«Тарихтан сабақ алуымыз қажет» Избранное

Среда, 29 Май 2024 05:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 238 раз

Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия үш жылдың ішінде ақталмаған 200 молда-ишанның есімін анықтаған. Оның ішінде 73 адамды ақтау жөнінде Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған комиссияға ұсынып отыр. Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева «Тағылым. Тағдыр. Тұлға» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда осылай деп мәлімдеді. Қалада мазмұнды, жастарға берер тәрбиелік мәні зор конференция соңғы он жылдың бедерінде алғаш рет ұйымдастырылды.

TariX-1

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілген жиында ғалымдардың, тарихшылардың баяндамалары тыңдалып, саяси-қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарының барысы туралы бірқатар мәселе айтылды.
Алқалы мәжілісті қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жүргізіп отырды. Іс-шараға Саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жастар қатысты.
Алдымен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жанпейіс Қобыланов конференцияның маңызы зор екеніне тоқталып, өткен тарихтан сабақ алуымыз қажет екенін айтты.

TariX


– Тарихымыздың ақтаңдақ тұстары өте көп. Солардың бірегейі – халқымыздың басынан өткен аштық пен қуғын-сүргін нәубеті. Зобалаңға қатысты бүгінге дейін зерттеу жинақтары шығарылып, түрлі басқосулар өткізілді. Дегенмен, әлі де атқаратын жұмыс ауқымды. Кез келген тарихтың күнгейі мен көлеңелі тұстары болады. Ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбы қазақ тарихының көлеңкелі жағы. Олар адамның қолымен жасалған алапат апаттар. Мұны біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Бұл нәубет өткен ғасырдың тарих қойнауында қалса да, уақыт өткен сайын ұлтымыздың жадында жаңғыра берері сөзсіз. Жастарға ұлтымыздың арыстары жайында көбірек насихат айтуымыз керек. Сонда ғана нағыз елжанды, патриот азаматтарды тәрбиелей аламыз, – деді Ж.Қобыланов.
«Қазақстандағы аштық пен саяси қуғын-сүргін зардаптары» тақырыбында баяндама жасаған заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев әлі де атқарылар жұмыстар ауқымды екенін айтты. Оның айтуынша, 2022-2023 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия көптеген ауқымды жұмыстар жүргізген. Мемлекеттік комиссия тарапынан жүргізілген жұмыстардың барлығы халықаралық стандарттар мен құқықтық нормаларға, құндылықтарға сәйкес іске асырылды. Мемлекеттік комиссияның жұмысына 240-тан астам ғалым мен сарапшы тартылған.
– Өңірлік комиссияларды құрудағы басты мақсат – тың деректер жинау, қуғын-сүргін түрлері мен тетіктерін анықтау, ауылдар мен аудандарда қуғын-сүргін орындарын іздеу, ақталмаған құрбандар мен зардап шеккендердің есімін анықтау. Мемлекеттік комиссия аясында жұмыс істеген заңгер, ғалымдар қуғын-сүргін мен ақтау үрдістерін зерттеуде жаңа тұжырымдамалар мен қорытындылар әзірленді. Нақты айтқанда қазақ ұлты өкілдерінің азамат ретінде, қазақ халқының құқықтары мен мүдделерін қорғаушы ретінде де қатарынан екі рет қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеді. Осы бір іргелі мәселе осыған дейін ғылыми зерттеулерде, нормативтік құқықтық актілерде де мүлдем ескерілмеген еді. Қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде әлі де толықтай зерттелмеген мәселелер бар. Ендігі ретте ауылдардың сандары мен таңбаларының өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауылдардың жойылуы, діни халықтық көтерілістер, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар, әйелдер, балалар секілді іргелі құндылықтар әлі де зерттелуі қажет. Ақтау ісін жалғасыру ұлттық санаға келгенде өте маңызды іс, – дейді Б.Тұрғараев.
Қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей елімізде тұңыш рет Шымкент қаласында ашылып, жұмыс істеуде. Шымкент қаласында өңірлік комиссияның 9 тобы қарқынды жұмыс жүргізуде. Дәстүрлі дін өкілдерін ақтау жөніндегі бағыттың жетекшісі Гүлмира Серікбаева жиында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Кеңестік қуғын-сүргін кезеңіндегі дін өкілдері, солар туралы ақиқат әлі де толық айтылған жоқ. Бұл – өте күрделі, терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Осы орайда 8 мыңнан астам құжат зерделенген. Гүлмира Алдоңғарқызының айтуынша, 73 молда-ишанды ақтау жөнінде Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған комиссияға ұсынылған.
Іс-шара барысында Алаш зиялылары жайында деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, бірқатар ғалым, тарихшылар тарапынан ұсыныстар айтылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.