Әл-Фараби ауданы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалық, аула, ішкі орам жолдарын тазалау жұмыстары бойынша 7 учаскеге бөлінген, әр учаскеге аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітіліп, жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілуде.
Аудандағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Бәйтерек-ЛБ», «Нұр-Сат», «Бек-Асыл» ЖШС-лері және елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру жұмыстарын «Қазақ соқырлар қоғамдық бірлестігінің» «Тұрар» ЖШС корпоративтік қоры мекемесі атқаруда. Аталған мекемелермен қазіргі уақытқа дейін 4334м³ қоқыс полигонға шығарылды. 421 қураған ағаштар кесіліп, 11 903 тал санитарлық қырқылды, 13 833 ағаш әктеліп, 260,05 га шөп орылды. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппараты тарапынан күнделікті жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған.
Алайда, аудан аумағындағы елдімекендер мен көше бойларына, көпқабатты үйлердің аулаларына бей-берекет қоқыс және құрылыс қалдықтарын тастаушы тұлғалар да аз емес. Атап айтқанда, жыл басынан заң бұзушы азаматтарды тәртіпке шақыру мақсатында, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мамандары мен ішкі істер қызметкерлерінің бірлескен бірнеше рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Рейдтік іс-шара кезінде «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505 бабы бойынша құқық бұзушылықтар анықталып, 227 ескерту және айыппұл хаттамалары толтырылды.
Осыған орай, жоғарыда айтылған жұмыстарды ескере отырып, барлық қала тұрғындарымен қонақтарын, қала тазалығын сақтауға белсене атсалысуға шақырамыз.
Мұхтар ТӨЛЕУІШ,
Әл-Фараби ауданы әкімі
аппараты Халықпен жұмыс
жүргізу бөлімінің бас маманы