35 мыңнан астам науқас стационарлық көмек алған

Пятница, 14 Апрель 2023 07:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 635 раз

stasionarlyk-komek

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллев пен қалалық онкологиялық орталықтың бас дәрігері Жақсылық Мәуленов Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында БАҚ өкілдерімен кездесіп, жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Медициналық қызмет түрлерінің ішінде стационарлық көмектің алатын орны ерекше. Бұл көмектің екі түрі бар. Бірі – жоспарлы түрдегі стационарлық көмек, екінішісі – шұғыл түрдегі стационарлық көмек. Б.Абдуллаевтың айтуынша, Шымкентте қазір науқастарға стационарлық қызмет көрсету ісі жанданған. Қаладағы 15 медициналық ұйымдағы 3 407 орынға жыл басынан бері 35 мыңнан астам науқас орналасып, медициналық көмек алған. Оның ішінде 11 386 науқас жоспарлы түрде қабылданса, 23 756 науқас шұғыл жағдайда келген.

– Шымкент қаласының медициналық әлеуеті жылдан-жылға жаңарып, халықтың саулығын жақсартуда игі істер жүзеге асып жатыр. Соның ішінде мегаполис медицинасындағы стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, қазір қалада 1405 төсек орын әзірленген көпбейінді 4 стационар, 5 монопрофильді стационар, 2 босандыру мекемесі және 4 оңалту орталығы халықтың денсаулығын сақтауда сапалы қызмет көрсетіп келеді, - деді Бақытжан Жүсіпбайұлы.

Брифинг барысында қалалық онкология орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов те медициналық мекемеде атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

–Қалалық онкологиялық орталығында 261 төсек-орын бар. Оның 231 төсек-орны стационарлық ем алушыларға арналса, 30-ы күндізгі бөлімшеде. Ал, емхана күніне 150 науқасты қабылдай алады. Орталықта 2018 жылдан бастап заманауи эндовидеохирургиялық құрылғылырдың орнатылуымен науқастарға инвазивті емес жоғарғы технологиялық операциялар жасау күнделікті тәжірибеге енгізілген. Атап айтқанда, кеуде, іш қуысы органдарының қатерлі ісіктеріне жасалынатын кіші инвазивті операциялар саны жыл санап артып отыр. Былтыр орталығымызда осындай 115 күрделі операция жасалды. Қазіргі таңда орталықтың хирургия бөлімшесі Шымкент қаласы бойынша кеуде қуысы патологияларына кіші инвазивті операциялар жасайтын жалғыз орталық болып отыр, - дейді орталықтың бас дәрігері.

Өткен жылы онкологиялық орталықта 20 төсек-орынға арналған онкогематология бөлімшесі ашылып, қазір науқастарға жоғары дозалы химио-имунотерапиялық ем жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, орталықтың жанынан ашылған ядролық медицина орталығында сәулелі емдеу жүйесінде 850 науқас ем алса, ал позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/ КТ) аппаратынан 134 науқас тексеруден өткен.