«Жайлы мектеп» жобасымен 2 мектеп салынады

Пятница, 14 Апрель 2023 07:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1034 раз

zhaily-mektep 1

Шымкент қаласының биыл жаңадан негізі қаланған Тұран ауданы 2023 жылдың қаңтарынан бастап өз жұмысына кірісті. Аз ғана уақыттың ішінде аудан әкімдігі тарапынан тұрғындардың инфрақұрылым мен әлеуметтік мәселелері кезекпен шешімін тауып отыр. Әйтсе де, атқарылатын жұмыстар да бар.

Бүгінде аудан әкімі аппаратында мамандар мен қызметкерлер белгіленген штатқа сай толықтырылған. Жуырда аудандағы мемлекеттік мекемелердің басқармалары мен бөлімшелері де өз жұмысын бастады. Олар – ауданның прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар, мемлекеттік кірістер басқармалары және Тұран ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімдері.

Тұран ауданының жер көлемі мегаполис аумағының 32 пайызын құрайды. Халқының саны 220 мыңнан асады. Аудан 21 елді мекен мен тұрғын алаптан және орталық аумақтардан тұрады. Сондай-ақ оған 84 балабақша, 41 мектеп, 9 колледж және 6 денсаулық мекемесі мен 12 мешіт қарайды.

Аудандағы өзекті мәселелердің шешімін табу мен халыққа қолайлы орта қалыптастыру бойынша аудан әкімі Б.Болатбеков жыл басынан бері тұрғындармен 16 рет кездесу өткізген екен. Кездесу барысында 69 мәселе көтеріліп, оның 42-сі орындалыпты. Әр аптаның жұма күні сағат 15:00 – 19:00 аралығында аудан тұрғындарын жеке қабылдау да ұйымдастырылады. Бүгінге дейін өткен жеке қабылдауларда 81 мәселе қаралған. Оның 19-ы шешімін тауып, 62-сі орындалу сатысында.

–Тұрғындардың ең көп көтерген мәселесі – жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасы. Биыл Құрсай елді мекенінде инфрақұрылым салынып, құрылыстары жүргендіктен жолдарын топырақ басты. Сондықтан, биыл Құрсайдың өзінде 40 жолға шағал тас төселеді. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша өзге елді мекендердегі 45 көшеге де тас төсеу жұмысы жоспарланды. Сонымен қатар, 19,1 шақырымды құрайтын 29 көше орташа жөндеуден өтеді, -дейді Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков.

zhaily-mektep 2

Ауданның ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамтылуы – 99,5 пайыз. Таяуда аудан әкімдігі Құрсай елді мекенінде сауыз су құрылысы толық аяқталғанын хабарлады. Елді мекенде ауыз су құрылысы біткен соң құбырлар жуып-шайылып, дезинфекцияланды, енді тұрғындарды ауыз суға қосу жұмыстары рет-ретімен атқарылып жатыр. Нәтижесінде, 2023 жылы аудандағы елді мекендер толық сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Ауданда мемлекеттік жүйедегі сапалы электр жарығын тұтынатын халық 100 пайызға жеткелі жатыр. Бүгінде мамандар Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағына сапалы электр желісін жеткізу мақсатында жобалау жұмыстарын жасауға кіріскен. Жоспар бойынша, екі жыл ішінде электр желісін тарту құрылысы жүргізіліп, елді мекен 2024 жылы толық сапалы электр қуатымен қамтылады.

–Ал, табиғи газ тарту жайына келсек, 2022 жылдың соңында Арғымақ және Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерінде табиғи газдың құрылысы толық аяқталды. Қазір «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, ауданға табиғи газ жеткізу көрсеткіші 99 пайыз болмақ. Құрсай мен Жаңаталапқа газ құбырын тарту бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Айкөл елді мекеніне жобалау жұмысы 2024 жылға жоспарланып отыр, - деді аудан әкімі.

Тұран ауданының аумағында қазіргі таңда 41 мектеп бар. Оның 16-сы инвестор есебінен салынған. Биыл Ақжар елді мекенінде 600 орындық мектеп салынғалы тұр. Білім мекемесінің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Ауданда «Жайлы мектеп» құрылысына да көңіл бөлініп жатыр. Ақжарда 600 орынға лайықталған заманауи білім ошағының құрылысы осы жылы басталып, келер жылы пайдалануға берілмек. Дәл осындай «Жайлы мектеп» жобасы Жаңаталап елді мекенінде де жүзеге асыралады. 2024 жылы іргесі қаланатын мектептің ел игілігіне берілуі 2025 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Құрсай елді мекенінде жеке инвестор есебінен 450 орындық жаңа емхана бой көтереді. Осы жылдың наурыз ауында басталған құрылыс 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек жаңа әкімшілік аумақта жалпы саны 296 балалар ойын алаңшасы бар. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2023 жылы Тұран әкімдігі 10 балалар ойын алаңшасын салуды көздеп отыр. Мұнымен қоса жаңадан 4 ашық спорт алаңшасы да бой көтереді.