СЫРТҚЫ ЖАРНАМА ДИЗАЙН-КОДҚА СӘЙКЕС ЖАСАЛАДЫ Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 205 раз

Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы баспасөз брифингін өткізді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік беретін жерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын мемлекеттiк реттеу, сыртқы жарнамаларды ретке келтіру, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару, Бас жоспарды жүзеге асыру жұмыстарының барысын баяндады.

Jarnama-2

 

Жобалық кеңседе бекітілген 3 индикатор, яғни Бас жоспар, геопортал, бюджет, тұрғын үйлерді есепке алу және I-komek бойынша тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.
– Былтыр қаланың жаңа Бас жоспарын бекіттік. Соның негізінде қазіргі таңда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер енгізіліп, бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бас жоспарға сәйкес қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспары айқындалды. Көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, тұрғын үй салу, қаланы көркейту бойынша бірлесе атқаратын жұмыс көп. Бұл ретте тиісті басқармалар, департаменттерге ұсыныстар беріледі. Қазіргі таңда жер саласында арыз-шағым көп. Жыл басынан бері 3 айдың ішінде 3800-ден астам арыз-шағым түсті. Өтініштер, сұраныстардың бәріне жауап беріп, тиісті қызметтер көрсеттік. Басқармаға бөлінген қаражат өз деңгейінде игеріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл сыртқы жарнамаларды ретке келтіру бойынша да оң нәтижелер бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, билбордтар LED экранға ауысады, – деді басқарма басшысы.
Жалпы, биыл қалада 1 млн. астам шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Осы бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Мегаполис болғалы Шымкентте құрылыс қарқыны артып келеді. Осыған байланысты Алматы, Астанадан құрылыс компаниялары келіп жатыр. Ендігі ретте басқарма тарапынан көмек көрсетіліп, қаланың даму бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нұрбол Әбдірахманұлы Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы, А-2 жолы құрылысы бойынша жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу – өте күрделі мәселе. Қаланың дамуына, Бас жоспарға сәйкес, әлеуметтік-мәдени ірі нысандар салу жоспарлануда.
– Қазір қалада үлкен жол құрылыстары жүргізілуде. Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы бойынша жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алуды биыл аяқтаймыз. А-2 айналма жолының Бозарық елді мекені аумағында да мұқтаждыққа алынатын жерлер бар. Қалада жоспарланған 18 «Жайлы мектептің» бүгінде 12-інің құрылысы басталды. Осы мектептер бойынша да мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдері бар. Сондай-ақ, қазіргі уақытта жаңа стадион салуды жоспарлап отырмыз. Осындай ірі құрылыстар бойынша жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алуымыз қажет. Барлық жер телімдері, тұрғын үйлер нарықтық құнмен бағаланады. Жалпы, 80-90 пайыз азаматтар біздің бағамен келіседі. Кейбір азаматтардың келіспейтін жағдайлары да болады. Біз ондай кезде сотқа жүгінеміз, – дейді басқарма басшысы.

Jarnama-1


Тағы бір өзекті мәселе – сыртқы жарнамаларды ретке келтіру. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық билбордтарды LED экранға ауыстыру жоспарлануда. Меморандумға сәйкес, жыл соңына дейін барлық билбордтар LED экранға ауысады. Яғни, сыртқы жарнамалар қаланың дизайн-кодына сәйкестендіріледі.
Бұған дейін бизнес нысандарының жарнама тақтайшаларының жазуы әр түрлі болып келді. Бірінің жазуы үлкен, бірі басқа шрифтпен дегендей. Енді басқарма тарапынан кәсіпкерлерге сәулет-жобасы беріледі. Нормативтік құжаттар бойынша жарнама тақтайшаларын қаланың сәулетіне сәйкес бір типке келтіру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы қаланың жаңа дизайн-коды толық жасалып бітті. Тиісті келісімдер алынды. Қаулының жобасы дайындалуда. Қала әкімінің қаулысы бекітілгеннен кейін кәсіпкерлерге, құрылыс компанияларына қаланың сәулеттік келбетін сақтауға талаптар қойылады. Қазіргі таңда тұрғын үйлерін кәсіпкерлік нысанға ауыстырғысы келетін азаматтар да бар. Кәсіпкерлікке ауыстыру барысында басқарма дизайн-код бойынша ұсыныс береді. Көпқабатты үйлерді қоршау, қаптау, жарықтандыру бойынша құрылыс, тұрғын үй басқармасына тиісті ұсыныстар жолданған. Жалпы айтқанда, қаланың жаңа дизайн коды бойынша жұмыстар сәуір айында басталады.
Қалада заңсыз құрылыстарға мониторинг тұрақты жүргізілуде. Басқарманың мәліметінше, 16 құрылыс нысаны бойынша әкімшілік айыппұл салынған. Жер телімдерін сатып алып, тиісті құжаттарын рәсімдемей, құрылысты бастап кеткен бірқатар жағдайлар анықталған.
– Мониторинг топтары заңсыз құрылыстарды анықтап, тиісті әкімшілік шаралар көреді. Қазір соттың шешімімен бұзылуға жататын бірнеше нысан бар. Қала тұрғындарын, кәсіпкерлерді заңсыз әрекеттер жасамауға шақырамыз. Құжаттарды толық алғаннан кейін ғана құрылысты бастаса дейміз. Тәртіпке бағыну керек. Сонымен қатар, шаһарда жекеге беріліп кеткен скверлер, саябақтарды қайтару жұмыстарын да атқарып жатырмыз. Заңсыз берілген активтерді қайтару бойынша тиісті жұмыс тобы құрылды, – дейді басқарма басшысы.
Қаланың келбетін арттыру – басты назарда. Басқарма басшысы баспасөз брифингінде қалаға кіреберіс қақпалар орнату, апатты үйлерді жою, ретке келтіру бағытындағы жұмыстардың барысынан да хабардар етті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.