МАХМҰД МАҚСАТЫНА БІР ҚАДАМ ЖАҚЫНДАДЫ Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:21 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 755 раз

Жеңісті дәстүр үзілмек емес. Шымкент қаласының боксшылары әр Олимпиада ойындарында бақ сынап келеді. Бұл жолы сол дәстүрді жас дарын Махмұд Сабырхан жалғастырды. Өткен жылы әлем чемпионатында топ жарған жерлесіміз Париж ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Ендігі мақсат – төртжылдықтың басты бәсекесінде ел үмітін ақтау. Жолдама – қалтада. Бабы да келісіп тұр. Енді бағы келіссе болғаны...

SPORT-101

 

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік лицензиялық турнирде ел боксшылары 5 жолдаманы қоржынға салды. Атап айтқанда, әлем чемпиондары – Сәкен Бибосынов (51 келі),
Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Айбек Оралбай (92 келі) сенімді ақтады. Бәрі де талай сынақтан өткен сақа спортшылар.
Өткен Олимпиада ойындарында Шымкент қаласынан Закир Сафиуллинге үміт артқан едік. Енді жас та болса бас болып жүрген Махмұдтың тілеуін тілейміз. Расында, әлемдік іріктеу турнирінде жолдама оңайлықпен келген жоқ. Жерлесіміз өзінің ежелгі қарсыласынан да, кәсіпқой боксшыдан да айласын асыра білді. Атап айтқанда, М.Сабырхан әуелі эфиопиялық Фикремариям Летаны, одан кейін тайландтық Суктет Саравутты, пуэрто-риколық Калеб Тирадоны жеңді. Ал жолдама сарапқа салынған ширек финалда кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізген Асрор Вохидовтың (Тәжікстан) аптығын басты.
Тарихтан сөз қозғасақ, 2016 жылы Риода Оңтүстіктің өрені, әлем чемпионы Қайрат Ералиев 56 келіде жүлдеге таласып көрген еді. Енді бұл салмақтың тізгіні Махмұдқа тиесілі.
Махмұд Айдарханұлы – Шымкент қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері» клубының спортшысы. 2001 жылы Шымкент қаласының қазіргі Маятас елді мекенінде туған. Бокс өнерімен 9 жасынан бастап шұғылданады. Оның бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Алдымен 2016 жылы Оралда өткен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатына 44 келіде қатысты. Бірінші жекпе-жегінде-ақ қарағандылық Талғат Сырымбетовке 1:2 есеппен есе жіберген-тін. Осы жеңілістен сабақ алған ол араға жыл салып, Ақтауда өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында (2017 жылы) 46 келіде жеңімпаз атанды. Сол жылы Филиппинде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында да қарсылас шақ келтірген жоқ. 48 келіде жапониялық Тошия Янодан басым түсіп, алғаш рет құрлық додасында бас бәйгені олжалады. Жартылай финалда Өзбекстандағы қандасымыз Руслан Абдуллаевты да сан соқтырған еді.
2018 жылы Тайландта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 49 келіде үздік шықты. Одан әрі осы жылы Будапештте (Венгрия) өткен жастар арасында әлем чемпионатында қола жүлде алып, әлемдік деңгейде таныла бастады. Сөйтіп 2019 жылы Ұланбатырда (Моңғолия) өткен жастар арасында Азия чемпионатында топ жарып, ересектер сапына ауысады. 2020 жылы Шымкентте өткен ересектер арасында ҚР чемпионатында алғаш рет ел үздігі деген атаққа қол жеткізді.

SPORT-102


2021 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алса, 2023 жылы әлем чемпионатында жарқырай көзге түсіп, елге алтын жүлдемен оралды. 2022 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері және 2023 жылы
U 22 Азия чемпионатында бас жүлдеге ие болды. 2023 жылдың соңында ҚР Спартакиадасында 57 келіде жеңімпаз атанып, Олимпиада жолдамасына таласу құқығын жеңіп алды.
Одан бөлек, 2020 жылы Дебрецендегі (Венгрия) Иштван Бочкай, 2021 жылы Испаниядағы Boxam турнирінде жүлдегер, «Странджа» (2022 жылы) және Елорда кубогы (2023 жылы) турнирінің чемпионы.
Махмұд 2021 жылы әлемдік сайыстың күміс жүлдесін алған сәтте көзіне жас алып тұрып, келесі чемпионатта елге алтын жүлдемен оралатынына уәде берген. Жаратқан сәтін салып, өткен жылы Ташкент төрінде сол мақсатына жетті. Былтыр Олимпиада жолдамалары үлестірілген Азия ойындарында лицензияға жетпей сүрінген еді. Әлемдік іріктеу турнирінде елдің үмітін ақтап, Олимпиада ойындарында жүлде алсам деген мақсатына жақындай түсті.
Махмұд Сабырханның техникалық әдіс-айлалары да уақыт сәтімен толыға түсуде. Көз ілеспес жылдамдықпен қарсыласты төпелеп өтіп, жарқ-жұрқ еткен қимылы көпшілікті сүйсінтеді. Жанкүйерлер жеңіп жатса да тізгінді тартпайтын қайсарлығына тәнті. Италия шаршы алаңында Тайланд боксшысына қарсы бәсекеде бірінші раундта есе жіберіп жатқан-ды. Бапкерлердің нұсқауымен келесі раундтарда соққыны жаудырып, жеңісті жұлып алды.
Бокс мамандары шымкенттік сайыпқыранның техникалық мүмкіндіктерін жоғары бағалайды. Махмұд барлық стильде жұдырықтаса біледі. Шабуылда, қарымта шабуылда, қарқынын үдетіп, шаршы алаңда еркін ойқастайтын дарынды спортшы. Жалпы жекпе-жекте өзін барлық қырынан көрсете алатын талапты жас.
Әрине, бүгінгі жетістіктерге жетуіне жеке бапкері Ильяс Оралбеков көп үлес қосты. Жаттығу залдарында табанды еңбек етіп, шүмектеп тер төкті. Техникалық әлеуеттерін дамытуда өзгеше өрнек қалыптастырды. Мұның бәрі де жеке бапкерімен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі.
– Әлемдік іріктеу турнирінде шәкіртім барлық тапсырманы орындай білді. Әлі де кемшін тұстары бар. Жаңа салмаққа да уақыт сәтімен төселіп келеді. Бұған дейін де көптеген турнирлерде бақ сынады. Олимпиадаға дейін бірқатар оқу-жаттығу жиындарына, турнирлерге қатысамыз. Жалпы айтқанда Париж ойындарына тыңғылықты дайын болып барамыз. Тілеулестік танытып отырған барша жанкүйерлерге, отандастарыма алғысымды айтамын, – дейді спортшының жеке бапкері Ильяс Зиятбекұлы.
Париж шаршы алаңында кімдер қарсылас болмақ? Енді осы жөнінде аз-кем айтып өтсек. Қазіргі таңда жолдамаға ие болғандардың басым бөлігі анықталып қойды. Әлем чемпиондары – Абдумалик Халоков (Өзбекстан), Жамал Харвей (АҚШ), әлем чемпионатының жүлдегері – Сайдел Хорта (Куба), Азия ойындарының күміс жүлдегері Шудай Харада (Жапония), Еуропа құрлығынан Хавьер Ибанес (Болгария), Василий Устрой (Бельгия) сынды жампоздар Париж шаршы алаңында Олимпиада жүлделерін сарапқа салады. Олардың арасында әлем чемпионы Махмұд Сабырханның да өз орны бар. Біз жерлесімізге сәттілік тілейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.