Бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы «Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс» деп атап өтті.
Аталған жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық экономикадағы ең өзекті деген мәселелерді ашып айтып, экономиканың барлық дерлік секторларында басталған түбегейлі реформаларды соңына дейін жеткізу керектігіне тоқталды. Президент жаңа Салық кодексіндегі кемшіліктерден бастап, бюджетті жоспарлаудағы олқылықтарды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жүйесіндегі сыбайластық әрекеттерді, үлескерлік құрылыстағы жүйелік проблемалар мен жолдардың сапасының көңіл көншітпейтініне дейін айтып, тиісті ведомстволардың жұмысын сынға алды.
Расында бюрократия мен қағазбастылық – Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесінің ескіден келе жатқан сабақты кеселі. Бұл «аурудың» зардабы сондай, әу баста туындаған ұтқыр идея мен ұрымтал бастаманың арты сиырқұйымшақтанып, сұйылып кетуіне әкеліп соғады. Бюрократия бар жерде жұмыстың дұрыс жоспарланғаны да, кадрлық және ғылыми-технологиялық әлеуеттің жеткілікті болуы да, тіпті қаржы ресурстарының мол болуы да түпкі нәтижеге қол жеткізуге көмектеспейді. Мәселен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын сынады. Енгізілгеніне 5 жылдан асқан бұл жүйе отандық денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаржы құйылуын қамтамасыз ету арқылы медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігінің артуына, дәрігерлер біліктілігінің көтерілуіне, медициналық ұйымдардың материалдық–техникалық базасының жақсаруына, жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерінің кеңінен қолданылуына жол ашуы тиіс еді. Сақтандыру жарнасын төлеген әрбір азамат соған лайықты қызмет алуды қалайтыны түсінікті. Бірақ МӘМС жүйесі үмітті ақтамады. Иә қаржыландыру көбейді. Көбейгенде де онша-мұнша емес, 5 жылда екі есе артып, 2 триллион 600 миллиард теңгеге жеткен. Ал, соңғы 5 жылдың ішінде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі 2 есе жақсарды деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Керісінше, жарна төлемеген, дұрысы төлей алмаған талай азамат басы ауырып, балтыры сыздағанда дәрігердің қабылдауына кіре алмай зар қағып жүр.
Бұл тек денсаулық сақтау жүйесінде ғана кездесетін жағдай емес, мұндай жүйелі проблемалар әр салада, әр өңірде кездесіп жатады. Президенттің тапсырмасы бар. Мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар да жасалған, қаржыландыру да жеткілікті. Алайда, көптің көңілінен шығып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартарлық нақты нәтиже көрінбей жатады. Осының басты себебі мемлекеттік басқару жүйесінің икемсіздігі, әсіресе атқарушы биліктің бюрократизмге бой алдырып, уақыт талабына сай жұмыс істей алмауында жатыр. Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзіретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешім қабылдау қажет» деп түйінді сөзін айтты. Жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов осы олқылықтың орнын толтырып, Президент жүктеген міндеттерді толық орындап, халықтың үмітін ақтайтынына сендіріп-ақ отыр. Ол жаңа министрлерді таныстырған кезде «Формализмсіз, бюрократиясыз және қажетсіз жиындарсыз белсенді жұмыс істеу қажет. Аз сөйлеп, көп іс тындыру керек» десе, ал Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Сіздің барлық ауқымды тапсырмаңыз қатаң түрде орындалады. Бұған Үкіметтің жаңартылған жаңа құрамы дайын. Біз бұл мәселелердің нақты шешімдеріне назар аударамыз. Жұмыстың нақты нәтижесі болады деп уәде беремін», деп бір-ақ кесті. Бәрін уақыт көрсетеді…
Егер Үкімет басшысы уәдесінде тұрып, өз міндетін ойдағыдай атқарса, еліміз алға қойған асқақ мақсатқа шындығында қол жеткізуі бек мүмкін. Ал – мақсат айқын. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық дамуы» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, 2029 жылға дейін жалпы ұлттық ішкі өнімнің көлемін екі есе ұлғайтып, 450 миллиард АҚШ долларына жеткізу.
Бектенов бастаған жаңа Үкіметтен халық не күтеді? Қалың бұқараның талабы да, тілегі де белгілі. Бұл сыбайлас жемқорлықтың тыйылуы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауы, табыстың көбеюі мен бағаның тұрақтануы, инфрақұрылымның дамуы, әлеуметтік саладағы түйткілдердің шешілуі мен өмір сүру сапасының артуы. Жоғарыда айтылғандай Үкімет уәдесінде тұрып, жалпыұлттық ішкі өнімнің көлемі екі есе артар болса, халықтың арман-мұраты мен талап-тілегінің орындалары сөзсіз.
Ол үшін не істеу керек? Әрине, отандық экономикадағы жүйелік проблемаларды шешу керек. 2014 жылдан бері қарай ЖІӨ-нің өсімі баяулап, жылына 5 пайызға да жетпей қалған болатын (тек 2023 жылы 5,1 пайызды құрады). Бұл зор экономикалық серпіліс жасап, халықтың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін жеткіліксіз еді. Сарапшылар экономикалық өсімнің баяулауын бірнеше себептермен байланыстырады. Соның ішінде шикізатқа тәуелділік, ғылымға арқа сүйеу мен инновацияны қолданудың аздығы, инвестициялаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ бюджеттің кірісі мен шығысының теңгерімсіздігі секілді проблемалар айрықша маңызға ие. Шикізатқа тәуелділік экономиканың өсімін минералды ресурстардың халықаралық нарықтағы бағасының өзгеруіне байлап қойды. Мәселен, 2022 жылы жалпыұлттық ішкі өнімнің 15 пайыздан астамы және Қазақстан экспортының 70 пайызы минералды шикізатпен байланысты салалармен тиесілі болды. Ал экономиканың диверсификацияланбауының себебі ретінде сарапшылар инновацияның аздығы мен өнімділіктің төмендігін айтады. Соңғы 5 жылдың ішінде өнімділіктің 80 пайызға өскендігіне қарамастан, тіпті Қазақстан экономикасының ең өнімді секторлары болып саналатын Тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру секілді салалардың өзінде өнімділік әлі де төмен. Сарапшылар біздегі бұл көрсеткіштер әлемнің көшбасшы елдерімен салыстырғанда 5-10 есе артта қалғанын айтады.
Елімізде инвестициялаудың жеткіліксіздігі де күрделі проблемаға айналып отыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, бұл көрсеткіштің өткен 10 жылдықта жақсарудың орнына кері кеткенін көреміз. Нақты айтар болсақ, 2012 жылы негізгі капиталға құйылған тікелей инвестициялардың көлемі жалпыұлттық ішкі өнімнің 18 пайызын құраған болса, 2022 жылы 15 пайызға дейін төмендеген. Оған шетелдік инвестициялардың қысқаруы тікелей әсер етіпті.
Тағы бір күрделі проблема: халықтың табысының көбеюі экономикадағы жалпы өсімге ілесе алмай отыр. Жалақылар жалпыұлттық өнімнің үштен бірін құрайды. Бұл алдыңғы қатарлы дамушы елдердегіден айтарлықтай төмен. Оның үстіне халық тұтынатын базалық тауарлардың импорты 50-ден 90 пайызға дейін құрайды. Бұл инфляцияның шарықтауына, тиісінше жалақының өскенінің әсерін халықтың сезіне алмауына әкеп соқтыруда.
Міне, Бектенов бастаған Үкіметтің бас қатырып, басымдық берер жұмыстары осы. Жаңа министрлер кабинеті осы міндеттің үдесінен шықса, Қазақстан алдағы бесжылдықта зор экономикалық серпіліс жасаудың алдында тұр. Дәл қазір елімізде оған қажеттінің бәрі бар. Тек шынайы ниет пен нақты іс-әрекет болса болғаны.
А.ТІЛЕУБЕК