Дегенмен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендердің көпшілігі шағын шаштараз, аядай асхана, кішкентай азық-түлік дүкені мен екі тандыры бар наубайхана екені жасырын емес. Мұндай кәсіпкерлердің көп болғаны да жақсы, әрине. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтып, сол кәсібі арқылы отбасын асырайды. Арасында бір-екі адамды жұмыспен қамтып отырғандары да бар. Бірақ, енді саннан сапаға көшетін уақыт жеткені айқын. Шағын бизнесі барлардың арасынан тәуекел етіп, кәсібін кеңейтетіндер, сауда мен қызмет көрсетуден өңдеу мен өндіруге қарай бет түзейтіндер шығуы тиіс. Сөйтіп, шағын кәсіпкерліктен орта бизнеске қарай ойысатындар көбейсе, олар өз отбасын асыраумен шектелмей, қаншама адамды жұмыспен қамтып, ел қазынасына да қомақты салық түсірер еді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ендігі жерде отандық экономиканың арқа сүйер басты тірегі орта бизнес болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге тоқталып «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім» деген болатын.
Осы орайда, мемлекеттің осындай қолдауын кәсіпкерлерге жеткізетін, олардың қаржылық мәселесін шешуге, екінші деңгейлі банктерден ыңғайлы шарттармен несие алуына жәрдем беретін мемлекеттік даму институты бар. Ол – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры». Ол «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрылымына кіреді. Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту.
– 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап «Даму» қоры жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламамен» жұмыс істеп жатыр. Бағдарлама кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсетіп, экономиканың түрлі салаларындағы бәсекеге қабілетті әрі импорттың орнын басатын отандық жобаларды дамыту үшін бекітілген болатын. Осы жылдың басынан бері Шымкент қаласындағы 1 115 жобаға 56,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Оның ішінде 684 жоба 45 млрд теңгеге субсидия, 431 жоба 11,8 млрд теңгеге кепілдік алған. Жалпы, «Даму» қоры арқылы Шымкент қаласында 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 11,2 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 316 млрд. теңге салық төледі. Бұл экономикаға айтарлықтай серпін береді, – дейді «Даму» қорының Шымкент қаласы филиалының директоры Жомарт Ермағанбет.
Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуының серпінді ілгерілеуіне ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық қызмет пен тауар өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамту көрсеткіші артқаны байқалады.
Осыған орай, «Даму» қорының мамандары БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, өңірдегі қордан қолдау тапқан, бүгінде істері алға басып, сәтті жұмыс істеп жатқан кіспорындардың жұмысымен таныстырды. Ал, «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалының қаржылық қолдау жөніндегі бөлім басшысы Сабыржан Исақов БАҚ өкілдеріне қаржы институтының кәсіпкерлікті қолдауға арналған тетіктері туралы түсіндірді.
Алдымен жолымыз жеке кәсіпкер Әйгерім Тілеубаеваның цехынан басталды. «Айко» жеке кәсіпкерлігі 2023 жылы жабдықтар сатып алу мақсатында несие рәсімдеп, «ТЕМКА» брендімен өз өндірістерін бастап кеткен. Цехта қуырылған пісте, жержаңғақ, аралас жаңғақтар сынды өнімдер өндіріліп, қаладағы дүкендерге таратылуда екен.
Компанияның құжат бойынша иесі Айгерім болғанымен, негізін қалап, жұмысты дөңгелетіп отырған – жолдасы Жәнібек Исқақов. Жәнібек өзі І топтағы мүгедек. 2018 жылы белгісіз дертке шалдығып, 3 жыл төсек тартып жатып қалады. 2021 жылы теледидардан Президент Жолдауын тыңдап, қолымнан іс келмейді деп қарап жатпай, арманына ұмтылады. Көп кітап оқып, кәсіптің қыр-сырын зерттеп, жеке кәсібін ашу және халыққа сапалы өнім ұсыну жоспарын құрады. Өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, еңбек етуге бел буған. Осы мақсатта Жанібек «Даму» қорының кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына жүгінеді. Қаржылай көмек алу арқылы Жәнібек қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, қуырылған пісте өндірісін бастады. Цехта қолданылатын заманауи құрал-жабдықтар өнімнің сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, өндіріс процесін де жеңілдетеді. Негізінен жергілікті өнімді, Қарабұлақ, Төрткүл дихандарынан алады екен. Ал, өзімізде жоқ жаңғақтарды Иран, Өзбекстаннан алдыртады. Жәнібектің өндірісінде әзірге 4 адам еңбек етеді. Олар өндірген өнім сапалы және табиғи шикізаттардан жасалған.
– Қазақстандағы пісте өнімдерінің шамамен 80-90 пайызы импортқа тәуелді. Ішкі өндіріс әзірге сұранысты толық қамтамасыз ете алмайтындықтан, негізгі көлем шетелден жеткізіледі, Түркия, Иран, Ресей және Қытай сияқты елдердің пістесін тұтынып жүрміз. Қалған 10-20 пайызы ғана жергілікті өндірушілер есебінен қамтамасыз етіледі, бірақ, оның көлемі елдегі қажеттілікті толығымен жабуға жеткіліксіз. Сондықтан пісте, қуырылған жаңғақ шығару кәсібі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие бизнес түріне айналуда. Бұл сала шағын және орта кәсіпкерлер үшін де қолайлы, себебі, бастапқы инвестиция салыстырмалы түрде аз, ал өнімдерге деген сұраныс жоғары. Қуырылған жаңғақтар – пайдалы, табиғи әрі дәмді тағам, сондықтан оны нарықта сатудың әлеуеті зор, – дейді кәсібін жан-жақты зерттеген кәсіпкер.
Жәнібектің өзі өнім сапасына ерекше назар аударып, әрбір қаптаманың жоғары стандарттарға сай болуын қадағалайды екен. Жергілікті нарыққа бағытталған қуырылған пісте өнімдері қолжетімді бағамен сатылып, тұтынушыларға танылып үлгерген.
– Әр адам қоғамның бір бөлігі болғандықтан, әрбір азаматтың әлеуетін ашуға жағдай жасау маңызды. Мүгедектігі бар жандар да түрлі салада жетістікке жетіп, кәсіпкерлікпен айналысып, қоғамдағы басқа адамдарға үлгі бола алады. Менің кәсіп ашуым, тек жеке табыс көзі ғана емес, ел экономикасына қосылған үлес, әрі өзім секілді жандарға жұмыс орнын ашсам деген ниеттен туындаған кәсіп. Мені алға жетелеуші отбасым, өсіп келе жатқан балаларым, – дейді тағдырына мойымаған Жәнібек.
Келесі өндіріс орны қалаға «Айжамал тәттілері» атымен танылып үлгерген «Айжамал Group» ЖШС-ның кондитерлік өнімдер шығару цехы болды. 100-ден аса тәтті бәліштер мен торттардың 10 түрін, сонымен қатар жартылай дайын өнімдер шығаратын цех іші шет елдік заманауи жабдықтармен жабдықталған. «Айжамал тәттілері» – дәстүрлі және заманауи кондитерлік өнімдерді қолжетімді етіп, тұтынушылардың талғамынан шыққан. «Айжамал» брендімен шығарылатын тәттілер сапасы, табиғилығы және дәмділігімен ерекшеленеді, сондықтан да қала халқы арасында кеңінен танымал. Цехтағы кейбір тәттілер, тоқаш, кеспе, самса, қолмен жасалады. Бұл әдіс әрбір өнімге қайталанбас дәм беріп, ерекше сапалы болуына әсер етеді. Қаланың 8 жерінен сату нүктелерін ашқан, үлкен кәсіпорынға айналған «Айжамал тәттілері» 3 рет «Даму» қорынан қолдау тапқан. Алғашында 2016 жылдары үйде торт пісіріп сатуды бастаған келіншектің бүгінде кәсібі өрге домалаған бизнесмен.
– Өнімді өндіруде заманауи кондитерлік жабдықтар қолданылады, бұл өнімдердің біркелкі пісіп, сыртқы көрінісінің әдемі болуына әсер етеді. Сонымен қатар, заманауи технологиялар арқылы өндіріс процестері жылдамдап, үлкен көлемде өнім шығаруға жағдай жасалған. Айжамал Бауыржанқызы тек дәмді өнімдермен шектелмей, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпайды. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді, – дейді кәсіпорын өкілі Дана Абдухакимқызы.
Айжамал Бауыржанқызының үйден басталған кәсібі бүгінде Қазақстандағы үздік кондитерлік кәсіпорындардың біріне айналды. Оның қажырлы еңбегі, таланты және тұтынушыларға деген құрметі – табысқа жетудің басты құпиясы. «Айжамал тәттілері» кондитерлік өндірісі алдағы уақытта да елге сапалы әрі дәмді өнімдер ұсынып, ұлттық бренд ретінде кеңінен танылуды мақсат етеді.
Келесі аралаған нысанымыз жақында ғана тұсауы кесілген білім ордасы болды. Осы «Даму» қоры арқасында, мектеп бизнесін ашып, білім беру саласына үлес қосып жатқан компаниялардың бірі – білімге деген құштарлықты қолдап, заманауи оқу ортасын қалыптастыруды мақсат еткен кәсіпорын «Zangar Bilim» компаниясының «Аужан» КТЛ мектебінде қазіргі таңда 400 бала білім алуда. Жан-жақты білім берумен қатар спорт, сурет салу, бағдарлау және музыка сынды бағыттар бойынша 30 түрлі үйірме жұмыс істейді екен. Мектеп халықаралық стандарттарға негізделген білім беру бағдарламасын қолданады. Бұл оқушылардың жан-жақты дамуына көмектеседі. Оқу бағдарламалары инновациялық тәсілдермен толықтырылып, пәндер жаңаша оқытылады. Оқу орнында соңғы үлгідегі технологиялық жабдықтар орнатылған. Бұл оқушыларға тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік дағдыларды үйретуге мүмкіндік береді.
– Лицейде жоғары білікті мұғалімдер жұмыс істейді. Олардың көбі шетелдік оқу орындарында тәжірибе жинақтаған, көп тілділік және инновациялық оқыту әдістеріне жетік мамандар. Олар оқушыларға тілдерді меңгеруге, жеке әлеуетін ашуға, және өз жолын табуға көмектеседі. Мектебіміз Қазақстандағы білім беру жүйесіне жаңа леп әкеліп, оқушыларды көп тілділікке баулып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Лицейдің заманауи әдістемелері, тілдік бағдарлама және тәжірибелі мұғалімдері білім сапасын жоғары деңгейге көтеріп, халықаралық бәсекеге қабілетті жастарын қалыптастыруға бағытталған, – дейді мектеп директоры Әлібек Алатаев.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда кәсіп ашқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алу, гранттық қаржыландыру, кәсіпкерлікті оқыту және кеңес беру сияқты қызметтер түрі көп. Бұл қолдаулар кәсіпкерлердің өз кәсібін сәтті бастап, әрі қарай дамытуына, ел экономикасының өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Мұның барлығы – азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономикасын әртараптандыру мақсатында жасалып отырған шаралар.
Тек Сіз де істің көзін тауып, Жәнібектей жігерлі бола білсеңіз болғаны...
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА