Версия для печати

КЕДЕРГІСІЗ ОРТАМЕН – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ Избранное

Среда, 23 Июнь 2021 03:40 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3176 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда әлеуметтік әлсіз топтағы жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру басты мақсат болып тұр. Соның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың белсенді өмір сүру салтын қалыптастыру бағытында әлеуметтік такси мен инватаксидің қамкөңіл жандарға көмегі көп.

253

 

Шымкентте бұл әлеуметтік қызметті пайдалану тәртібі қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
– Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы» шешіміне сәйкес, қала аумағында тұратын жүріп-тұруы қиын І, ІІ топтағы мүгедек азаматтар мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік такси қызметтері көрсетіледі. Бұл қызметті пайдалану үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш тапсыру қажет, – дейді басқарманың мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Ұлдана Бекбау.

254


Мамандардың мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 43 әлеуметтік такси көлігіне 508 өтініш қабылданды. Мұндай такси мұқтаж азаматтарды жұмыс орнына, оқу орнына, медициналық мекемелерге, әуежай, теміржол вокзалы, сот, прокуратура секілді белгіленген орындарға жеткізеді.
– Бекітілген 18 инватакси кресло-арбаларды орнатуға арналған құралдармен жабдықталған. Бүгінде қаламызда инватакси қызметін алуға 455 азамат өтініш тапсырған. Осы тұста айта кететін жайт, өтініш беруші 1 күн бұрын диспетчерге 8 7252 57-70-06 нөмірі арқылы хабарласып, тапсырыс қалдыра алады. Инватакси қызметі – тегін, – дейді бөлім басшысы Ұлдана Абытханқызы.

257


Сонымен қатар, Nur Otan партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында 259 нысанда пандустарды және аялдамаларды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы етіп сәйкестендіру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 195 нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талапқа сәйкес келмегендеріне ескерту берілді. Сондай-ақ кедергісіз орта жасақтауда қамкөңіл жандардың ұсыныс тілектері ескеріліп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.