Жолдаудың бір саласы – сапалы білім беру, сондықтан біз, білім, ғылым және инновация саласында жаңа бағыттарды жүзеге асыруымыз керек. Әсіресе, жастарды патриоттық тәрбиелеу және оларды өндіріске бейімді етіп білім алуына нақты жұмыс жасай отырып, жұмыс берушілердің талабына сай мамандарды оқытып шығаруға тиістіміз.
Қазақстанның көлік-коммуникация кешенінің негізгі мақсаты —бүкіләлемдік көлік жүйесіне кіру. Еліміздің көлік саласының негізгі міндеті — халық шаруашылығы мен елді мекендердің тасымалдау бойынша олардың сұраныстарын өз уақытында, сапалы әрі толығымен қанағаттандыру, осы саладағы атқарылатын жұмыстардың экономикалық тиімділігін және олардың бәсекелестік көрсеткіштерін жоғарылату болып келеді. Аталған бағыттарды орындау барысында осы саладағы мамандарды даярлауда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің де қомақты үлесі бар. Себебі, елдің экономикалық, рухани жағдайының дамып, өркендеуі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елдің білім деңгейімен байланысты.
Білім жүйесін дамыту – қоғам мен мемлекетті жаңғырту бағытындағы стратегияны жүзеге асырудағы шешуші фактор. Кәсіби білімді де жаңғыртып, оны экономика мен әлеуметтік сала, ғылым және техника, ұлттың еңбек нарығының сұранысына қарай лайықтап бір арнаға қою кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, жаһандану дәуірінің қарқын алып келе жатқаны сондай, күнделікті өмірімізге еніп жатқан жаңашылдықты дәл уақытта меңгеріп отырмасаң, көш соңында қалып қою ғажап емес.
Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Көлік, тасымалдауды және қозғалысты ұйымдастыру» кафедрасы 2018 жылдан бастап, Эразмус бағдарламасы аясында Еуропалық комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жоғары жылдамдықты темір жолдардың экономикасы, экологиясы және инфрақұрылымы» («Economics, Ecology and Infrastrukture at High-Speed Railways» (EEIHSR)) жобасының қатысушысы болып табылады. 2022 жылдың 30 мамыры мен 3 маусымы аралығында кафедра доценттері аталған жоба шеңберінде Дрезден техникалық университетінің ғылыми зертханаларына, Эрфурт және Штутгарт (Германия) қалаларындағы, сондай-ақ Фрутиген (Швейцария) теміржол станциясындағы дабылды басқару орталығының зертханаларына жобалық кездесуге және кәсіби экскурсияға барды.
Алынған шетелдік тәжірибе Еуропаның жоғары жылдамдықты темір жолдарындағы инфрақұрылымды дамытудың инновациялық процестерін меңгеруге және оны маман даярлауда, біліктілік арттыруда кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Көлік, тасымалдауды және
қозғалысты ұйымдастыру»
кафедрасының
оқытушылары:
т.ғ.к., профессор А.ТУЛЕНОВ, т.ғ.к., доцент Б. ШОЙБЕКОВ,
Ү.ҮСІПБАЕВ, А.ТҰРЫМШАЕВА