Бүгін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен генерал-майор Ералы Жұмаханбетов қаладағы модульді полиция бекеттерін аралап көрді.
– Қазіргі таңда Қазақстанда полиция қызметтің сервистік моделіне көшіп жатыр. Соның бір көрінісі ретінде Шымкентте 100 модульді полиция бекетін ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтуға болады. Өткен жылы алғашқы 6 бекеттің құрылысы басталған болатын. Оның екеуі ашылып, жұмыс істеп тұр. Қалғандары жақын күндері іске қосылады, - дейді Е.Жұмаханбетов.
Модульді бекеттердің бірі Самал шағынауданында орналасқан. Мұнда учаскелік полиция инспекторы, жол-патрульдік полиция, көші-қон полициясы және ювеналды полиция қызметінің өкілдері жұмыс істейді. Бекет барлық қажетті құрал-жабдықтар және қызметтік автокөліктермен қамтылған. Шұғыл жағдайларда тұрғындар алысқа бармай-ақ осы жерде полицияның көмегіне жүгініп, арыз-шағымдарын да өткізе алады.