Шымкент-Цирк жаңа жобалармен жаңа биіктерге Избранное

Четверг, 21 Декабрь 2023 10:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 980 раз

«Цирк» дегенде ең алдымен көз алдымызға балалықтың бал дәурені келеді. Әуені бағындырған акробаттар, күлкі сыйлайтын сайқымазақтар, жан-жануарлардың тілін тапқан бапкерлер, ат құлағында ойнайтын шабандоздардың дайындаған көріністердің арғы жағында қаншалықты қауіп-қатердің жатқанын көп адам біле бермейді. Үшінші мегаполистің мәдени өмірінде айшықты орны бар «Шымкент-Цирк» мекемесінің әртістері қала халқы мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін күніне 8 сағат бойы тынымсыз жаттығады. Бұған мекеменің жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік.

sirk-1

 

Шымкент цирктің өнерпаздары 2011 жылдың желтоқсан айынан бері көрермендерді саф алтындай таза өнерімен тәнті етіп келеді. Кәсіби әртістер әр нөмірге ерекше дайындықпен қойылымдарды ұсыну арқылы халықтың адамгершілік, эстетикалық көзқарасын қалыптастыруды, жас көрермендердің талғамын өсіруге ықпал етуді, заманауи жанрларды ұсыну арқылы мегаполистің мәдени әлеуетін шарықтатуды басты мақсат еткен. Дәл қазір репертуарлық қорында 22 бағдарламасы бар циркке жылына 90-100 мың көрермен келеді. Штаттағы 11 бөлімде 55 әртіс, 22 эстрадалық оркестр, 10 музыка және жарықпен сүйемелдеуші, өзге де техникалық қызметкерлер жұмыс істейді.
Өнер ұжымының он екі жылдық тарихында еліміздің үшінші циркінің шығармашылық құрамы толық қалыптастырып, онда негізгі жанрдың барлығы қамтылып, көптеген жобаларды еңсере алатын өнер ордасына айналып үлгерді. Ал, кадрлық жағынан мұнда Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде, Мәскеу қаласында эстрада және цирк училищесінде және Ташкент колледжінде, Қазақ мемлекеттік циркінде шығармашылығы шыңдалған, нағыз өз жанрының шеберлері жиналған. Шымкент-Цирк мекемесінің басшысы Нұрлан Әділханның айтуынша, мамандардың физикалық, атлетикалық жағынан дайындығы қаладағы спорт мектептеріндегі спорт шеберлерінен кем емес. Әуесқой спортшы ретінде мол тәжірибеге ие.

sirk-2


–Бүгінге дейін өнер ордасы «Алақай, балақай», «Джунгли», «Томирис», «Иллюзион-шоу», «Маскарад», «Цирк құдіреті» сияқты бірнеше дербес бағдарлама дайындап, көрерменге ұсынды. Цирктің Шапито нұсқасы еліміздің өзге өңірлеріне, ондағы шалғай елді мекендерге барып, толыққанды қойылым көрсете алады. Өткен жылы Шымкент-Цирк Қырғыз мемлекеттік циркімен өзара меморандум аясында Бішкек қаласында бір ай бойы гастрольдік сапарда болды. Сол уақытта бішкектік әріптестеріміз Шымкент аренасында өнер көрсетті. Жалпы, цирк аренасы халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл жерде 1200 орынға лайықталған зал, қосымша репитициялық алаң, қажетті жарық, дыбыс аппаратуралары, купол-күмбез механизмі бәрі-бәрі штаттық режимде қолданылады. Әртістеріміз түрлі «Азия жаңғырығы» секілді халықаралық байқауларда да өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр, – дейді Н.Әділхан.
Өнерлі ұжым былтырғы «Наурыз – думан» мерекелік кешінде ерекше бағдарлама дайындаған. Көрермендер контингенті негізінен балалар мен жасөспірімдер болғандықтан қаладағы «Би таңы» би мектебінің тәрбиеленушілері де цирк өнерпаздары қатарына қосылыпты. Олар өздерінің сымбатты билерімен қойылымды ажарландыра түскені өз алдына, жалпы, цирк өнерін насихаттауда үлкен роль атқарған. Ал, алдағы 2024 жылғы наурыз мерекесіне жаңа бағыт, жаңа бағдарламалар ұсынылады екен.
–Цирк өнерпаздары алдағы наурыз мерекесіне «Әуе гимнастары» номерін ұсынғалы жатыр. Бұл нөмірде әртістер 18 метрлік биіктікте күмбез астында еркін қалықтап, адам арманын, қиялын алысқа бағыттайтын романтикалық аттракцион торлармен, сәнді костюмдерімен көрерменді таң қалдырады деген ойдамыз. Дәл сондай қызығушылық пен таңданыс тудыратын картина – батутта секірушілердің таңғажайып номерлері де бар. 2024 жылға жоспарланып отырған тағы бір жоба – «Күш атасын танымас» деп аталатын бағдарламаны жүзеге асыруды ниет еттік. Шымкент аренасында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Монғолия ауыр атлеттерінің басын қосып, алыптар шеруін өткізуді көздеп отырмыз. Спорттық-театрландырылған бұл жоба бірқатар елдің цирк әртістері мен спортшылардың қызығушылығын тудырып отыр. Аталған жобамыз қазақ циркінің майталманы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың құрметіне арналады. Бұл бағдарламада қонақтардың жол шығындары, гонорары, арнайы киімдер мен жобаның жалпы шығыны үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Мұны Шымқаланың даңқын аспандататын бірегей жоба болады десек артық айтқанымыз емес,–дейді Нұрлан Ыдырысұлы.
2010 жылы Халықаралық цирк қауымдастығы сәуір айының үшінші сенбісін «Цирк күні» деп деп белгілеген болатын. Осындай мереке арқылы цирк қызметкерлерінің кәсіптік ынтымағын, достық қарым-қатынасын арттыру бастамасы тұрды. Нәтижесінде кәсіби мерекеде фестивальдер мен халықаралық байқаулар ұйымдастырылып, цирк ұжымдарының тәжірибе алмасуға, жаңа бағдарламаларды енгізуге тың серпін берді. Шымкент-Цирк ұжымы айтулы датаға орай, 2024 жылдың жоспарына балалар циркі фестивалін қолға алмақшы. Бүгінгі күні балаларды цирк өнерінен баулу үшін еліміздің бірнеше өңірінде арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Алдағы өтетін іс-шараға қазірдің өзінде Тараз бен Қызылорда облысынан балалар қатысуға ниет білдіріп, фото және бейне-материалдарын жіберіп жатыр.
–Шымкент аренасына шығуға құлшынып жатқан жас өрендердің талпынысын көріп, қуанып отырмыз. Мұндай игі бастама қаланың мәдени өміріне оң әсер берері анық. Балаларды цирк өнеріне қызықтыратын жобаларымыз мұнымен шектелмейді. Жасөспірімдерге арнап, цирк жанындағы атшабарда иппотерапияны дамыту үшін «жас салт аттылар» жобасын ашуды мақсат еттік. Қазір ұлттық спортымыз даму үстінде. Жас шабандоздарға аттың құлағында ойнайтын қыз-жігіттер тәлімгерлік етеді. Қазірден бастап жылқылардың тұрағын кеңейту, күтіп-ұстау нормативіне сәйкестендіруді қолға алып жатырмыз, – дейді Н.Әділхан.

sirk


Елімізде тек Шымкент-цирктің ғана Шапито-циркі бар. Оның өзі 5-6 жыл пайдалануда болғандықтан қазір көп заттың тозығы жетіпті. – Шапитоны жаңарту да кезек күттірмес шаруа. Бұл қаламыздың халықаралық имиджін көтеруге зор үлес қосып отыр. Алдағы уақытта қаржы бөлініп, мұны да жаңартып алсақ, нұр үстіне нұр болар еді, – деп мекеме басшысы цирктегі мәселенің бір шетін ашты.
Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2021 жылы Шымкент қаласында «Жануарларсыз цирк» концепциясы қолға алынып, цирктегі өнер көрсетіп жүрген жабайы аңдар зообаққа тапсырылған болатын. Мұндай тәжірибе әлемнің 45 мемлекетінде қолға алынған екен. Бұл әдіс уақытша жоба ретінде біздің де шаһарда сынақтан өткізіліп еді. Жануарларды қорғайтын түрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан «жануарларды қинап, түрлі трюктерге үйрету, адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін пайдалану жан-жануарларға гуманистік көзқараспен қарау ұстанымына мүлдем қайшы келеді» деген сарында пікірлер айтылды. Мұнымен цирктің өнерлі ұжымы өнер көрсетуден қалыс қалған жоқ. Клоундық және шапито, джигитовка және каскадерлық, жонглерлік ету және эквилибристика, әуе гимнастикасы секілді бағыттарды жандандырды. Десе де, сүйкімді жануарларсыз өтетін қойылымдардың көрермені сейіле бастапты.
–«Жануарларсыз цирк» эксперименті біздің кішкентай көрермендерімізге кері әсерін тигізді. Шымкент-Циркке жылына 100 мың адам келсе, соңғы үш жылдағы көрсеткіш 65 мыңды көрсетті, – деді Нұрлан Әділхан. – Циркте жануарларды трюктерге үйрету үшін қинап, азаптайды деген пікірлер қисынға келмейді. Керісінше жануарлардың бапкерлері оларды туыла салысымен өздері мейірім беріп, көзі ашылғаннан бастап, екінші анасы іспетті қамқорлық көрсетеді. Жануарлар манежге шыға салысымен балалардың жүзіндегі қуаныш еселеніп, табиғатқа, ондағы жан-жануарларға деген мейірімі оянады. Жүрегіне мейірім ұялаған бала көшедегі жануар түгілі жәндікке де зиянын тигізбейтін, қоршаған ортасын қорғайтын азамат болып өседі. Ал, цирктегі жануарлар зообаққа тапсырылғаннан кейін кассадан билет сатып алатын кезде «жануарлар жоқ деп балаларға қалай айтамыз?» деген сұрақтар көбейді. Тіпті, ата-аналар «тым болмаса бір күшік шықсыншы», деген өтініштер айта бастады. Өйткені, әуедегі акробаттар, манеждегі ат құлағына ойнайтын шабандаздар кішкентай балғындарға емес, жасөспірімдер мен ересек адамдарды қызықтыратын өнер. Иә, оның да артышылықтары да бар. Мәселен, туризм саласы. Қалаға келген қонақтарды цирк әртістері әзірлеген трюктер арқылы тамсандыра аламыз. Ал, цирктің тұрақты көрермендері болған балақайларды жалықтыра жаздадық. Осылайша, манежге күшіктердің қатысуымен болатын нөмірлерді шығара бастадық, – деді әңгіме барсында Шымкент-Цирктің басшысы.
Цирк өнерпаздарының алға қойған жоспары айқын. Олар алдағы уақытта магия-шоу жобасын қолға алмақшы. Мұны 2025 жылдың еншісіне қалдырып отыр. Сол жылы Қытай Халық Республикасының циркі Шымкентке келу жоспары бар. Қытай циркінде келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген шымкенттік өнерпаздар да бар. Бүгінгі күні Шымкент-Цирк ұжымы көптеген циркпен әріптестік байланыс орнатқан. Осы уақыт ішінде Шымкент қаласында мәскеулік Запашный, Корнилов-Дементьевтер, Никулин цирктері гастрольде болып кеткен. Олардың бәрі шымкенттік өнерпаздарға, цирктің униформа, техникалық, жануарлар-ветеринарлық қызметіне жоғары бағасын беріпті. Осы жылы Өзбек мемлекеттік циркі қаламызда гастрольде болды. Қазір неміс циркі өз ойындарын көрсетіп жатыр. Бұл – цирк әлеміндегі үйреншікті құбылыс. Ондай практика цирк өнерін жаңа жанрлармен байытып, тәжірибе алмасуды жандандырады.
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков циркті аралып, қазіргі жай-күйімен танысты. Қала әкімі сала басшыларына ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге кедергі болып отырған 3,1 гектар жер телімін пайдалану құқығына қатысты өзекті мәселелерді тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген еді.
–Қала әкімі циркке арнайы келіп, жай-жапсарымен танысты.Мекемеде шешімін таппай келе жатқан шетін мәселелер бар еді. Мәселен, манеждің, жалпы мекеменің жылу жүйесі, жануарлардың аздығы біршама жұмысымызды қиындатып келген-ді. Ғабит Әбдімәжітұлы мұндай мәселелерге тиісті қаржы бөлінетінін айтып, ұжымды қуантып қойды, – дейді мекеме басшысы.