Шаруалар ғылымға оң қабақ танытса, өнімнің көлемі артады Избранное

Среда, 12 Апрель 2023 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1418 раз

Шымкент қаласында жылдан жылға өндіріс орындары мен әлеуметтік нысан құрылыстарының көптеп салынуынан егіс алқабының көлемі қысқарып келеді. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған кезде ауыл шаруашылығы жерлері 64 мың гектар болса, бүгінгі таңда 27 мың гектарға азайып отыр. Десек те, қала маңында дәнді-дақыл, майлы дақыл, мал азықтық дақылдар, көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерін өсіру бағыты кенжелеп қалған жоқ. Шымкенттің топырағы саздауыт болғанымен, күннің жылылығы саладағы тірлікті жандандыруға күш береді.

185

 

Шымкент – көкөніске маманданған аймақ

Ауыл шаруашылығы саласының өнімділігіне жергілікті географиялық жағдайлар сөзсіз әсер етеді. Сондықтан да, аймақтардың ерекшелігін ескеру өте маңызды. Қай жерде не өсірген абзал? Бұған ғылыми негіздеме бар ма? Осының бәрі ескерілуі керек. Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Досымбек Сыдықтың айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті ерекшеліктеріне сай ауыл шаруашылығы өндірісінің белгілі бір түріне маманданған бірнеше аймақ бар. Маңғыстау облысындағы шөлейт аймақтан Түркістан облысына дейін бес аймақ бар. Шығыс Қазақстан облысында дала, құрғақ дала, шөлейт, тау бөктеріндегі шөлді-дала, Орта Азия және оңтүстік Сібір таулы аймақтарында арнайы мамандандырылған жерлер бар. Қазақстанның орманды дала аймағын ең өнімді және тұрақты аграрлық өндірісі бар шағын аумақ алып жатыр. Бұл жерлер астық және сүт, картоп, майлы дақылдар өндірістерін дамытуға бағытталған. Егер Ақмола облысы егін шаруашылығына маманданса, Ақтөбе облысында егін және мал шаруашылығы, ал Шығыс Қазақстан облысы дәнді-майлы дақылдар өсіруге бейімделген. Алайда әр аймақ белгілі шаруашылыққа ыңғайланған болса да, жалпы ауыл шаруашылығының негізін егін шаруашылығы құрайды.
–Шымкент қаласының топырақ құрамы еліміздің орталығы мен солтүстігі секілді аса құнарлы емес. Әйтсе де, климаттық жағдай өте ыңғайлы, жылы ауа райы бар. Сондықтан Шымкенттің айналасына көкөніс, жеміс-жидек және бақша өсіруге басымдық беру керек. Шымқаланы осы шаруашылыққа бейім аймақ деп айтуға болады. Бүгінде ғалымдар арасында өсімдіктің негізгі қоректенуі жөнінде пікірталас бар. Бір тарап өсімдіктер өсуі, мол өнім беруі үшін тамырдан көбірек қоректендіру керек дегенді ұсынса, өзге ғалымдар жапырақ арқылы көбірек қоректенеді дейді. Екі жақтың да тұжырымы дұрыс. Алайда бұл географиялық аймаққа да байланысты. Сәбіз, картоп секілді бақша өнімі көбіне азықты топырақтан алады. Мәселен, еліміздің солтүстігіндегі жерлер қарашіріндіге бай болғандықтан тамыр-жемісті өсімдіктер жақсы өседі. Екінші тараптың пікірі бойынша, күн нұрынан өсімдіктің жапырағында фотосинтез түзіліп, сахароза мен фруктозаға айналады. Мұның бәрі адам ағзасына күш беретін, пайдалы көмірсулар мен талшықтар. Топырағы саз, құнарсыз болса да, оңтүстіктің тіл үйірер алмасы, жүзімі, өзге жемістерін, дәруменге бай қияры, қызанағын басқа өңірден таппайсыз. Сондықтан, қала төңірегіне көкөніс пен жемістен асқан ұтымды шарушылықты көріп тұрғаным жоқ. Қаламыз мегаполис екенін, жылдан жылға егістік жерлер қысқарғынан ескерсек, көкөністі жылыжайда өсірген әлдеқайда тиімді, - дейді ғалым.

Құнарсыз жерден де өнім алуға болады

Заман ілгерілеген сайын, диқандар да егін егу, топырақты құнарландыру жайында өздігінен ізденіп, көштен қалып жатқан жоқ. Интернет желілері арқылы түрлі әдіс-тәсілдерді үйреніп, тәжірибеден өткізіп жүр. Биогомус өсіру, органикалық тыңайтқыштар, мол өнім алу үшін баламалы тыңайтқыш жасап, оны өздігінен өндірісте қолданып жатыр. Әсіресе, биогомус өсіруге деген қызығушылық жылдан жылға артып, шаруалар егіс алқабында кеңінен қолдануға көшті. Досымбет Алмаханбетұлы шаруалардың ізденісіне оң бағасын бергенімен мамандардың кеңесіне де құлақ асқан жөн дегенді алға тартты.

187


–Құнарсыз жерден де мол өнім алуға мүмкіндік бар. Тіпті, өнімнің құнары құнарлы жердің өнімінен де жоғары болатынына ғылыми тұрғыдан да дәлелім бар. Күнгей өңіріміздің жазғы аптабын ұтымды пайдаланудың арқасында кез келген саз жерден таудай қырман астық жинауға болады. Ол үшін диқан өсімдікті тамақтандыруда тек тамырына мән бермей, жапырағына да көңіл бөлуі керек. Оңтүстіктегі диқандардың ең ұтымды тұсы да осы – өсімдіктің жапырағы. Ең бастысы жапырақтарға пестицидтер мен фунгицидтер жиі шашып, зиянкестерден қорғап отырса болғаны. Өйткені микротыңайтқыштар сау жапыраққа шашылғанда ғана көзделген мақсатқа жетеміз. Біз диқанның астығы қырманға айналатындай көптеген ғылыми кеңес бере аламыз. Өкініштісі, ғалымдар мен шаруалар арасында байланыс үзіліп, бүгіннің шаруалары мамандардың көмегіне жүгінуді құп көрмейді. Ғылыми зерттеу нәтижесін өндіріске қолдану үшін диқандармен жиі кездесемін. Ұсынысымды қуана қабыл алғанымен жұмсалатын шығынды естігенде диқандардың көзқарасы өзгереді. Яғни егін егуде ғылымға жүйеленген әдістерімізді шығынсыз жүзеге асырғысы келеді. Өзім бар ғұмырымды ауыл шаруашылығы саласына арнағандықтан еліміздегі егіс алқаптарынан мол өнім жиналуы үшін тегін-ақ бағыт беруге әзірмін. Онсызда қоңырау соғып, кеңес сұраған диқандардың ешқайсысының бетін қайтарған емеспін. Дегенмен, «тегін» деген ұғымнан арылуымыз керек. Елімізде ғылым дамуы үшін де ғалымдарды еңбегі бағалап, ірі агроөнеркәсіп иелері зерттеулерді қаржыландырса, ауыл шаруашылығы қарыштаған болар еді, - дейді ғалым Д.Садық.

Нөлдік технологияның тиімділігі мол

Аграрлық салаға тың серпіліс әкелген, топырақтың ылғалдылығын сақтаушы – нөлдік технологияны тәжірибеге енгізуден жер төсін емген диқандарымыз ұтпаса, ұтылмасы анық. Экологиялық тиімділігі жоғары, әрі жер жыртып әуреге түспей-ақ, дән себуге мүмкіндік беретін бұл әдіс кейінгі жылдары қазақ даласында да кеңінен қолға алынып жатыр. Әйтсе де, аз шығындалып, мол өнім жинауға болатын осы ұтымды әдістің артықшылығы мен мән-маңызын шаруалар арасында кеңінен насихаттап, таныстыру – өзекті мәселе.
Профессор Досымбек Сыдықтың айтуынша, өзінің тиімді нәтижесін берген нөлдік технологияны қазіргі таңда Еуропаның көптеген елдері қолданысқа енгізуде. Оның өзіндік қасиеті сол, ең бірінші кезекте нөлдік технология топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды. Екінші, топырақтың құнарын арттыруға септігін тигізеді. Үшінші, егістік жұмыстарына жұмсалатын шығынды еселеп азайтады. Яғни, ылғал сақтау технологиясы жерді жыртпай-ақ, дәнді тікелей себуге, сонымен қатар, дақылдың дәнімен бірге сабағын да пайдаға жаратуға мүмкіндік береді.
– Нөлдік технология жыл бойы түскен жауын-шашынның топыраққа баппен сіңуіне септеседі. Жердің сорлануының алдын да алады. Тың тәсіл өнімділікті кемінде 20 пайызға ұлғайтады. Міне, осындай ерекшеліктерін ескеретін, нөлдік технологияға сүйенген шаруалар жерінен бұрынғыдан көп өнім алуға қол жеткізді. Ендігі мезетте, бұл бастамаға несібесін жерден терген шаруаның мойнын бұруға бейімдеген жөн, –дейді ғалым.
Нөлдік технология – жыртылмаған жерге дақылдарды тікелей егу. Тікелей себу әдістерін АҚШ, Канада, Бразилия, Аргентина, Колумбия елдерінің шаруалары кең көлемде пайдаланып келеді. ХХ ғасырдың соңында бұл технологиялар негізінен Оңтүстік және Солтүстік Америкада таралған болса, қазір Индонезия, Пәкістан, Қытай тағы басқа да ірі елдерде кеңінен енгізілуде. Қазақстанның аймақтарында да, әсіресе шөлейт, су және жел эрозиясына ұшыраған жерлерде дәнді дақылдарды нөлдік технологиямен өсірудің тиімділігі дәлелденген.
Д.Сыдық 2006 жылдан бастап ауыл шарушылығында осы нөлдік технологияны қолға алған. 2012 жылы халықаралық ғылыми грант негізінде ғалымға шетелден «Фанкхаузер – 2115» дән себетін құрылғы сыйлаған. Аталған құрылғымен мақсары, дидай, арпа секілді дәнді дақылды нөлдік технологиямен себуге мүмкіндік бар.

186


–2017 жылы Қазығұрт ауданындағы «Сапа» өндірістік копертивтің 300 гектар тәлімді жеріне «Фанкхаузер» құрылғысы арқылы бидай септік. Нөлдік технологияда шаруа күзде жерді жыртпай, арнайы құрылғы көмегімен тереңдігі небәрі 4-5 сантиметр жерге тұқым себеді. Көктемде жерге азот шашылады. Біздің технологиямен шаруа шығыны 32-40 пайызға төмендеп, өнімділік 20 пайызға артқан. Технологияның ұтымдылығына көз жеткізген коопертив 2019 жылы Бразилиядан 2 дән себетін құрылғы сатып алып, бүгінге дейін сәтті қолданып келеді. 2022 жылы Түркістан облысындағы «Үшбастау» кооперативі біздің институтпен келсімшарт жасасып, ғалымдардың жетекшілігімен нөлдік технологиямен 100 гектар жерге бидай егіп еді. Гектарынан 28 центнер астық жиналды. Шаруалар мен ғалымдар арасында әріптестік орнаса, жерден талай мол өнім алуға болады, - дейді Досымбек Сыдық.
Қазір бүкіл әлемде ғалымдар арасында нөлдік технология жердің құнарын төмендетеді деген пікірталас бар. Ғалымның айтуынша, Америкада 28 млн гектар, Канадада – 26 млн гектар жер, Аргентинада 40 млн гектарға осы нөлдік технологиямен бидай егеді екен. «Бұл технологияның жергілікті жердің ыңғайына бейімдесе жердің құнары артатынын зерттеулерім арқылы дәлелдедім», деп жауап қатты.

Бірлік болмай, тірлік жоқ

Ауыл шаруашылығы саласында ғылыми жаңалық ашу үшін 500-700 гектар суармалы немесе 1000 гектар тәлімді жер қажет екен. Жыл өткен сайын жердің құнарсызданып бара жатқанынан алаңдағын Досымбек Сыдық ұсақ шаруалар бірігіп, ірі кооперативтерге айналу қажеттігін, ғылыми зерттеулерге белсене араласып, қолдау білдірсе, Қазақстан Орта Азияны көкөніспен қамтитын әлеуеті бар екенін алға тартты.
–Түркияда мың шаруа бүкіл техникасымен, жерімен бір одаққа біріккенін көрдім. Ғылыми институттармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, бүгінде бауырлас ел әлемде көкөніс өндіруде Қытай, Үндістаннан кейінгі үшінші орында тұр. Диқандардың іскерлігі, ғылыми жаңалықтарға құштарлығының арқасында мемлекетінен ешқандай көмек алмай, осындай жетістікке жетіп отыр. Ал, бізде керісінше. Шаруалар мемлекет қолдау көрсетуге міндетті деп есептейді. Олар ғылыми жаңалықты жатсынып тұрғанда ауыл шаруашылығы саласы құлашын қалай кеңге жайсын? Әйтсе де, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ғылымға бөлінетін қаржыны көбейтуге тапсырма бергені қуанышты жаңалық. 2023-2025 жылдар аралығында ғылымды дамыту үшін республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланыпты. Ол үшін 2023 жылы – 1,5, 2024 жылы – 2,4 және 2025 жылы – 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді екен. Мұндай бастамалар ауыл шаруашылығы саласының дамуына бетбұрыс болары анық, - дейді префессор.
Шымкент қаласында ірілі-ұсақты 3500 шаруа қожалығы бар екен. Осы қожалықтар бағытына қарай ірі коперативтерге бірігіп, ғылыми жобаларға атсалысатын болса, қаланың төңірегіндегі аядай жерден де Қазақстанды қамти алатын көкөніс өндіруі ғажап емес.