ЕҢБЕК КҮНІ АУҚЫМДЫ ФОРМАТТА АТАЛЫП ӨТЕДІ Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2023 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 575 раз

Биыл «Еңбек күні» мерекесінде әртүрлі салада қызмет етіп жүрген үздік мамандарға мемлекет деңгейінде құрмет көрсетіледі. Қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін мерекені Шымкент қаласындағы ұйымдастыру барысын мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде баяндады.

315

 

–Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауы мен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде еліміздің өркендеуіне қарапайым еңбек адамдары сүбелі үлес қосып отырғанын, оларға лайықты құрмет көрсету тиіс екенін алға тартты. Президент тапсырмасын іске асыру үшін ҚР Үкіметінің «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілетудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, қазір барлық саланы қамтып отыр. Осы мақсатта қыркүйектің соңғы жексенбісінде кең көлемде аталып өтетін «Еңбек күні» мерекесін тойлау биыл Шымкент қаласында 15 қыркүйектен басталады. Іс-шаралар жоспары да бекітілген, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.
Бекітілген жоспарға сәйкес, 15 қыркүйекте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен мекемелерде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Қыркүйектің 16-17 күндері А.Пушкин кітапханасында «Еңбек галереясы» фотокөрмесі, 20 қыркүйектен бастап кинотеатрлар мен кинозалдарда еңбек адамдары туралы көркем және деректі фильм көрсетіліп, «Менің жетістігім – менің нәтижем» ұранымен спорттық іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде #EnbekEri хэштегі бойынша еңбек адамдары туралы ең үлгілі әңгімелер бойынша онлайн байқау қорытындыланады.
– «Еңбек жолы» конкурсының өтетіні туралы алдын ала хабарланған болатын. Конкурс ережесінің талаптарына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша өңірлік деңгейде іріктеу жұмыстары жүргізіліп, еңбек бәйгесіне 38 үміткерден өтініш түсті. Оның ішінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясына – 4 отбасы, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына – 10 және «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясына – 24 үміткер қатысуға ниет білдірді. Қазіргі сәтте қазылар алқасы тарапынан үздіктер анықталды. Жеңімпаздар 21 қыркүйек күні салтанатты түрде марапатталады, – деді басқарма басшысы.