БАС ЖОСПАР: ШЫМКЕНТТІҢ ДАМУ БОЛАШАҒЫ АЙҚЫН Избранное

Среда, 17 Январь 2024 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 533 раз

Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алғанына биыл алты жыл толады. Осы уақыт аралығында шаһардың әр шағынауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, жаңа жолдар салынып жатыр. Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер, сәулеті көздің жауын алатын ойын-сауық және сауда орталықтары қаланың сәнін келтіріп, жылдан-жылға тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы, инфрақұрылымы ыңғайлы мекенге айналып келеді. Шаһардың құрылыс, жоспарлау, жобалау жұмыстарына жауапты қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков баспасөз брифингінде өткен жылды қорытындылады.

lospar

 

Өткен жылы аталған басқармаға Шымкент қаласының даму жобалық кеңсесімен 5 индикатор бекітіліп, толығымен орындалған екен. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – қаланың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары. Маңызды құжатты бекіту барысында қала тұрғындарының 300-ден астам ұсынысы енгізіліп, жыл соңына қарай ҚР Үкіметімен бекітілді. Онда үшінші мегаполистің кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаятыны, жаңа өндіріс аймақтары, айналма жол мен теміржол тармағы және тәулігіне өткізу қабілеті 20 мың жолаушыны құрайтын вокзал қарастырылған.
– Шымкентте 2035 жылға дейін халық саны 1,9 миллионға жетеді деп болжанған. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен жұмыспен қамтуда өндіріс орындарының көптеп салынуы өте маңызды. Сондықтан өнеркәсіп аумақтарын жаңғырту бағытына көп көңіл бөлінеді. 2035 жылға дейін қаланың батысы болған Алтынтөбе елді мекенінен Қайнарбұлақ саяжайына дейінгі 5 мың гектар аумақта 5 индустриалды аймақ құрылады. Онда перспективалық 14 өнеркәсіп кластерін дамыту жоспары бар. Осылайша қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында 1 млн-нан астам жаңа жұмыс орындары болады, – деді басқарма басшысы Н.Жүнісбеков.

lospar-1


Жаңадан индустриалды аймақ құруға Қайнарбұлақ саяжайы маңында ашық тұрған 5 мың гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жер жоспарланып отыр. Атап өтерлігі, өндіріс орындары үшін мұндағы ешбір үйді мемлекет иелігіне алу көзделмеген.
–Алдағы уақытқа ашылатын жаңа индустриалды аймақтарды қаланың батыс бөлігінен құру жоспары арнайы «Қазгидромед» мекемесінің мамандарымен кеңесіп, бекітілді. Өйткені Шымкентке жел шығыстан батысқа қарай соғады. Қазіргі индустриалды аймақтар қаланың шығыс аумағына орналасқан. Өндірістен шығатын түтін мен иіс жел арқылы қалаға кіреді. Енді болашақта экологиялық ахуалды жақсарту үшін индустриалды аймақтар тек қаланың батысына салынады. Мұндай өндірістік аймақтар санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық тұрғыдан да барлық талапқа сай келеді, – деп сөзін толықтырды Нұрбол Әбдірахманұлы.
Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде 70 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталған. Биыл қала әкімдігінің хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, 13 жобаға түзету енгізіліп, қала әкімінің қаулыларымен бекітілді. Сонымен қатар, қаланы стратегиялық тұрғыдан өркендету үшін 5 ауданның дамыту жобасы Бас жоспарға енгізілген. Мәселен, Тұран ауданының орталығы ретінде Ташкент тас жолындағы «Арғымақ» көлік базарының маңындағы 700 гектар аумақ белгіленген. Қазіргі ауыл шаруашылығы бағытындағы жер алдағы уақытта мемлекеттік мұқтаждыққа алынып, онда көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, сауда орындары салынып, тұрғындарға қажетті инжинерлік-инфрақұрылыммен қамту жобалары жасалған. Еңбекші ауданының шығыс бөлігінде 600 гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жерге алдағы уақытта жаңадан Сауран шағынауданы құрылып, орталық аумақ болып енгізілді. Абай ауданының орталығы – Шымсити, Қаратау ауданында – Тұран шағынауданы белгіленсе, ал Әл-Фараби ауданының даму нүктесі болып Республика даңғылы қаралған.
Мемлекет басшысының Жолдауын және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қалада геоақпараттық портал толығымен жасақталып, 16 қызмет түрі іске қосылды. Бұл да қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан атқарылған ауқымды жобаның бірі. Қазір қала тұрғындары портал арқылы қажетті мекенжайлар мен жер телімдерін, қаланың Бас жоспарындағы мәліметтерді біле алады. Басқарма басшысы Н.Жүнісбековтың айтуынша, Шымкент қаласында 2023 жылы 1 074 362 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары бекітілген екен. Жыл қорытындысына сәйкес, 1 084 117 шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне беріліп, көзделген меже артығымен орындалыпты.
–Пайдалануға берілген үйлердің 406 337 шаршы метрі жеке тұрғындар тарапынан, 124 883 шаршы метр үй қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынса, 29 жеке компания 552 897 шаршы метр үйдің құрылысын жүргізді, – деді басқарма басшысы.
Брифинг барысында спикер сыртқы жарнама мәселесіне де тоқталды. Бүгін қала аумағындағы 613 орында жарнама ілінген. Оның ішінде ЛЭД экрандар небәрі 15-20 пайызды құрайды. Нұрбол Әбдірахманұлы алдағы уақытта сыртқы көрнекі жарнама құрылғыларының 80 пайызын ЛЭД экранға ауыстырылатынын жеткізді.
–Сыртқы жарнамадан бюджетке түсетін салық көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. 2023 жыл үшін осы бағытта 540 млн теңге салық түсу жоспарланған болса, жыл қорытындысымен 600 млн теңгеге жетті. Біз жұмысты жандандыру үшін баннерлердің орнына көпқабатты үйлер мен кәсіпкерлік нысандарының сыртына заманауи мониторлар қоюға ұсыныс енгіздік, – деді ол.
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының тағы бір міндеті – заңсыз құрылыстардың алдын алу. Өткен жылы құзырлы орган қызметкерлерімен жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 350-ге жуық заңсыз құрылыс нысандары анықталып, тиісті шара қолдану үшін Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданған екен. Жолданған хат негізінде құзырлы мекеме тарапынан тиісті шешім қабылданып, 206 құрылыс нысанына Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 802 бабына сәйкес, 114 700 000 теңге айыппұл салынған.
– 350-ге жуық заңсыз деп танылған құрылыс нысандарының басым көпшілігі коммерциялық нысандар. Олардың заңсыз деп танылуының ең басты себебі – құрылыс нысанына сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлемеу және нобайына келісім алмауы. Қазіргі таңда қаладағы заңсыз құрылыстармен күресу жолдарын оңтайландыру мақсатында, мониторинг жүргізу нәтижесінде анықталған нысандар геоақпараттық порталға енгізіліп жатыр, – деді Нұрбол Әбдірахманұлы.
Негізінен басқарма халыққа мемлекеттік қызметтің 18 түрін көрсетеді. Оның ішінде құрылыс және қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жобаларын әзірлеу, жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру, нобайын келістіру, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтінін айқындау, елді мекендерге әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскілерін бөлу секілді қызметтер бар.
–ҚР Жер кодексінің 84-бабы және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес, қала үшін маңызды нысындардың құрылысын жүргізуге жерді мемлекет иелігіне қайтару мақсатында 2023 жылы 1960 жер учаскеге 206 нысан бойынша 45 қаулы қабылданды. Жалпы өткен жылы аумағы 37,9 гектар 193 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтару үшін 4,7 млрд. теңге қаржы жұмсалып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Н.Жүнісбеков.