Білім басқармасының мәліметінше, қала мектептеріндегі білім сапасы артып, 56,2 пайызды құрап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 51,1 пайыз болған. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 3 мектепке 2 000 оқушыны қамтитын қосымша ғимарат салынды. Оған қоса жаңадан 18 000 орындық 20-ға жуық жекеменшік мектеп ашылды. Нәтижесінде, қаладағы үш ауысымдық мектеп мәселесі толығымен шешімін тапты.
— Білім беру ұйымдарында 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйесі, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылған. 134 228 оқушы ыстық тамақпен, 53 893 бала мектеп формасымен қамтамасыз етілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Шымкентте 2025 жылға дейін 18 нысан салынады деп жоспарланған. Оның 12-сінің құрылысы биыл басталды, - деді басқарма басшысы.
Есепті кезеңде қала оқушылары халықаралық және республикалық білім сайыстарынан 93 жүлделі орынға ие болды. Ал, 6280 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Шымкент қаласында 2023-2024 оқу жылында 936 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өткен есепті кезеңмен салыстырғанда білім беру ұйымдарының желісі 48 бірлікке артқан.
Нұргүл Ақылбекқызы сапаны арттыру, әлеуметтік қолдау, қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті.