Идеялар базасы: Күнбағыс, ақылды жолақ, қазақша сөйлейтін робот Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:16 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4616 раз

Шымкентте жуырда SilkWay халықаралық университетінің базасында орналасқан «Smart Hub» орталығы өзінің «Ақылды күнбағыс» жобасын іске қосқан болатын. Жаңалығы көп орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оның IT өндірістің алға ілгерілеуіне тигізер әсері жөнінде осы орталық жетекшісі, университеттің цифрландыру жөніндегі проректоры Нұрлыбек Жұматаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

305

 

–Нұрлыбек Срайылұлы, Шымкентте ресми тіркелген 10 IT smart орталығы бар екен. Жаңадан құрылған Smart hub орталығы несімен ерекшеленеді? Қандай маңызды міндеттерді алдына қойып отыр?

304

 

– Цифрландыру деген ұғымды әркім әрқилы түсінеді. Бүгінде білім беру процесін цифрландыру мәселесі өте өзекті. Қазір мектепте онлайн сабақ кезінде қолданылып жүрген жүйелердің бірқатар кемшілігі бар. Мұғалімнің сұрағына оқушының өзі жауап беріп жатыр ма, әлде оның ата-анасы ма? Қазіргі қосымшаларда мұны анықтау мүмкін емес. Демек, балалардың толық білім алып жатқанына ешкім кепілдік бере алмайды. Онлайн сабаққа арналған қосымшалардың мақсаты ақпаратты оқушыға жәй ғана жеткізу болмауы тиіс. Мағлұматтарды тиімді әрі түсінікті етіп беру маңызды. Екінші жағынан оқушының ақпаратты қалай қабылдағанын саралап, оның берген жауабына да реакциясы болатын жүйе жасау қажет. Сөйтіп жауаптарға сәйкес қосымша сұрақ қоя алатындай бағдарлама әзірлесек, бұл нағыз цифландыру болады. Яғни, идеалды жағдайда цифрландыру дегеніміз – осындай нюанстардың бәрін ескере отырып, сол кедергілерді ақпараттық технологиялардың көмегімен еңсеретіндей кемел жобалар жасау. Сондықтан ЖОО ретінде біз адамдардың өмірін жеңілдететін нақты жобаларыды жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз.
Орталықтың негізі 2018 жылы қараша айында қаланған еді. Бірақ араға екі жыл салып қайта іске қосылды. Смарт хабтың мақсаты – оқытушылар мен студенттердің қызметі мен оқу сапасын жоғары технологияларды қолдана отырып жасқарту, сондай-ақ, барлық салаға цифрлық технология енгізілетін түбегейлі жаңа даму жүйесіне жасап шығу. Бұл университетте білімді де білікті маман даярлауға көмектеседі.
Төрт бағытта жұмыс атқарамыз. Атап айтсақ, біріншісі – зерттеу, екіншісі – инновация, үшіншісі – коммерцияландыру, төртіншісі – оқыту. Орталық іске қосылған төрт айдың көлемінде осы бағыттарда біршама жетістікке жеттік. Жалпы, бағдарламалау үшін төрт ай деген көп уақыт емес, өйткені бір бағдарлама жасаудың өзі ұзақ уақытты алады. Штатта жеті адам жұмыс істейді. Команданың қалған бөлігін студенттер мен өз қызығушылығы бойынша келетін қосымша мамандар құрайды.
Smart hub орталығында оқу курстарынан бөлек конструкциялық, яғни stem орталық бар. Ол жерде 3D модельдеуге, роботтар құрастыруға, 3D пішімдерді басып шығаруға, плоттер шығаруға және плоттерді құрастыру арқылы өз бағдарламамызбен түрлі суреттер салуға мүмкіндік бар.
Сонымен бірге бізде үш бағыттағы курстар бар. Әзірге онда оқу тегін. Алдағы уақытта ақылы болуы мүмкін. Себебі, қалтасынан ақша шығарып ақы төлеген соң тыңдаушы оқуға жауапкершілікпен қарайды. Тегін болса, жауапкершіліктің аздығын байқадық. Мақсатымыз пайда табу емес, жауапкершілікті арттыру. Курсты оқығандардың арасынан командамызға маман тартамыз. Жұмысқа орналасса, жобаға қосамыз немесе басқа идеяларды жүзеге асырамын десе, қолдау көрсетеміз. Жалпы 60-қа жуық студент бағдарламалау, 2D анимация және робототехника бағыты бойынша сабақ оқуда. Бұл жердегі ең үлкен жетісітігіміз – отандық, соның ішінде шымкенттік ІТ өнімді қалыптастыру. Шымкентте қандай да бір цифрландыру жұмыстары болса, неге оны шымкеттіктер өзі жасамасқа?! Өйткені, жастардың арасында таланттылары бар. Оларға қолдау білдірсек, бірлесе отырып үлкен мәселені шешуге болады. Сондықтан, өз күшімізді, талантты жастарымызды қолдай отырып, қаланы цифрландыруға үлес қоссақ, азаматтық борышымыз анық өтелген болар еді.
Соңғы 10 жылда Шымкенттегі цифрландыру саласын зерттеп жүрмін. Қалада жүзеге асатын цифрландыру жұмыстарын назарда ұстап, қолдан келсе, үлес қосуға ұмтыламын. Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы бізге ақпараттық қолдау білдіріп отыр. Университет басшылығы орталыққа қосымша орын берді. Курсқа қатысушылар көбейген соң өз алдымызға аудиторялар ашып берді. Ол жерде үлкен ақпараттық технологиялар орталығы мен информатика кафедрасы орналасады.
Жақын арада смарт хабтың сайтын іске қосамыз. Ол smarthub.kz деп аталады. Онда бірнеше бағыт бар. Мәселен, қызмет түрлері және смарт хабтың мүшелігіне өту деген тармақтар болады. Мүшелікке өтудің шарттарын белгілейміз. Мысалы, тыңдаушы ма, жоба жасаушы ма, әлде инвестор ма? Мүше ретінде тіркелген адам тиісті деректі енгізуі тиіс. Содан кейін бізге келіп жұмысын бастауына болады. Егер қала өміріне қатысты маңызды идеясы мен соны жүзеге асырсам деген ынтасы болса, барша адамға есігіміз ашық.

– «Ақылды күнбағыс» жобасы жайлы БАҚ-та көп айтылды. Жобаның бүгінгі ахуалы қалай? Жаңа орталықтың одан өзге жобалары жөнінде де әңгімелеп өтсеңіз.
– Өздеріңізге белгілі «НұрКомТел» компаниясымен бірге «Ақылды күнбағыс» жобасын қалада 30 жерге орнаттық. Бірақ, вандализмге ұшырап, мониторлар сындырылып, аккумляторлары ұрланып, бірнеше қиын мәселеге тап болдық. Бірақ, мұның бәрін «НұрКомТел» қайтадан өз қаражатына қалпына келтірді. Шымкенттегі іссапары барысында біздің орталыққа ат басын бұрған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге де бұл мәселені айттық. Ол кісі біздің орталықтың жұмысын жоғары бағалады. Монитордың орнына QR кодтарды қойып, сайттың ішінен мүмкіндіктерді көре алады деген ұсынысымызды қолдады. Бағдат Батырбекұлы барлық жобалармен мұқият танысып, «Ақылды жаяу жүргіншілер жолағы», «Anticovid», «Price Control», «Ақылды күнбағыс», «Ақылды есептегіш» және тағы басқа жобаларды жоғары бағалап, ииновациялық жобаларды қаржыландыру конкурстарына және авторлық куәліктер алып, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуды ұсынды. Сонымен бірге «Anticovid» жобасын «СКУД» жүйесімен байланыстырса, үлкен жұмыс болатынын атап өтті. Министр роботтарды тек қазақша сөйлейтіндей етіп жасау керегін айтты. Оның бұл ұстанымына риза болдым.

303


Осы орайда айта кететін нәрсе, шетелден бағдарламаларды әкеліп орната салу оңай, ал өз иядамызбен құрастырылған жобалар қиындық пен сынға да ұшырап жатады. Әрине, бұл заңды құбылыс. Әрі сын арқылы мін түзеледі. Ал кейбір жерлестеріміздің көптің игілігі үшін жасалған дайын дүниені ұрлауы, сындыруы жанымызға батады.
Бұдан бөлек, веб-бағдарламалау бойынша қала көлеміндегі мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың бірнеше жобасы жасалды. Сонымен бірге қала тұрғындары үшін өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салатын портал дайындадық. Оны «Идеялар базасы» деп атап, «Usyn.kz» деген домен алдық. Кез келген тұрғын кіріп мәдениет, құрылыс сияқты нақты бір саланы дамытуға байланысты ұсыныс айта алады. Идея авторының аты-жөні порталда сақталады. Өзге пайдаланушылар бұл идеяны қолдаса, дауыс беруіне болады. Көп дауыс жинағандары порталдың алғашқы бетіне шығады. Болашақта жергілікті билік бұл идеяларға назар аударып, ұтымдыларын қаржыландыруы мүмкін. Сол кезде идея авторына қаламақы төлеуімізге болады. Бұл жобамыз дайын тұр. Егер әкімдік қолдау көрсетсе, бұл халықпен кері байланыс орнату тұрғысынан құнды жоба болары сөзсіз.
«НұрКомТел» компаниясы авторлық куәлік алған тағы бір жобаны жүзеге асырып отырмыз. Зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін туындаған «Ақылды жаяу жүргіншілер жолағы» деген жоба. Бұл – 4-5 айдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Зерттеу жұмыстарының біраз нәтижесі бар. Жобамыз аяқталса, «Баян сұлу» сауда орталығының маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде экспериментті бастаймыз. Онда лазерлік сәулелер арқылы жүргізушілер де, жаяулар да анық көретін арнайы жолақтар пайда болады. Әсіресе, бұл қараңғы жерлерде өте тиімді. Бұған да авторлық куәлік алып қойдық.
Бұған қоса «Digital Shymkent» деген бағдарламамыз бар. Мысалы, қандай да бір құрылыс жұмыстары жүрсе, оның нәтижесін көре аламыз. Ал цифрлық жобалар қай жерге енгізілгенін тікелей көру мүмкін емес, осының картасын жасау керек. Мысалы, қала тұрғыны цифрландыруға байланысты жобалардың тізімінен өзіне қажет ауланы таңдайды. Сол жерде кең жолақты интернет жүргізілді ме немесе күнбағыстар қай жерге орнатылғанын көрсететін жоба. Бұл да құнды жоба деп қарастырып отырмыз.
«Price Control» – бағаларды бақылу жобасы. Біраз әлеуметтік өнімдерді белгіленген бағадан артық сатуға тыйым салынған ғой, ал кейбір сауда нүктелерінде мұндай келеңсіздіктер кездесіп жатады. Осындай кезде әр тұрғын әлеуметтік маңызы бар, бағасы өзгертілмеуі керек өнімдерге QR код арқылы дүкендегі баға мен негізгі баға қанша екенін салыстыра алады, баға қымбаттау болса, сол сайтқа мәлімет беріп, тұрақтандыруға септігін тигізеді. Бұл біреуді жазалу, қаралау емес, мемлекет бекіткен бағаны, ережені түгел орындау және соны түгел орындауға атсалысу. Біз мұны Шымкент қаласындағы жергілікті кәсіпкерлік орталығымен ақылдасқанда мамандар бұл жобаның маңызды екенін айтып отыр. Ол орталықтың да бірнеше ұсынысын қарастырып, енгізу жоспарда бар.

– Қателеспесем сіздердің орталық «Astana Hub» технопаркінің өңірлік өкілдігі ретінде құрылған емес пе? Осы жайлы да айтып өтсеңіз.
– 2020 жылдың қазан айында «Astana Hub» технопаркінің әр өңірден өкілдігін ашу бойынша арнайы конкурс болды. Біз осы конкурсқа «Смарт Хаб» орталығы арқылы қатысып, жеңіп шықтық. Халықарлық IT орталығының өкілдігі біздің қаламызда орналасуы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алғашында көп адам түсінбеді. 50-ге жуық өтініш берілген, соның ішінде 39 жоба тіркелді. Алты апталық оқуға 8 млн теңге бөлінді. Осының нәтежиесінде 15 стартап толық курсты аяқтады. Тек қазақстандық емес, шетелдік кәсіби мамандардың да сабақтары тыңдалды. Соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. Екі жоба үздік деп танылып, болашақта инвестициялануы тиіс жобалардың қатарына қосылып, тиісті министрлікке жолданды. Бұл — үлкен қолдау. Жастар өз кәсіптерін ІТ саласымен байланыстырып, тегін оқуға мүмкіндік алады. Жобалары үздік деп танылса, мемлекеттің немесе инвесторлардың қолдауына ие болады. Бұл жұмыс жыл сайын тұрақты түрде жүргізіледі. 2021 жылы қатысушыларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге қаржыландыру көлемін де ұлғайтамыз. Себебі, Шымкент – миллион халқы бар ірі мегаполис.
Жергілікті кәсіпкерлердің арнайы курстары бар. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бір жыл бұрын «Сауда академиясы» деген академия құрылды. Мақсаты – мамандардың тәжірибе жинақтауына жағдай жасау. Тек теорияға қарағанда осы жақсы деп ойлаймыз. Биыл 18 тыңдаушы 96 сағаттық курсты тәмамдады. Олар ақылы негізде оқып, сертфикаттарға ие болды. Біз екі жақтан ұйымдастырып, өз базамызды ұсынып, қажет көмектерді көрсетеміз. Ұйымдастыру жұмысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы болғандықтан, бұл бізге үлкен қолдау болып отыр. Жобалардың барлығы да қаланы дамытуға бағытталған.
– Оңтүстіктегі жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып Silkway халықаралық университетінде «Promobot V.4» робот-қызметкер сатып алынғаны белгілі. Осы роботтың қызметіне тоқталып өтсеңіз.
– Университет басшылығы 9 млн 500 мың теңгеге робот сатып алды. Жекеменшік оқу орны үшін бұл үлкен қаражат. Ондағы мақсат – студенттерге осындай жоғары технологиялардың барын көрсету. Робот әлем мен Қазақстан туралы сұрақтарға жауап береді. Бір өкініштісі, тек орыс тілінде. Бұл бірінші кезекте осы роботтың қалай жұмыс істейтінін зерттеу үшін алынған дүние. Робот Ресей елінде жасалған соң, оның бағдарламасына қазақ тілін енгізе алмаймыз. Енді сол бағдарламаны пайдалана отырып, роботты қазақ тілінде сөйлейтін, қазақша сұрақтарға жауап бере алатын етіп қайта жасамақпыз.
Қазір «Робот гуманойд» деген жобаны бастадық. Алдымызға биыл аяқтаймыз деп меже қойып отырмыз. Роботтың сыртқы қалпы, оны қимылдату қиындық тудырмайды. Әзірге екі қолы мен басын аяқтаудың алдындамыз. Ең маңыздысы – ішіндегі бағдарлама. Бұл оңай жұмыс емес, бірақ, қиын деп қашуға тағы болмайды. Мысалы, біздің роботқа 500 мың теңгедей қаражат жұмсалса, оны 1 миллион теңгеге сатсақ, керемет емес пе? Мұның сериялық нұсқасын жасасақ, тіпті жақсы болады. Жұрт қанша жерден автоматтандырудан қашса да, біз одан құтыла алмаймыз. Керісінше, соны жетік меңгеріп, пайдалы жағын, рухани жағын ескеріп жасауымыз керек. Біз құрастыратын роботтар ақыл айтпайды, балаларға қазақ тілінде ән салып, қазақша танымды кеңейтетін, рухани жетілдіретін тағлымды әңгіме айып береді. Қоғам өміріндегі жұмыстарға, оның зияткерлік қабілеттерін дамытатын болсақ, диагностикалық тұрғыдан пайдалануға болады.
Ал сонымен бірге 3D баспадан шығару да оңай жұмыс болмайды. Бірақ мақсатымыз – адамның аяқ-қол протездері моделдері жасап, шығарсақ дейміз. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған немесе адамның қол-аяғы сынған жағдайда кигізіп қоятын қалыптар жасауды мақсат етіп отырмыз. Мұның бәрі бірден болмайды. Дегенмен, үлкен мақсат қоймай, үлкен нәтежиеге жете алмаймыз. Бұл әңгіменің бәрін неге айтып отырмыз? Осы сұхбатты оқыған инвесторлар, патриот кәсіпкерлер болса, бірге жұмыс істесек, Шымкентте осында жұмыстарды бірге қолға алсақ деген оймен айтып отырмыз. Қашанғы шетелге еліктейміз, қашанғы сыртқа қараймыз? Кемшіліктер, шығын болады, әрине, бірақ, нәтиженің де тамаша болатынына сеніміміз мол.

– ІТ-технология, инновация, блокчейн, стартап, венчур – бүгінгі күннің трендтері. Ақпараттық заманда жаңа технологиялар ел дамуының басты тетігіне айналып отыр дейміз. Ал қала тұрғындарының цифрлық сауаты жайлы не айтар едіңіз?
– Цифрлық сауаттылықпен қатар цифрлық мәдениет деген ұғым бар. Осы екі ұғымды қоғамның санасына сіңіріп алмай, басқа жұмыстарды бастаудың өзі дұрыс емес. Бұрын цифрлық сауаттылық дегенді компьютерде мәтін теру, контекст құру, Exel-де жұмыс істеу деп түсінетін едік. Қазір көпшілік цифрлық сауаттылықты меңгере бастады. Бірақ, біздің қоғам цифрлық мәдениет деген нәрсені толық түсіне алмай отырған сияқты. Мәселен, әлеуметтік желіде белсенді азаматтар көп. Солардың кейбірі елдің пайдасын ойлағандай кейіп танытқанымен, іс жүзінде жеке басының мүддесін ойлайды. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, үлкен күш-жігер, ұзақ уақыт пен мол қаражат жұмсалып жасалған ақараттық жүйелерді білместікпен бұзып жатқан адамдар бар. Үшіншіден, дұрыс жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйелерге тиісті ақпарат енгізе алмай, өзінің цифрлық сауаттылығының төмендігіне басшылықты кінәлайтын адамдар да бар. Мысалы, жуырда қаладағы жұмыс істейтін жастардан арендалық тұрғын үйге өтінімдер қабылданды. Тұрғын үй басқармасына «shymkent-baspana.kz» деген бағдарлама жасадық. Портал ашылған кезде қаншама түсіндіру жұмысы жүргізілді. Порталға ерте немесе кеш өтініш беру конкурстың нәтижесіне әсер етпейтіні талай айтылды. Соған қарамастан алғашқы күні шамадан тыс көп өтінім берілді. Соның салдарынан портал істен шықты. Бір қызығы, ең алғаш болып өтініш берген 12 адамның 6-ы ешқандай құжат тіркемеген. Әйтеуір, тіркеліп алсақ болды, қосымша ақпаратты кейін жүктейміз деген ой болған. Айтайын дегенім, «тек маған болсын» деген пиғыл байқалады...
Қала берді, көп құжатты бір файлға жинақтап салу керегін түсінбей, жоқ жерден проблема туындатқандар қаншама? Осының өзі кей жастардың цифрлық сауаттылығы мен мәдениетінің қаншалықты екенінен хабар береді.
Билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз» деген ұстанымда. Әрине, көпшіліктің пікірімен, ұстанымымен санасқан жақсы. Дегенмен сарапшы мамандармен, ғалымдармен ақылдаса отырып, мәселені жан-жақты талдап барып шешім қабылдаған жөн. Халық дегеніміз көп қой, көптің ішінен дұрыс та, бұрыс та әңгіме айтылып жатады. Шешім қабылдарда соны бір таразылап алған жөн. Кейін мамандардың пікіріне сүйеніп, ғылыми тұрғыда негізделіп қабылданған шешімдерді халыққа байыппен түсіндіру қажет. Бұл цифрлық технологияларды қолдануға да қатысты тұжырым. Сонда ғана бізде цифрлық мәдениет қалыптасады.

– Әңгімеңізге рақмет!