап көрдіңіздер ме? Тұрғындардың, әсіресе, қай саланың қызметіне көңілдері толмайтынын білуге бола ма?

– Әрине, келіп түскен арыз-шағымдар жиынтығын ұдайы сараптап, талдау жүргізіледі. Жасыратыны жоқ, тұрғындар тарапынан жол құрылысына қатысты өтініштер өте көп. Атап айтқанда, «жолымызға жаңадан асфальт төсеп берсе», «ескі, бұзылған жолдарды қалпына келтірсе» деген өтініштер. Жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, жол сызбаларын сызу бойынша да өтініштер көптеп түседі. Сонымен қатар, мемлекеттен берілетін жәрдемақы түрлері жайында, зейнетке шығу мәселесі бойынша да сұрақ көп.
Ең өзекті мәселе – тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесімен бір күннің өзінде өте көп шағым түседі. «Қоқысты уақытылы әкетпейді. Көшемізде қоқыс шашылып жатыр» деген шағымдар аз емес.

– Дәл осындай шағымды жақында мен де сіздердің орталыққа хабарласып айттым.

– Солай ма? Нәтижесі қалай болды?

– Сіздерге хабарласқанға дейін графиктен екі күн кешіккен қоқыс тасымалдаушы қызмет көлігі бір сағаттың көлемінде келіп, көшеміздегі үйілген қоқысты алып кетті. Әр 15 минут сайын оператор қыздар хабарласып, қоқыстың алынған, алынбағанын сұрап отырды. Себебі, сіздерге тиісті мекеме мамандары «ол көшені әлдеқашан тазартып кеттік» деп жауап беріп үлгерген екен.

– Дұрыс айтасыз, біздің орталық мамандары қызмет көрсетуші мекеме мамандарының емес, тұрғынның сөзіне арқа сүйейді. Әр тұрғынның өтініші қатаң бақылауға алынып, сол мәселе бойынша тиісті қандай шара көрілгені қадағаланады.
Жақында Абай ауданы бойынша қоқыс шығаруға жауапты мекеме ауысуына байланысты, жаңа мекеме өз ісіне кіріскенше тұрғындардың ауласында қоқыс 3-5 апталап жиналып қалғаны мәлім болды. Елестетіп көріңізші, осынша уақыт алынбаған қоқыс аулаларға шашылып, мәселеге дер кезінде құлақ аспаған қызмет мамандарының салғырттығы тұрғындардың ашу-ызасын келтірген. Біз мұны орталығымызға хабарласқан адамның шағымынан естіп білдік. Тиісті сала басшыларына мәселені тез арада шешу жөнінде ұсыныс айтып, тиісті талап-тілек үдесінен шыға алдық деп ойлаймын.
Орайы келгенде айта кетейін, жалпы біздің орталыққа түрлі мәселе бойынша өтініш түсіп жатады. Денсаулық саласына да, мектепке де қатысты сауалдар жетерлік. Ауланы абаттандыру, жарықтандыруға көмектессеңіздер, отын-сумен қамтамасыз етсеңіздер, газ құбырын тартып берсеңіздер, лифт жұмысын тұрақты етсеңіздер деген де өтініштер түседі.

– Мегаполис қаланың мәселесі таусылған ба? Енді осы мәселелердің шешілу жолдары қалай екенін айта кетсеңіз? Сіздерге арыз-шағым келіп түскеннен бастап әрі қарайғы әрекетті білсек бола ма?
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Барлық өтініштер телефон арқылы түседі. Оператор тұрғынның өтінішін қабылдап, өтініш карточкасын толтырады. Сосын ол арнайы жүйе арқылы орталық инспекторларының назарына ұсынылады. Инспектор өтініштің мазмұнын, классификациясын оқи отырып тиісті басқармаларға, аудан әкімдігіне жолдап, мекемелердегі жауапты маманды жүйеде тағайындайды. Жауапты маман мәселенің мәнісімен танысқан соң өз басқармасында немесе мекемесінде онымен айналысатын жауапты маманға жолдайды немесе өзі шешім қабылдайды. Өтініш бойынша тиісті шешім қабылданған соң, жауапты маман шешімін жүйе арқылы операторға жолдайды. О баста өтінішті қабылдап алған оператор жауапты тұрғынға хабарлап айтады.

– Осынша процесс ұзақ уақытты алатын шығар...

– Сіз жаңа өз өтінішіңіздің бір сағаттың ішінде шешілгенін айтып едіңіз ғой... (күліп)

– Солайы солай болды. Бірақ, барлық мәселе тек қоқыс шығару сияқты емес қой.

– Дұрыс айтасыз, бәрі де мәселенің қаншалықты күрделі, күрделі еместігіне байланысты. Өтінішті орындау біршама уақытты алатын кезі де болады. Ал, жалпы алғанда орталыққа келіп түскен телефон қоңырауынан бастап, өтініш иесіне нақты жауап беру процесінің бәрі де электронды болғандықтан көп уақытты алмайды. Барлық мекеме, басқармада арнайы маман тұрғынның өтінішіне жауап беруге сақадай сай.

– Жауапқа қанағаттанбайтын, сіздер берген жауапқа риза емес жағдайлар да кездесетін болар? Ондайда не істейсіздер?

– Алдымен жақсы жағын айтайық (күліп). Егер өтініш иесі шешіммен келіскен немесе қанағаттанған жағдайда, о баста келіп түскен өтініші орындалды деген статусқа өтеді.
Ал, сіз айтқандай қанағаттанбаған жағдайда, өтінішті оператор қайтадан жауапты маманға жібереді. Ол жоғарыда көрсетілген 4 кезең бойынша қайта қарауға жатқызылады. Сала маманың жауабы өтініш иесінің көңілінен шыққанша, яғни мәселе шешілгенше шағымы күн тәртібінен түспейді.

– Азат Ермекбайұлы, сұхбатымызды бір деммен оқып отырған оқырманның сіздерге сенім артып, енді орталықтың жұмысына жүгінгісі келетінінен үміттенейік. Ол үшін қайда, қалай хабарласуы керектігін айта кетсеңіз...

– Әрине, о баста сенімсіздік танытып, «көре салайыншы звондап» деген ниетпен 109 нөмірін терген (байланыстың бұл түрі үшін ақы алынбайды) тұрғындарымыз қазір бізге үздіксіз мәселе айтып тұратын болған. Мәселе шешілсе өздерінің алғыстарын ikomek-ке, қала әкіміне білдіріп жатады. Арасында белсенді азаматтар көбейіп келе жатқанына қуанамыз. Яғни, ортақ шаңырақ, Шымкент қаласының көркеюіне, дамуына селқос қарамайтындар бар деген сөз. Айналадағы келеңсіздікті дер кезінде жоюға тырысатын жанашырлар бар деген сөз. Біз ол кісілерге осы мүмкіндікті пайдаланып алғысымызды айтамыз. Сіздерге әрқашан да қызмет көрсетуге даярмыз. Сонымен бірге тұрғындарды салық, ішкі істер және экология салалары бойынша көптеген сұрақтар мазалайды екен. Біз аумақтық департамент өкілдерін шақырып, орталықтың арнайы әлеуметтік желі парақшалары арқылы тікелей эфирде қала тұрғындарының толғандырған сұрақтарын жолдауға мүмкіндік жасаудамыз. Дәл осы үрдіс алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
Ал, жалпы біздің орталыққа қазіргі таңда 4 тәсілмен өтініш қалдыруға болады:

1. Бірыңғай тегін 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы.

2. WhatsApp мессенджері арқылы +7 7777 109 109 нөміріне жазу арқылы.

3. Instagram желісіне
@ikomek109.shymkent парақшасында жекеге жазу арқылы.

4. Facebook желісінде Ikomek Shymkent парақшасында жекеге жазу арқылы.

5. Жуық арада Telegram bot қосымшасын да іске қосайын деп жатырмыз.

– Мәселенің мән-жайын түсіндіріп берген әңгімеңіз үшін рахмет!