ҚОРЖЫНДА – 5 ЖОЛДАМА Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:20 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1122 раз

Шымкент қаласының спортшылары биылғы Жазғы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық үстінде. Бүгінде қала спортшылары 5 жолдамаға ие болды. Бұған дейін оқ атудан Никита Чирюкин мен боксшы Махмұд Сабырханның жолдамаға қол жеткізгенін жазған едік. Лицензия иегерлерінің қатарына таэквондо мен семсерлесушілер қосылды.

SPORT-100

 

Шпагамен семсерлесуден Грузия астанасы Тбилисиде өткен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан командасы Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Жарыстың қорытындысы бойынша алғашқы төрт орында тұрған команда Олимпиадаға тікелей жолдама алады. Жапония сол төрттік қатарында Парижге бару мүмкіндігін алған соң, Азиядағы жалғыз лицензияға Қазақстан мен Оңтүстік Корея таласты.
Шешуші сында Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов, Ерлік Сертай мен Вадим Шарлаимов төрттігі Олимпиадаға лицензия иеленді. Әлемдік ереже бойынша командалық сынға бір, жекелей сында үш жолдама Қазақстан қоржынына түсті.
Қазақстан ерлер командасы Тбилисидегі әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды. Біздің спортшылар жарыстың жартылай финалына дейін жетті. Финал жолдамасы үшін таласта Чехия құрамасымен кездесіп, ұпай есебімен қарсыласқа жол берді. Қола медаль үшін өткен кездесуде жерлестеріміз Италия құрамасын 45:35 есебімен жеңді.
Еліміздің құрама командасының сапында Эльмир Алимжанов пен Ерлік Сертай Шымкент қаласының спортшылары екенін айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, таэквондодан Қытайдың Тайань қаласында өткен лицензиялық турнирде 58 келіге дейінгі салмақта Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Ол жартылай финалда филиппиндік Курт Криан Барбосаны 2:0 есебімен ұтты. Осылайша, 20 жастағы спортшы өзінің алғашқы Олимпиадасына аттанбақ. Айта кетелік, шымкенттік спортшы іріктеу сынында Қырғызстан мен Таиланд спортшыларынан басым түсті.
Ендігі кезекте балуандарға үміт артамыз. Күрес түрлерінен құрлықтық іріктеу турнирінде үш жерлесіміз бақ сынайды. Олар – грек-рим күресінен Азия чемпиондары Мейіржан Шермаханбет (67 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі), әйелдер күресінен Елена Шалыгина (68 келі). Жерлестерімізге сәттілік тілейміз. Аталған бәсеке 19-21 сәуірде Бішкекте (Қырғызстан) өтеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.