Версия для печати

ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНА-КАБИНЕТІ Избранное

Пятница, 02 Июль 2021 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 748 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ғылыми-инновациялық кабинет 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінен ашылғанда дүйім ел елең еткен-ді. Қос профессор, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков пен Өмірзақ Айтбайұлы арнайы келіп, кабинетті ашып берген сәт күні кешегідей есімізде. Сол бір тебіреністі сәттен бастап бұл кабинетте ылғи маңызды жиындар, келелі кездесулер, ойлы отырыстар өтіп келеді.

360

 

Елбасы кітапханасы ОҚМПУ-дың бұрынғы Оңалбай Аяшевтің идеясымен ашылған. Мұндағы басты мақсат – жоғары білікті мамандарды ІТ технологияларды пайдалана отырып дайындау және оларды қазақстандық патриоттық рухта тәрбиелеу. Кабинет жоғары технологияның ең соңғы үлгісі бойынша жабдықталған. Университеттің бағдарламалық және техникалық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ләззат Байырбекова кітапхана Polycom видеоконференц-байланыс аппаратурасы, 16 делегатқа арналған дискуссиялық жүйе, соңғы үлгідегі 4 СМАРТ теледидарымен қамтамасыз етілгенін айтады.
– Бұл кабинетке жоғары жылдамдықпен локалды және WI-FI интернет қосылған және әлемдік интернет ресурстарына кіру мүмкіндігі жасалған. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Томсон Рейтерс әлемдік деректер қорына кіруге мүмкіндік бар. Мұнда үздік студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы ғылыми жобамен айналысады, - дейді Ләззат Мырзаханқызы.
Иә, Тұңғыш Президент атындағы кабинетке кіргеннен сөрелердегі кітаптар бірден көзге оттай басылады. Елбасының кітаптары мен оның Қазақстан Республикасында және шетелде басылған авторлық еңбектері, авторлардан Тұңғыш Президентке сыйға тартылған кітаптар мен Елбасы туралы жазылған 200-ден аса кітап осы жердің ең басты құндылығына айналған.
Назарбаев кабинетінен ғибратты ғұмырдың «Өмір өткелдеріне» көз жүгіртіп, «Өнегелі өмірдің өрнектерін» оқып, «Елбасы сыныптастары», «Елбасы сүйген Оңтүстік», «Тәуелсіздік», «Тұлға туралы толғамдар», «Қызмет хронологиясы (1991-2011) тақырыптарындағы туындыларды парақтайсыз.
200-ден астам кітапқа бірден тоқтала алмасақ та, екі-үшеуі жайында айта кеткенді жөн санадық. «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабында оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолы баяндалады. Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама іспетті. Кітапта фотосуретпен безендірілген бай материалымен бірге, жеке құжаттарды түпнұсқаларымен тең мәндес көшірмелерінің алғаш рет ұсынылуы да бұл басылымға айрықша құндылық береді. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді.

361


«Өмір өткелдері». Жазушы Мархабат Байғұт бұл туынды туралы былай деп жазады: «Аты қарапайым ғана. Алғашқыда солай сезілер. «Өмір өткелдері». Алайда, түйсігіңіз тереңге тартады. Өмір. Кімнің өмірі? Өткелдер. Қандай өткелдер? Ол кім? Ол – менің Президентім. Сіздің Президентіңіз. Елімен етене Елбасы. Өмір – Ұлт Көшбасшысының өмірі. Елбасының өмірі. Демек, ұлттың өмірі, елдің өмірі... Өмір өткелдері. Сұхбат кітабы. Бес жүз алпыс сегіз бет. Қазақ қазынасы десек, жарасар. Сындарлы сырдастан десек, үйлесер. Парасат пайымдары десек, ұнасар...» («Егемен Қазақстан», 2015 жыл, 7 шілде).
«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» Қазақстан Республикасы Президенті туралы очерктер жинағында халқымыздың Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Ақселеу Сейдімбеков сынды үркердей, ерекше талантты бір топ қаламгерлеріне өз қолымен жазылған хаттары да еніпті. Кітапты парақтап отырып байқағанымыз, Президент уақыт тапқан сәттерінде ақын-жазушылардың мерейтойларына хал-қадірінше көңіл бөліп, құттықтауын жолдап, өзінің ізетін білдіріп отырады екен.
Дәл осы кітапта сұхбат алушы «Қандай жағдайда және неліктен ол есімді қойған деп ойлайсыз? Мүмкін, әулеттеріңізде ұқсас есімді адамдар болған шығар?» деген тосын сұрақ қояды.
–Сұрақтың соңғы бөлігінен бастап жауап қайтарайын: әулетімізде, ағайын-туған, ауыл-аймақ, жалпы жекжат-жұрағат арасында ұқсам есімді адамдар болмаған. Ол – анық. Есейген кезде де сұрастырып көргем – жоқ.
Енді есімімді қалай қойғанын білмеймін, ал неліктен екенін түсіндіріп көрейін. Елдің айтуынша да, менің пайымдауымша да, бұл есімді Құраннан алған болса керек. Өйткені, әжеміз Құдайға сеніп, құлшылық еткен, намаз оқитын – мұсылмандықты қастерлеген адам еді.
«Молдалармен ақылдасты, әдейі осы есімді таңдап қойды...» дейтін сөз бар. Мен кейін Құранды арнайы қараған едім. Құдайдың 99 есімі бар. Солардың ішінде Нұр деген бар, Сұлтан деген бар, бірақ Нұрсұлтан дегені жоқ. Әлгі «молдалармен ақылдасты» деулері – «Жаратушының екі атын біріктіріп қойсақ қайтеді?» деп кеңескендері болса керек...- деп жауап береді Елбасы.
Н.Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен» кітабында ой-толғамдары жазылған. «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ, өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» деген сияқты ойларымен өріледі.
Ұлт көшбасшысының кабинетіндегі смарт теледидарлар мен компьютерлерде Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан кемелденген кезеңіне дейінгі фотосуреттері слайдпен көрсетіледі. Тек Елбасы туралы көрсетіледі, айтылып, жазылады десеңіз, қателестіңіз. «Қызмет хронологиясы. 1991-2011ж.ж.)»-нан бастап әрбір кітабында тәуелсіз Қазақстанның қазіргі бейбіт өмір, игілікті тірліктің бәрі, Астананың асқақтауына дейін сипатталады. Ендеше Тәуелсіздік табалдырығын аттағаннан бүгінгі азаттықтың ақ таңына дейінгі Қазақстан жолын оқып, білгіңіз келсе, ОҚМПУ-дағы Н.Назарбаев кітапхана-кабинетіне бас сұқсаңыз болады. Өйткені, мұндай орын Елорданың сәулетті нысандарының бірі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынан кейін ЖОО арасында біздің Шымкентте ғана бар. Екеуі де осыдан тура 8 жыл бұрын, 2013 жылы ашылған еді. Бұл кабинет бүгінде шымкенттіктердің мақтанышына айналып отыр.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.