Бердібек Машбекұлы жайлы естелік жазу мен үшін ауыр тақырып. Сондай атпал азаматтың елі, жері, қоғам үшін аянбай қызмет еткен адал жанның енді дем алысқа шықтым, ағайын-туыс, жора-жолдас, дос-жаранмен етене жақын араласып, жақсылығына қуанып, ауырлық болса бірге көтерісіп жүрейінші деген арманы үзілгені жанға жара салды, көңілді түсірді.
Өткен ғасырдың 90 жылдарының аяғында Оңтүстік өңіріне басшы болып келді.
1999 жылы облыстық маслихат сайлауы өтті. Сол сайлауда Созақ елінің халқы мені облыстық маслихатқа депутат етіп сайлады. Облыстық маслихаттың депутаты, облыстық маслихаттың бюджет комиссиясының төрағасы ретінде Бердібек Машбекұлымен бірлесіп жұмыс істеуге тура келді. Менің пайымдауымша, ісіне адал, өте еңбекқор, жоғарғы деңгейдегі қаржыгер маман. Әдетте басшылар тапсырма береді, осыны былай істеу керек дейді. Ал Бердібек Машбекұлы мына мәселені былай істеуіміз керек деп, білекті сыбанып, өзі істің басында жүретін басшы. Егер де басшы өзі бас болып, жол көрсетіп, істің басында жүрсе, тиянақты бітіреді.
Бердібек Машбекұлы келген кезде Оңтүстікте жарық бірде жоқ, бірде бар, газ да солай. Бірнеше қабат үй тұрғындары далаға шығып, аулада шай қойып, тамақ пісіруге мәжбүр болып жүрген кез. Әлеуметтік жағдай да өте ауыр, зейнетақы, балаларға жәрдемақы да жоқтың қасы, кешігіп беріледі. Осы мәселелердің барлығын шешу оңай болған жоқ. Жан бере жасаған еңбек, басшы азаматтардың аса жоғары ұйымдасқан іс-шараларының арқасында шаруаның беті бері қарады. Үй ғана емес, көшелерде жарық бола бастады, қалаға газ үздіксіз беріле бастады, өмір жанданды. Бердібек Машбекұлы халықтың алғысына ие бола бастады.
2000 жылдың қараша айының соңына қарай түскі үзіліс кезінде, үй телефонына хабар келді. Көтерсем Бердібек Машбекұлы.
– Шәке, мен Астанада Президент әкімшілігінен хабарласып тұрмын. Сізге өзіңіз туған ел Отырар ауданына әкім етіп жіберуді үйғарып отырмыз, соған келісім берсеңіз, - дейді. Енді бұрын-соңды қызмет туралы ортамызда әңгіме болған емес. Мен аң-таң күйі үнсіз тұрмын.
–Неге үндемейсіз? – деді.
–Беке, егер сіз кез келген аудан туралы мәселе көтерсеңіз мен бірден бара алмаймын дейтін едім. Ал мәселе туған ел туралы болған соң бара алмаймын деп айтуға ауыз бармайды, перзенттік борыш жібермей тұр, - дедім.
–Онда келістік, 2-3 жыл бірге жұмыс жасайық, ар жағын көре жатармыз, – деді Бекең.
Мұны айтып отырғаным, Бердібек Машбекұлы кіммен қалай сөйлесу керек екенін, әрбір азаматтың дүниетанымына қарай іс жасайтын кемеңгер, психолог басшы екенін көрсеткім келіп отыр. Себебі менімен бетпе-бет отырып, осы мәселені көтерсе, менің келісім бермей кетуге уәждерім бар еді, енді оны телефонмен айтып тұра алмаймын ғой, ол кісі соны тереңінен болжай білді.
2018 жылы мен жоғарғы оқу орнын бітірген соң жолдамамен барып қызмет еткен Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының 90 жылдығы аталып өтті. Шақырылған қонақтың бірі ретінде мен де қатысуға бардым. Сол өткен ғасырдың 60-шы жылдары бірге істеген жас жігіттер, қария болып топталып тұрдық. Бірге жүрген жігіттер менен Бердібек Машбекұлын танитын шығарсың деп сұрады. Мен: «Әрине танимын, облысты басқарды» деп елдің ризалығын жеткіздім жігіттерге. Енді бірі тұрып: «Ол кісі сізді таниды ма» деп сұрады. Мен «Елде бір басшы, оны менің тануым заңдылық, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 милион халық тұрады, мен соның бірімін, мені таниды, танымайды деп айта алмаймын» дедім.
Бір кезде Бекең бастаған топ кісі бізге жақындады, бір-екі қадам қалғанда Бекең қалт тұрды да: «Ой Шәке, қайдан жүрсіз?» деп құшақтай алды. Мен: «Осында қызмет бастағанмын, кейде сіз маған қайдан алғансыз осы тіке мінезді дейтініңіздің егесі осы ел. Жаңадан бас білген құлын сияқты осы елде ат жалын тартып, азамат болғанмын» деп елге ризашылығымды білдірдім. Сол сәттен бастап Бердібек Машбекұлы мені қасына алып, киелі Қожа Ахмет Яссауи жатқан Түркістаннан келген аға қисын» деп жаңа ғимараттардың ашылуына керілген ленталарды кесу мәртебесін маған ұсынды.
Не деген кішіпейілдік, қазақи қарапайымдылық, жоғарғы парасаттылық!
Шын мәнінде Бердібек Машбекұлында қазақтың рухы өте жоғарғы деңгейде, қазақтың салт дәстүрі, қазақи болмыс қанымен берілген азамат екені көрініп тұратын.
Бердібек Машбекұлы қазақ дегенде, қазақ елі дегенде ет жүрегі соғып тұратын азамат. Егеменді Қазақстанда қай өңірдің қиыншылықтары, табиғат құбылысы, елдің толқуы болса сол жерге басшы болып Сапарбаев Бердібек Машбекұлы жіберілді. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында елге елеулі, халықтың қалаулы басшысы бола білді. Бірде-бір елден бөлежат әңгіме ермеді артынан.
Абзал азаматтың бойындағы асыл қасиеттері ұрпағынан ұрпағына жалғасса, ол халықтың, елдің ырысы.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері