СПОРТСҮЙЕР ЖАНДАРДЫ БІРІКТІРГЕН SHYMKENT MARATHON Избранное

Пятница, 17 Февраль 2023 04:46 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5020 раз

Қыс айларында қозғалыстың аздығы қиындық тудырып, белсенділік өмірдің – бір бөлшегі екенін жиі еске аламыз. Мұндайда тығырықтан шығар қарапайым ғана жол – спортпен шұғылдану дер едік. Бүгінгі мақалаға спорттың жаяу жүру, жүгіру, скандинавиялық жүріс секілді түрлерін жанына серік етіп, Shymkent Marathon-ның тұрақты қатысушыларына айналған кейіпкерлерімізді арқау етеміз.

12

 

–Өткен жылдың қазан айынан бастап таңертең үйден жұмысқа, қайтарда жұмыстан үйге жаяу қатынауды әдетке айналдырдым. Сонда күніне 2,5 шақырымдай жаяу жүреді екенмін, - дейді Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың сектор меңгерушісі Гауһар Медеуова.
Алпысты алқымдаған шымкенттік Гауһар Медеуова осылайша Royal Club Fitness & SPA қолдауымен қаламызда жыл сайын өтетін Шымкент марафонына қатысуға дайындалып жатқанын жеткізді. «Күнделікті жаяу жүру арқылы марафонға дайындығымды пысықтап, бұл жарыс кезіндегі қиындықтарға төтеп беруге көмектесетініне сенімдімін», - деген Гауһар Шерімқызы жасына қарамай спортқа келуінің сырымен былайша бөлісті. – Марафонға қатысуға деген құлшынысым бұрыннан болды. Бірақ 2018 жылдың жазында аяғымды сындырып алдым, оған басқа да жағдайлар қосылды. Осылайша спорттық жоспарларымды кейінге қалдыруға тура келді. Жас кезімнен спортпен дос болдым, бір кездері жүгірумен, волейболмен, баскетболмен де айналыстым.
Кейіпкерімізге «марафонға қызығушылық қалай пайда болды» деген сауал тастадық.

13


–Мен 15 жасымда Эрнест Хемингуэйдің өмірбаянын оқыдым. «Әрқашан бірінші бол!» – бұл оның өмірлік кредосы болды. Бұл сөздің маған қатты әсер еткені соншалықты, оны өмірлік ұраныма айналдырдым. Содан бері мен өмірімде, оқуда, жұмыста да көшбасшы болуға тырыстым. Спортта да бұл қағида маған жігер берді.
Shymkent Marathon-ға қатысудың өзі тамаша. Бұндай іс-шаралар күш-қуат, жақсы көңіл-күй, өзіңе сенімділік, батылдық сыйлайды, мұның барлығы ең бастысы –денсаулыққа пайдалы. Екіншіден, жасыма қарамастан әлі де жастармен бәсекеге түсе алатынымды өзіме дәлелдегім келді, - деді спортқа жаны жақын Гауһар Шерімқызы.
Қыркүйек айында өтетін Шымкент марафонында 60 жастағы Гауһар Медеуова бес шақырым қашықтықты немесе скандинавиялық жаяу жүруді таңдап отыр. – Мүмкін марафон күні жақсы физикалық формада болып, он шақырымды бағындыра алатын шығармын. Оны уақыт көрсетеді,- дейді ол.

14


Ал келесі кейіпкеріміз 40 жастағы шымкенттік кәсіпкер-ресторатор Давлатбек Хидировтың бұл салада тәжірибесі мол. «Royal Club ұйымдастырған барлық марафонға қатыстым. Бес және 10 шақырымдық қашықтықты таңдадым. Үнемі жүлделі орындардан көріндім. Сонымен қатар, клубтық марапаттар да болды, Royal club пен Kasiet клубтың мүшелері арасында бірінші орынға ие болдым», деп жеңістерімен бөлісті Давлатбек.
Давлатбек Хидиров мектеп кезінде күрес және дзюдомен айналысқан, спорт шеберіне кандидаттық дәрежесі бар.
– Осы уақытқа дейін спорт менің өмірімде үлкен орын алады, бірақ қазір әуесқой спортшымын. Физикалық дайындығымды формада ұстап тұру үшін Royal Club Fitness&SPA-да жаттығамын, мен осы клубтың амбассадоромымын. Shymkent Marathon сияқты ауқымды шаралар өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға өте жақсы мотивация деп білемін. Сонымен қатар, спорт адамдарды жақындастырады. Оның дәлелі Шымкенттегі жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден де қатысушылар келеді. Бұл біз жыл бойы күтетін нағыз спорт мерекесі. Сонымен қатар ұйымдастырушылар тәжірибе жинақтаған сайын марафонның ауқымы кеңейіп, қызығырақ әрі ұйымшылдығы артып келеді, - деді әуесқой спортшы. Давлатбек таныстарына жүгірудің денсаулыққа пайдасын әрдайым насихаттап жүретінін айтып қалды. Ол мына оқиғаны баяндап берді: «Танысым арқа грыжасымен ауыратын. Ол бірде маған «марафонға қатыса аламын ба» деп кеңес сұрады. Мен «әрине, болады» деп жауап бердім. Өйткені, онда жүгіру ғана емес, скандинавиялық жүріс те енгізілген, оның да марапаты бар, медальдар беріледі. Спорттың бұл түрі десаулыққа өте пайдалы, адамға жарқын эмоция, қуат пен мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Танысым, осыдан кейін алдағы жарысқа міндетті түрде қатысамын деді».

10


Давлатбек қазір клуб мүшелерімен бірге еліміздегі және шетелдегі түрлі жарыстарға қатысып жүр. Жақында Өзбекстанның Бұхара қаласында өткен марафонда жүлделі орыннан көрінген.
–Биыл да Shymkent Marathon-ға қатысуды жоспарлап отырмын. Кем дегенде, өткен жылғы бес шақырымды 20 минутта жүгіріп өткендегі нәтижені жақсартсам деймін. Мен бұл уақытты кем дегенде бір минутқа қысқартып, нәтижені 19 минутқа жеткізгім келеді. Бұл үлкен жетістік болады деп ойлаймын!-деп әңгімесін аяқтады.
Шымкенттік бизнес-леди Ақмарал Сихымбаева – мұндай жарыстардың талайын бағындырған ару.
–21 шақырымдық қашықтықты (жартылай марафон) бағындыруда менің жасымда қарсыластарым көп емес. Сондықтан жүлделі орындарға ие болу бақыты жиі бұйырды. Бұған дейін фитнес-клубта жаттығу залында жаттықтым және жүзумен айналыстым. Карантин кезінде төрт қабырғаның ішінде отыру мүмкін болмай үйдің жанындағы мектеп алаңында жүгіруді бастадым. Алдымен бір шақырым, сосын екі, бес, он. Сөйтіп, спорттың бұл түріне қызығушылымы оянды. Сосын жаттықтырушымен кәсіби түрде айналысуды қолға алдым. Нәтижесі мені триатлонға жетеледі. Ол үш спорт түрін қамтиды. Жарыс кезінде үзіліссіз жүзу, велоспорт және жүгіруді қатарынан аяқтауыңыз қажет, - дейді Ақмарал Рысбекқызы.
Қазір Ақмаралдың триатлонмен айналысқанына екінші жыл. Аз-кем уақыт ішінде ол халықаралық Ironman жарысында топ жарған. Жарыста ашық суда 1,9 шақырымға жүзіп, содан кейін велосипедпен 90 шақырым жүріп өтіп, сосын 21 шақырымды бағындырған. Ол бұл жарысты жеті сағатта аяқтап, өз жас санатымен бірінші орынға ие болған. Ендігі белесі – Финляндияданың Лахти қаласында өтетін триатлоннан әлем чемпионаты. Shymkent Marathon туралы желаяқ қыздың өз пайымы бар.
– Shymkent Marathon-ның негізгі бағыты жүгіру болғандықтан, мұндай шарадан қалыс қалмадым. Былтырғы марафонды ұйымдастыру деңгейі өте жақсы болды. Жанкүйерлердің көптігі, еріктілер, шабыттандыратын музыка және тамаша пит-стоптар (тамақ ішуге, сергітуге, волонтерлерден моральдық қолдау алуға болатын орындар) - бәрі де жоғары деңгейде деп айта аламын.
Шымкент марафонына қатысуды ойлап жүрген әрбір жаңға айтарым, төлқұжаттағы жасыңызға қарамай, алдыңызға тосқауыл қоймай, мақсатыңызға табанды түрде жетуге кеңес беремін. Менің жүрім өткен жолдарым мен тәжірибемнен айтайын, ешқашан жүгіруді бірінші немесе тіпті екінші шақырым деп бағаламау керек. Өйткені басында қиын. Бірақ уақыт өте келе бірнеше шақырым жүгіргенде теңдесі жоқ ләззат ала бастайсың. Марафон адамдардың бірі-бірімен жарысуы деп пікір түю қате. Онда адамдар бір-бірімен танысады, кейбір тәжірибелерімен бөліседі, марафонның атмосферасының өзінен жарысқа қатысқыңыз келеді.

Ақмарал Рысбекқызының биыл алға қойған мақсаты Ironman – Temiradam кубогында бағын сынау.

11


–Өткен жылы осы байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Айтпақшы, триатлон әлемде және Қазақстанның ірі қалаларында танымал бола түсуде. Бірақ бұл өте қиын және қаржылық жағынан қымбат спорт түрі. Әйелдер оған қатысуға құлықсыз, қазір менің жасым 55-те. Сондықтан маған бәсекелестер жоқ. 2022 жылы Кападокиядағы халықаралық Ultra-Trail жарысында тау марафонында 38 шақырым, Қапшағайдағы ашық суда халықаралық Oceanman жүзуінде 1,5 шақырымды жүзіп өттім. Ал осы жылдың шілде айында бес шақырымға жүзуді жоспарлап отырмын, - деді марафоншы.
Ақмарал Сихымбаеваның жасының 55-те екені нану қиын. Марафоншы мұнымен тоқтап қалғысы келмейді, жартылай марафонда жеке рекордқа жетемін деп алдына таудай мақсат қойып отыр. Толық марафонда 42 шақырымды межелеуді армандайды. Мүмкін осы маусымда бұл арман орындалатын шығар.
Ал Shymkent Marathon осындай жандардың басын қосып, спортсүйер қауымға жол салып келеді.

Дайындаған А.КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Жеңістің басы – бірлікте Бітімі бөлек балуан »