ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ – АДАЛДЫҚ ПЕН ТАЗАЛЫҚТЫҢ АЙНАСЫ Избранное

Среда, 09 Октябрь 2024 05:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 172 раз

Өткен ғасырдың аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары біз ойын баласы едік. Бүкіл елге келген өтпелі кезеңнің бар қиындығы біздің отбасын да айналып өткен жоқ. Ол уақытта әкем ауыл мектебінде жұмыс істейді, анам денсаулығына байланысты зейнеткерлікке ерте шыққан. Жалақы айлап берілмейді, қорадағы 10-15 бас ірі қара таусылуға айналып барады. Енді қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсінген анам денсаулығына да, басқаға да қарамай, сауда істеуге базарға шығып кетті. Содан анам 10 жыл сауда істеді. Біреудің ақысын жеген, кісіге қиянат жасаған кезі жоқ. Тек адал еңбегі, жанкештілігі мен табандылығының арқасында бір отбасыны ғана емес, тұтас бір әулетті тоқсаныншы жылдардың қиындықтарынан сүйреп алып шықты. Әліге дейін бала кезді еске алғанда Жетісайдың базарында 50 келілік қаптағы шекерді жүк көлігінің қорабынан иығына қағып салып, кетіп бара жатқан анамның бейнесі көз алдыма келеді...

kazakAi

 

Енді ойлап отырсақ, сол жылдары бала-шағасының қамы, отбасының болашағы үшін кісі төзгісіз бейнетке көніп, қиындық атаулыны мойнына алған әйелдер, аналар ел ішінде көп-ақ екен.
Қазір кейбіреулер сол жылдары оппозиционер атанған, билік үшін болған таластың құрбанына айналған саясаткерлерді немесе көшеде жүріп, қылмыс әлемінің серкесі атанған бандиттерді тоқсаныншы жылдардың батыры етіп көрсеткісі келеді. Біздің мақсатымыз олардың ел-жұртқа тигізген пайдасы мен зиянын саралау емес. Дегенмен, солардың жүрген жолы мен іс-әрекетін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсек, қазақ қоғамы қатты адасады. Сонда тоқсаныншы жылдардың қаһарманы кім еді десеңіз, ол – менің анам, менің анам сияқты мейірбан, адал әрі жанкешті миллиондаған қазақ әйелдері. Олар өз отбасының қамы үшін еңбек етіп, бар қиындыққа сабыр етті. Бірақ, олар сол арқылы өз отбасын ғана емес, бүкіл елді біржола азып-тозудан аман сақтап, тоқыраудан алып шықты.
Бұл әңгіменің бәрін не үшін айтып отырмыз? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың наурыз айында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деді.
Адал еңбек ету, адал жолмен табысқа жету деген мәселеде кімді үлгі тұтамыз десек, қазақтың қайраткер, қаһарман әйелдерінен, яғни, аналарымыздан үлгі алсақ болады екен.
Адалдық пен әділдік жайлы әңгіме қозғаған сәтте Абай Құнанбайұлының жетінші қара сөзі ойға оралады. Жан құмары мен тән құмары жайлы сөз қозғаған данышпан «Дүниенiң көрiнген һәм көрiнбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп бiлмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны бiлмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп түйедi. Мұндағы хәкiмнiң көрiнген сыр дегенi материалдық игiлiктер де, көрiнбеген сыры – рухани құндылықтар. Яғни, Абай ұғымында өмiрден жан азығын алмаған, рухи құндылықтармен iсi болмаған кiсiнiң хайуаннан айырмашылығы жоқ.
Ендi Абайдың сол байламын басшылыққа ала отырып бүгiнгi өмiрiмiзге зер салайықшы. Не көремiз, ненi байқаймыз? Қазір еліміздің экономикасы бiршама дамып, халықтың тұрмысы да түзеле бастады. Қазақ елi бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн болса да әйтеуiр тыныштық пен молшылықта күн кешуде. Бiрақ, замандастарымыздың көбi күнкөрiс қамының, тән құмарының соңына түсiп кетiп, рухани құндылықтарды ұмыт қалдыра бастағандай көрінеді.
Мәселен, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «қоғамға қауіпті жаңа бес кесел», атап айтқанда, нашақорлық пен есірткі саудасы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг, вандализм және ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керектігін айтқан болатын. Енді ойлап отырсақ, азаматтарымыз жан азығын алмаған соң қоғамымызды осындай iндеттер меңдеп барады екен. Оның сыртында жалақорлық, жемқорлық, жағымпаздық, жеңiлтектiк, көзбояушылық, тасбауырлық секілді қасиетсiздiктер де ішiмiзден iрiтiп, адамдықтан алыстап бара жатқандаймыз.
Осының бәрiнiң ортасында өмiр сүре жүрiп мұндай iстерге немқұрайлы қарайтынымыз қай-қайсымыздың да рухани дiмкәс екенiмiздi көрсетедi. Сырқаттан айығу үшiн рухани сiлкiнiс керек. Мұны парықтап, санада салмақтаған кезде Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасының мәнін ұғына қоясыз.
Көп адам бұл тұжырымдаманы мемлекеттiң өзi қабылдап, өзi жүзеге асыратын қатардағы көп бағдарламаның бiрi деп ойлайтын секiлдi. Бірақ, өзiн-өзi түзетіп, шынайы әрі адал болуға ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк түзете алмайды. Сөздiң түйiнi, әркiм өзiн өзі адалдыққа тәрбиелеуі керек. Ал, ол үшін адамға әдiлдiк пен iшкi жан тазалығы қажет.
Айналаңызға зер салып қараңызшы, қайда барсаңыз өз iсiн бiлмейтiн мамандар, уәдеде тұрмайтын адамдар, сапасыз iстелген жұмыс пен жөнделiп болмай жатып қайта ойылған жолдар, жарылған құбырлар, шашылған қоқыс... Сабақтан қашқан оқушылар, емтиханды ақшамен жапқан студенттер, жол ережесiн бұзып, ұсталмай кеткенiне мәз болып, дарақылықпен мақтанған көлiк жүргiзушiлерi, парақор полицей мен жемқор басшы...
«Арым–жанымның садағасы» дейтiн мәрт қазақтың елiнде мұның бәрi неге қалыпты жағдайға айналып кеттi? Өйткенi, бойымызда әлгi айтқан адалдық деген iзгi қасиет кемiдi.
Бәрiмiз елде жемқорлық жайлап кеткенi үшiн билiктi кiнәлаймыз. Атқа мiнердің бәрi сүттен ақ, судан таза деуден аулақпыз. Бiрақ, өзiмiз қандай болсақ, бiздiң елдiң билiгi де сондай болып қала беретiнiн ұғынуымыз керек. Ойланып көрiңiзшi, жол салуға бөлiнген бюджеттiк 1 миллиард теңгенің 200 миллионын жымқырған әкiм мен таңсәрiде сауған 10 литр сүтiне 2 литр су қосып сатқан келiншектiң не айырмашылығы бар?! Екеуi де адалдықтан аттады емес пе? Әлде бiрiнiң адамдықтың алдындағы күнәсi жеңiлдеу ме? Қиянаттың үлкен-кiшiсi бола ма?.. Тек әкiмнiң жемқорлығы көзге ұрып тұрады да, сүтке су қосып сатқан келiншектiң ұрлығы байқала бермейдi. Дегенмен, қазақ «Сыбырлағанды Құдай естiмей ме» деп бекер тұспалдамаған шығар...
Хәкiм Абай «Баламды медресеге бiл деп бердiм, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедiм» дейдi. Қазiргi жемқор басшыларды әкелерi университетке не деп бердi екен? Шамасы көпшiлiгiн «дәу шенеунік болып, тендер деген ағыл-тегiл байлықтан қарпып қал» деген ниетпен берген сияқты. Әлгі сүтке су қосып сатып жүрген келіншектің де жеткіншек ұлы күні ертең ғайыптан тайып биліктің бір тетігін қолына ұстаған басшы бола қалса, оның да жемқорлықтан таза адам болуы екіталай. Өйткені, қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Бала-шағаңызға адал еңбекпен тауып беріп жатқан наныңыздың арасына бір түйір арам ас араластырып алсаңыз, ол перзентіңіздің мінезі мен тағдырына әсер етпей қоймайды. Енді ойланып көріңізші, бiз балаларымызға қандай өнеге көрсетiп жүрмiз? Оларды бiлiм алуға шақыра отырып, сол бiлiмдi жемқорлықтың емес, iзгiлiктiң жолына пайдалану керектiгiн ұғындыра алып жүрмiз бе?
Осы ғасырдың ортасына қарай елiмiзде жемқорлықтан ада, әдiлеттi, халықтың қамын ойлайтын билiк орнасын десек, алдымен өзiмiз адал болуға ұмтылайық. Әкеміз бен анамыздан үлгі алып, істеп жүрген iсiмiзге, жалақы алатын мекемемiзге, отбасымызға адал болайық. Кiшкентай болсын ұрлықтан, қиянаттан аулақ тұрайық. Сол арқылы ел мен жердiң, арымыздың алдында адал бола аламыз. «Адал азамат» дегеніміз, міне, осы! Бұл iстi өзiңiз қолға алмасаңыз, Сiздiң iшкi жан-дүниеңiздi сырттан келiп ешқандай күш өзгерте алмайды.