Ассамблея – ізгі істердің ұйытқысы

Пятница, 24 Май 2024 09:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 314 раз

assambleia

Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу» атты V сессиясы өтті. Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық ҚХА мүшелері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым қатысты.

Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан. Бүгінде еліміз Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне қадам басып, қоғамда бірлік, ынтымақ, еңбекқорлық, адалдық, қарапайымдылық сынды жаңа құндылықтарды алғашқы орынға шығарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы идеологиялық бағыттағы басымдықтарды нақтылап, бірқатар тапсырма берді. Жиында аталған міндеттерді Шымкент қаласы аумағында іске асыру мәселелері пысықталып, алда атқарылар жұмыс жоспарлары талқыға түсті.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды.

– Қалалық Ассамблея алдында сан-қырлы міндеттер тұр. Қоғамдағы этносаралық татулықты, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру, ұлтына, дініне қарай ерекшеленуге, оқшаулануға жол бермеу, игі істерге атсалысу және тағы басқа міндеттерді атқарып келеді. Жасыратыны жоқ, қоғамда Ассамблеяға қатысты түрлі пікірлер де айтылып жүр. Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей институт ретінде елімізде өмір сүріп жатқан барша этносты бір арнаға ұйыстырып отыр. Ассамблея жүргізіп отырған мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан, – деді қала әкімі.

Бүгінде қалалық ҚХА алдында сан қырлы міндеттер тұр. Ғабит Әбдімәжитұлы су тасқыны орын алған өңірлерге этномәдени бірлестіктер белсенді үлес қосқанын, жалпы 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілгенін мәлімдеді.

Марат Әзілханов Шымкент қаласында ҚХА қоғамда бірлік пен келісімді бекемдеп келе жатқан іргелі ұйым екенін атап өтіп, жұмысты одан әрі жандандыру керектігін айтты. Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы табысты еңбектері үшін шымкенттік Ассамблея мүшелеріне алғысын білдіріп, этносаясат аясында бірлесе атқарар жоба-жоспарлар жайында баяндады.

– Шымкентте этносаралық жағдай тұрақты. Этномәдени бірлестіктер тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Ассамблеяның биылғы сессиясында алда атқарылар жұмыстар айқындалды. Ендігі кезекте жұмыстарымызды басты ұлттық құндылықтар аясында топтастыруымыз керек. Атап айтқанда, тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділеттілік пен жауапкершілік аясында жұмыстар жаңаша серпін алуы керек. Жас ұрпақты тәрбиелеуде нақты жобалар әзірленуі тиіс. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Осыған орай өңірлік іс-шаралар жоспарын дайындау назарда тұр. Шымкент қаласында этномедиация жұмысы да жақсы жолға қойылған. «Достық үйі» белсенді жұмыс атқаруда. Енді осы жұмыстарды одан әрі қарқынды жалғастыруға тілектеспін, – деді Марат Алмасұлы.

Сессия отырысында Ж.Тәшенов атындағы университеттің проректоры Ғалымжан Битұрсын, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белсенді волонтер Данара Саранова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Асхат Нұрлыбаев сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, жиында бірқатар белсенді азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетсек, бүгінде қалада 17 этномәдени бірлестік пен ҚХА жанындағы қоғамдық негізде әрекет ететін 7 құрылым жұмыс істейді. 2023 жылы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылым мүшелері тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, туындаған мәселелер бойынша ахуалды реттеу, этномедиацияның әлеуетін пайдалану және жалпыұлттық бірлікті көздейтін 100-ден астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына атсалысты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.