ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫН

Пятница, 17 Ноябрь 2023 06:05 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3105 раз

немесе қазақ спорты неге тұралады?!

Бұл біздің басыбайлы сөзіміз емес. Бабаларымыз ел басқарған хандарға айтқан. Аталарымыз айтқан. Аю мен айдаһардың қыспағында қалып жаны ышқынған Абылай ханға Бұқар жырау бабамыз айтқан.

561

 

Ал, біз тұралап бара жатқан спорт туралы кеп қозғағанымызда атадан келе жатқан осы сөзді қолдандық.
Ханчжоуда өткен Азия ойындарында спортшыларымыз сүреңсіз өнер көрсетті.
Бір замандарда айдарынан жел ескен қазақ спорты Азия ойындарында алдына әлемде ең халқы көп Қытай, Азияның айбарына айналған Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттерін ғана алдына салып үздік төрттікті қортындылайтын. Милиардтаған халқы бар Үндістан қозы көш жерде қалатын.
Енді не болдық?! Үш олимпиада ойындарында осетин Артур Таймазовтың алтынына қарап отыратын Өзбекстан спортты дұрыс жолға қойып, бізді сүт пісірім уақытқа қалдырып кетті. Көрші, бауырлас халық қой, ал біз неге шаңын жұтып қалдық.
Бұл сауал Қазақстан Республикасының спорты мен мәдениетіне иелік етіп отырған Ермек Маржықбаев мырзаға арналады.
Бірнеше Олимпиада ойындары мен Азия ойындарына барған, жақсы жаңалықтары үшін халықтан құс қанатымен сүйінші сұраған спорт журналисі ретінде бұған құқым болуы керек.
Хош... Азиядадан кейін спортшыларды қабылдаған Мемлекет Басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды құттықтай отырып, спорттағы келеңсіз мәселелерді жіпке тізіп берді.
Спорт және туризм министрлігі аударылып төңкерліп не істерін білмей жатқанда ҚР Парламентінің депутаты, әріптесіміз Нартай Аралбайұлы ҚР Премьер Министрі Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Денсаулық, білім саласының жайы белгілі. Расында, спортты сеніп тапсырғандарымыздың арасында өзі шексіз баю үшін әрекет етіп жатқандар көп болып көрінеді.
Депутат мемлекет бюджетінен спортқа 775 млн.доллар бөлінетіндігін айтады да, мысалдармен жіліктеп береді. Мәселен, 2021 жылғы Токио олимпиада ойындарында Қазақстан 8 қола медаль алып, қатысқан 192 мемлекеттің ішінде 83-і орын алды.
Керемет жетістік дей аласыз ба?!
Енді салыстырып көріңіз. Жоғары спорт түрлеріне бар жоғы 41 млн.доллар бөлген Нидерландия мемлекеті Токиода 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алып айды аспанға шығарды. 46 млн.доллар бөлген Данияның қоржынында 3 алтын, 4 күміс, 4 қола бар.
Нартай бауырымыз күйінетіндей бар. «Бақсам бақа екен» демекші, Қазақстан спорт және туризм министрлігі мемлекеттің бюджет қаржысымен әлемдегі барлық спорт түрлерін қаржыландыруды қолға алғандай көрінеді. Ішкі есептері түгел министрлік 183 спорт түрлерін қаржыландырады екен.
Спорттағы жетістік Олимпиада ойындары мен Азия ойындары, әлем чемпионаттарымен өлшенеді десек, Қазақстанның 183 спорт түрінің елу шақтысы ғана осы санатқа кіреді.
Ал, әлемдегі ең мықты мемлекеттердің бірі Ағылшын елі жоғары спорт түрлерінің 15-ін ғана таңдаған. Азуын айға білеген Германия үшін 18 түрі жеткілікті.
Ал, құдай қосқан қоңсымыз Өзбекстан олимпиада бағдарламасына кіретін спорттың 17-і түріне ғана мемлекет қаржысын жұмсайды. Сонда 775 млн.доллармен Олимпиада ойындарын 83-і орынмен қортындылаған Қазақстан спортының көксегені не?!

Депутат айтуға ауыз бұралатын спорт түрлерінің мемлекет ақшасымен қаржыландырылып жатқанын ашынып айтады. Расында, спорттық балық аулау, спорт на пилоне деген неге керек?! Осының ар жағында жекелеген шенеуніктердің «менің бизнесім, менің табыс көзім ғой» деген дауысы естіліп тұратын сияқты. Мемлекет қаржысымен шексіз баю деген осы шығар.
ҚР Спорт және туризм министрлігі жер жаһандағы атаусыз спорт түрлерін қазақ қаржысымен жарылқағаны аздай, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің да егініне кіріп кеткен сыңайлы.
Министрлік бюджетінің 311-бағдарламасында шаруа қожалықтары мен фермерлерді субсидяилау үшін 54 млрд. теңге бөлінер екен.
Спорт пен ауылшаруашылығының осы қарым-қатынасына министрлік өкілі жарытып жауап бере алмапты.
Бұл не деген дарақылық, батпан құйрық десеңізші...
Нартай Аралбайұлы тек жойдасыз фактілерді су бетіне шығарып қана қоймай, осы мәселелерді шешудің тетіктерін де ұсынған екен.
Біріншіден, Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек.
Екіншіден, Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самрұқ-Қазына»-дан 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келгенде ол ақша «Самрұқ-Қазына»-ның емес халықтың ақшасы.
Үшіншіден, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін спорттық клубтар.
Төртіншіден, Жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ.
Сөз басында ҚР Спорт және туризм министрі Ермек Маржықбаевқа бағыттаған мәселенің мәнісі осы.
Спортымызда ешкім білмейтін кездейсоқ адамдар көбейіп кетті. Қаркен Ахметовтай тұлғалар жоққа тән. Қазақстанда қазақ саны отыз пайызға жетпейтін шақтың өзінде сол Қаркен ағамыздың дем беруімен Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов сияқты ұлт айбарлары өсіп шықты.
Қазақ спортын отыз жылға жуық басқарған Аманша Ақбаев Жақсылық Үшкемпіровтей оғланды Мәскеу олимпиадасына өзі жетелеп барды. Марқұм Омар Исаханов спорттың отымен кіріп, күлімен шығушы еді-ау.
Қазіргілерден ондай тұлғаларды байқамаймыз. Спорт комитетінің төрағасы Ербол Мырзаболсынов деген бауырымызды біле бермейді екенбіз. Негізінде, бұл жерге спортта да, басшылықта да жетістікке жеткен азаматтар сайланатын еді. Мәселен, Садық Мұстафаев. Жақсы дзюдошы, жақсы бапкер болды. Олимпиада ойындары жүлдегерлерін бермек түгілі бір лицензия алып көрмеген Қызылорда облысының спортын басшы кезінде әлемдік деңгейге көтеріп жіберді. Бір Асхат Шахаровпен-ақ қазақ спорт тарихына есімін алтын әріптермен жазған ақтөбелік Асылбек Құлмағанбетов қандай. Асылбектің тәлімін алған Асхат қала басқарды, қазір облыс әкімі. Даңқты балуандардың томағасын сыпырған семейлік Мерей Көшкінов. Тағы да айтулы тұлғалар көп.
Осындай азаматтар спорт комитетінің төрағасы болса түсінер едік.
Спорттағы осы оралымсыздық, бюджет қаржысын оңды солды шашу, мемлекеттік іске жаны ашымау кездейсоқ басшылардың жұмысын дұрыс алып жүрмеуінен деп қалай айтпайсың?
Жан айқай күйінгеннен шығады. Айттық. Сталин байқұс «кадр-бәрін шешеді» деп аталы сөз қалдырған екен. Артында. Парламентте спорттың өкілі қойылған сұрақтарға жарытып жауап бермепті.
Ал, Спорт және Туризм Министрі осы сауалдарға қалай жауап берер екен?! Халықтың сауалына.

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.